Тарғын батыр жыры (3-бөлім)
Ер Тарғын · Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қырық күндей жиналған жан ойнап күлді,
Батырлар қамал бұзған алар жолды.
Тойына падишаның жиналған жан
Ғұмардан рұқсат сұрап күрес қылды.
Шорманға қалай айтса жарасады,
Халайық тамаша ғып қарасады.
—Бәйгіні осы жолғы мен алам,—деп,
Осыған батыр Кәрім таласады.
Күші бар батыр Кәрім асқан мықты,
Күш кернеп жылдан-жылға құтырыпты.
Қосылған екі жақтан екі балуан
Екеуі күресуге енді шықты.
Білмейді күрес жайын бұрын Тарғын,
«Тәуекел, Тәңірім!» деп күресіпті.
Екеуі сілкілесті кезек-кезек,
Ауызбен айтып болмас, тілмен безеп.
Батырлар күрескен соң аянсын ба,
Жығуға бірін-бірі алды тежеп.
Кәрімнің жығыларын Тарғын білді,
Алаңдап жан-жағына мойнын бұрды.
«Халық көріп қайратымды сынасын» деп,
Көтеріп ер Кәрімді біраз жүрді.
Аздан соң бір-ақ ырғытып Кәрім ерді,
«Мінеки, палуаның!» деп жерге ұрды.
Тарғынның қайратына жұрт таң қалды,
Тігіпті бәйгеге хан сансыз малды.
Алғашқы палуанды жығып салып,
Елу жылқы, жүз қойды санап алды.
Құдай берген баланың арқасында,
Әкесі бір-ақ жолда байып қалды.
«Сауатын жалғыз бие Тарғын ғой» деп,
Дұшпаны көре алмаған көп сандалды.
Той болды берекелі қатты қызық,
Қайраты Тарғын ердің болды үздік.
Кәрімнің жығылғанын көргеннен соң,
Ұмтылды шыдай алмай батыр Сыздық.
Күреске Тарғын жақтан Қарбай барды,
О дағы Тәңірім оңдап жығып салды.
Істері Алла оңғарып тұрған шақта,
Мың ділда, бір жамбы бұл дағы алды.
Екі кісі күресті, бұлар жеңді,
—Палуанды шығар,—дейді,—өзім теңді.
Отыз бесте жасы бар жан батпаған,
Ер Шорман алып келді Нәсерменді.
Тарғынның жолдастары бәрі текті,
Шорман жақ бәйгі ала алмай болды кекті.
Жиырма бірде жасы бар, жан батпаған
Тарғын да алып барды Абланбекті.
Тарғынның жолдасының бәрі мықты,
Шорман жақтың палуанын жерге тықты.
Қолын бұрап жамбастап жата тастап,
Мың ділда, бір шапанды бұ да ап шықты.
Падиша той қылыпты қырық күні,
Таусылмас қанша берсе мұның пұлы.
—Мынаны, батыр болсаң, жығып ал,—деп,
Әпкелді топқа салар Қожамқұлды.
Шорман жақ ыза боп тұр бәйге ала алмай,
Жиналған палуандардың бірі қалмай.
Әбілқасым дейтұғын біреу барды,
Екеуі иірілісті жығыса алмай.
Сонда Тарғын:—Падиша көрсін,—дейді,
Мен жықсам палуан деп білсін,—дейді.
Қожамқұл мықты болса, маған шықсын,
Бәйгенің атын атап берсін,—дейді.
Ал жамағат жиылып,
Дария судай құйылып,
Үш мың ділда, бір жамбы
Патшадан келді бұйырылып.
Тарғын тұра ұмтылды,
«Берейін,—деп,—жүн қылып».
Екеуін жыққан бір жерде
Қорқатын емес тығылып.
Бәйгені Тарғын тағы алды,
Қожамқұл палуан жығылып.
Астында падишаның алтын тағы,
Ашылды Тәңірім оңдап Тарғын бағы.
Болса да бұрын кедей батыр Тарғын,
Жайылды алты алашқа әруағы.
Тарғынды палуан деп жұрт айтады,
«Мынау да күшті екен» деп көп байқады.
Бәйгені осы жолғы Тарғын алды,
Жамағат, қырық күннен соң той тарқады.
Бұл жолы Тарғын тапты бірталай мал,
Атақты, ер жігіттер, сұлу қыз ал.
Болыпты сұлу қызы Һәман байдың
Айтайын әңгімесін Ғайнижамал.
Шорманға үндемейді жан таласып,
Жүреді қайратымен жанды басып.
Бұрыннан ойына алып жүреді екен,
Жамалға батыр Шорман болып ғашық.
Ер Шорман бір хат жазып жіберіпті,
Бір елші ғаяр кемпір ап келіпті.
Жазыпты өктемдікпен батыр Шорман,
Қағазын алмай Жамал қайырыпты.