Аңшыбай (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 2 мин оқу
Аңшыбай үш жасында шешесінен жетім қалды. Төрт жасына келгенде әкесі өлді. Төрт жасына келгенде, ауылдағы балалар ауылға келтірмей қуып жіберетін еді далаға. Сонда Аңшыбай жыңғылдан жақ, шиден оқ алды да, «Балалық құрысын»,—деп, Аңшыбай төрт жасында далаға жоғалды. Қаңғырып бір тоғайға тап болды. Тоғайдың ішінде бір алақандай көл бар еді. Соның ішінде шіл, үйректі атып жата береді. Атқаны шіл, үйрек деген уақ құс болды. Соны отқа көміп, тамақ қылып жеп еді. Сонда алты жылдай жатады. Жасы онға толғанда, недәуір жігіт болады.
Бір күндері болғанда, сол көлге бір аққу келіп қонады. Аңшыбай жағын алып, ататын оғын алып, атайын деп еді, қу сілкініп, қыз болды. Қыз болғанда қызық болды. Жаратқан басқа қыздан озық болды.
—Адам баласы, атпа мені,—деді.—Сені көргесін, сұрайын деп келіп тұрмын. Не қылып жатқан адамсың сен?—деді.— Адаммын ғой, болсам да, мен,—деді.
Аңшыбай сондай сөйледі:
—Мен—адам баласымын. Үш жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Төрт жасымда әкем өліп, меңдедім. Басыма менің күн туды. Ит қосып, балалар ауылға келтірмей, бұл қуды. Алты жыл болды осында жатқаныма, мына бір жаман үйрек болды атқаным. Үстімде киім жоқ, осы үйректен басқа тамаққа жейтін бұйым жоқ. Жақын жерде қара жоқ. Қара табатын менде шама жоқ. Мен—сонда жапанда жатқан баламын. Аға-іні менде жоқ. Мені есіркейтін пенде жоқ. Менен несін сұрайсың сен,—деді.— Сөйтіп жатқан бір ғаріппін—мен,—деді.
Ол аққу еді,
Үзіліп кетті қарасы.
Үлкен құстың
Тұрсын ба көріп қарасын?
Сонда тағы бір аққу келіп қонды, қарасы ана құстың үзіліп кеткенде. Аңшыбай тағы атайын деп кезеп еді, ол қу сілкініп еді, ол да бір қыз бола қалды.
Сонда мына аққу тұрып айтты:
—Сен не қылған адамсың? Неше жылдан бері жатырсың. Көрмейсің адам қарасын.
Сонда Аңшыбай сөйлей бастады:
—Үш жасымда жетім қалдым шешемнен мен,—деді.—Төрт жасымда әкем өліп, сорлы болған жан,—деді.—Менде аға-іні жоқ,—деді.—Әр үйге қаңғырып барсам, маған ешкім тамақ бермейді. Тысқары шықсам, балалар қасыма ит қосып қуады. Басыма сондай күн туды. Сосын бармадым қайтып қалаға, жуымадым балаға. Сосын келіп жатырмын осы тоғай ішінде. Жатқаным—алақандай су,—деді.—Тапқаным—мынау жаман үйрек болды,—деді.
Сонда соңғы келген қу сұрады:
—Манағы келген мұсылман пері патшасының қызы не деді?—деп.
—Ол: «Қандай адамсың?»—деді де, кетті. Басқа еш нәрсе айтқан жоқ,—деді.
Сонда мына қу тұрып айтты:
—Ол—мұсылман пері патшасының жалғыз қызы,—деп.— Кәпір патшасының қызы—мен,—деді.—Неше жылдан бері сенің жатқаныңды көріп жүр едік біз. Сенің ерлігіңе арзу болып, саған тием,—деді.—Егер ол тисе, мен де тиермін,—деді.
Сонда Аңшыбай сөйледі:
—Сататын менде тиын жоқ,
Киетұғын киім жоқ.
Кіретұғын үйім жоқ,
Сендердей жақсы адамды
Алатын менің түрім жоқ.
Мазақ қылма сіз,—деді,
Сізді алатын кісі емеспіз біз,—деді.
Сосын қыз ұшып жүре берді. Ертеңіне сәскеде келіп тағы аққу қона қалды. Аңшыбай кешегісін ұмытып кетіп, атайын деп, жағын алады. Ол сонда сілкініп, қыз болып, сөйлей бастайды: