Ер Тарғын (13-бөлім)
Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 3 мин оқу
—Хан менен төрем келіпсің,
Би мен мырза отырсың.
Бізге ақыл салсаңыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Тарғындайын батырға
Жиылып барып бәріңіз,
Қараң түгіл ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Батырды еске алыңыз,
Етегіне басың салыңыз!
Егер кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз!
Буырқанып, бұрсанса,
Мұздай темір құрсанса,
Жыртпай кетпес жағаңды,
Жаңылтар келсе тобаңды.
Шулатпай кетпес балаңды,
Қан етпей кетпес қалаңды.
Бір түбектей бір қылар
Жалпы жатқан далаңды.
Қырым деген ағаңды,
Ағаның ісі жаман-ды.
Сонда хан қызын бермек болып, Сыпыра жырауға айтады:— Біздің шәһарымыздың ханының да, халқының да өтірігі шықты. Біздің ішімізде тілімізге нанатұғын бір кісіміз қалмады. Оны нағылып тоқтатамыз. Осы өз қоластыма қараған кісімнен сол Тарғын тіліне нанатын бір кісі тауып бер,—деді. Сонда Сыпыра жырау айтады:
—Батырдың жіберіңіз артынан
Қызметін қылған бүлініп,
Қара ноғай халқынан—
Қасына ерген баяғы
Қарасайұлы Көбенді,
Алшағырұлы Тегенді,
Өмірұлы Себенді.
Әруақты туған ерлердің
Аллаға берген уәдесі бар болар.
Қызмет жасаған қосшының
Тарлық жері тап келсе,
Тілегін бермей кетпен деген-ді.
Бұл үш кісі Тарғынның
Соңынан қуып кетті енді,
Батырға жуық жетті енді.
Етегіне басын салды енді,
Ашуын тілеп алды енді.
Елге қарай жүрді енді,
Ел ішіне кірді енді.
Ханы, халқы жиылып,
Хан ордаға кірісіп,
Бірін-бірі көрді енді.
Бұл Тарғын ханның үйіне келген соң, ханы, халқы жиылып хан өзінің ұятынан һешбір сөз бастап айта алмады. Һәм Тарғын да һешбір сөз бастамады. Сонда Сыпыра жырау сөйледі, Тарғын батырға қарап тұрып:
—Ай, батырым, батырым!
Тауда Тарлан ақырса,
Тас інінен бөріні
Ару сұңқар шақырса,
Көгілдірін ертіп,
Көлден қулар ұшар ма?
Әділ туған хандары
Қара берен батырға
Беремін деп бермеді,
Өтірік сөзден өлмеді.
Бұл сықылды хандары
Бұл сықылды батырды
Жалған сөзбен қысар ма?!
Хан мен қара келген соң,
Сіз сықылды батырға
Ашуын бермей кетсе ұсар ма?!
Ай, батырым, батырым,
Сөз айтады алдыңда
Сыпыра жырау пақырың!
Ханы, халқың жиылып
Айтып отыр біздерге.
Құлақ салып тыңдасаң,
Біз айталық сіздерге.
Әруақты туған ер болсаң,
Нағыласың бұл қызды?!
Жас баладай жайдақтап,
Жас тайлақтай ойнақтап,
Шыға берме түздерге!
Мына отырған ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Сый қылады, алыңыз!
Қара лашын береді,
Көлден көлге салсайшы!
Қара арғымақ береді,
Елден елге мінсейші!
Ақ падиша жіберген
Балдағы алтын ақ берен
Мұны сізге береді,
Аш беліңе ілсейші!
Бадана көзді кіреуке
Мұны сізге береді,
Баса келіп кисейші!
Нағыласың бір қызды?
Бес жүз атан береді,
Шағаннан көшсең суытып.
Бес жүз бие береді,
Желпілеп мұны байлашы!
Нағыласың бір қызды?!
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан боп,
Сүйген жерің жайлашы!
Неше батыр болсаң да,
Алмаймысың бұл сыйды?
Миың болса басыңда,
Айтып тұрмын қасыңда,
Осы жерін бір ойлашы!
Бұл батыр енді райынан қайтып, ханның, халықтың берген сыйын алды. Қара ноғайдың ханы, халқыменен татуласып табысты да, Жанарыстан үш Тарғын деген тауға барып жайлады, һәм қыстады. Һәм су жерді мысыр етті. Сол елге Тарғынның өзі хан болды және батыр болды. Сүйтіп жүргенде Тарғынның өзі қартайды, ажал келіп дүниеден көшті. Бұ Ақжүністен бір Ардаби деген ұл туды, бұ да бек ер болды, бек асыл би болды, бұ Ардадан екі бала туды. Үлкені Әжікерей мырза. Әжікерей мырза жиырма жасында дүниеден өтті. Енді жеті жасар кенже баласы Айқожа қалды. Бұ Айқожа бес қалаға хан болды, сүйтіп жұрт иесі болып, хан болып, таққа мініп, бес қаланы билеп, мұратына жетті.