Ер Тарғын (12-бөлім)
Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 3 мин оқу
Жауға таман ол барды,
Қалмақтың көбі шалбарлы.
Шалбарлыны сермеді,
Іліндірді сағақтан,
Бауыздады тамақтан.
Қарсы алдынан қараса,
Адам шыдар ер емес,
Қар жаудырды қабақтан.
Бір уақыт болғанда,
Қынабынан суырды
Қиялай тартып қылышты,
Жалғыз жаумен ұрысты.
Жау қарасын көрген соң,
Ұмытылмай кетер ер ме еді?
Ет арқасы құрысты.
Ердің жаудан қашуы
Шариғатта дұрыс па?
Алты күн айғай салғанда,
Жетінші күн болғанда,
Тарлан сонда дүзеді,
Жылмия басып жүрісті.
Сегізінші күн болды,
Көп қалмақтың басына
Атайтұғын түн болды,
Ер жігітке сын болды.
Қорамсақтан суырды
Қуалай тартып садақты-ай.
Келген қалмақ көп еді,
Көп те болса қалмақтан
Алты күн айғай салғанда,
Азғантай қалды қадақтай.
Тоғызыншы күн болды,
Мойынынан алады
Атайын деп мылтықты-ай.
Неше батыр болса да,
Түтінін қосты түтінге.
Ынтықты-ай батыр, ынтықты-ай,
Санын садақ үзген көп қалмақ
Сынған санын сүйретіп,
Тарғынның күшін көрген соң,
Қашты сайға сылтықтай,
Тап он бір күн болғанда.
Ердің жүрген намыспен,
Күні-түні шабыспен,
Қиқу салған дабыспен
Ұмытыла шапқан Тарланның
Мойнынан жал кетті,
Аяғынан әл кетті.
Неше жүйрік болса да,
Бір тынымы болмады,
Болдыратұғын күн бітті.
Мойнын барлай қараса,
Өкпе-бауыр жалы бар.
Аяғын барлай қараса,
Болар-болмас әлі бар.
Он екі күн болғанда,
Болдырған соң Тарланға,
Қаһары келді бақырдың,
Басты келіп тепкені.
Сонда Тарлан ұмтылса,
Әлі де болса бедеудің
Үй жыққандай екпіні.
Жауды қоймас білемін,
Бұл батырың сықылды.
Нағылып қойсын бұ жауды,
Ежелден жауға әйгілі
Тарғын ердің ерлігі.
Бұл уақыт болғанда,
Қарайды да күн батты,
Сарғайды да таң атты,
Қызара келіп күн шықты.
Күн шыққанда қараса,
Болған екен тамаша.
Қырылып жауы батырдың,
Өзі қайтты оңаша.
Астына мінген Тарланның
Тұрпатына қараса,
От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалыпты.
Етектейін ернінің
Екі елісі қалыпты.
Қиған қамыс құлақтан
Бір тұтамы қалыпты.
Жалбыраған жалынан,
Жалғыз қарыс қалыпты.
Бір құшақтай құйрықтан
Бір уыстай қалыпты.
Тұла бойын қараса,
Он жеті жерден жаралы,
Сонда да Тәңірім алмайды,
Ол жараға болмайды,
Әлі де ойын салады,
Қос тізгінін созады.
Артынан қиқу таянса,
Ит арқасы қозады.
Қос тепкіні салған соң,
Қамшыны басып алған соң,
Шаршады Тарлан десек те,
Жер басқаннан озады.
Отырысы нән болып,
Тұла бойы қан болып,
Жүрген жері шаң болып,
Көргендерге таң болып,
Төскейден тұман желеді,
Көңілін жауға бөледі.
Ханзада сынды ханына,
Қара ноғай еліне
Аман-есен келеді,
Бірін-бірі көреді.
Ханы, биі, мырзасы
Иіліп сәлем береді.
Бұл Тарғын жаудың қырғанын қырып, қашырғанын қашырып, аман-есен келіп, Ханзада ханға көріскен соң, мұның қуанышына ат шаптырып той қылып, арап-шарап ішіп, тойдың қызығымен таңның атқанын, күннің батқанын, халық білмеді. Олай да болса хан қызын беремін деген уәдесіне тұрып, қызын бермеді. Хан айтты:—Жеті атаңнан бергіңді сұрап келіп отырсам, қожа менен төреге һешбір шатасқан жерің жоқ екен. Соның үшін саған қызымды беруге аталарымның әруағынан қорқамын,—деді. Енді бұл он сан Орманбеттің ішін қыдыр да, һәр қандай сұлу қыз тапсаң да алып берейін,—дейді. Сонда Тарғын айтты:—Биылғы Бұлғыр таудың ішіне жалғыз тастап кеткеніңнің күнәсін кешіп едім, енді бұл қызды беремін деп жауыңды қырдырып алып тұрып, қызыңды бермегендігіңді кешпеспін,—деп, Ақжүністі алды да, Қырымға қарай жүре берді. Сонан соң хан елі бек қатты қорықты. «Бұл кетіп, қайтып келген соң, бізді жаман қылар» деп малын баға алмады, отын жаға алмады, ас іше алмады. Ханы, халқы жақын болды, сонда жұрты әбігер тартты. Ол уақытта жүзден асып жатқан бір Сыпыра жырау деген бар еді. Ол Сыпыра жырау өз өмірінде қолынан тоғыз ханды өткізіп, толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі еді. Жұрт сасқан соң, ханы, халқы жиылып, Сыпыра жырауға жиылып барды да, Сыпыра жыраудан сұрады:—Біз Тарғын батырды екі алдадық, әуелі «Бұлғыр тауға жалғыз тастап кетіп, қайтып келеміз» деп, келмей кеттік, екінші «қызымды беремін» деп жауымызды қырдырып алып, бермей қалдық, сонан соң ол ашуланып, «Қырымдағы қырық құрдасымды алып келіп, жұртыңды қырамын» деп кетті. Ол өзі Қырымнан қыз алып қашты, ханына қылмысты болып жүрген кісі еді, ол жұртына барып мұнда қайтып келер ме, иә болмаса, ол бізге өтірік айтып, алдап бізді қорқытып кетті ме? Соны болжап бізге айтшы, көпті көрген көне едің, һәр не десең сіздің ақылыңызбен боламыз,—деді. Сонда Сыпыра жырау айтты: