Ер Тарғын (5-бөлім)
Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 4 мин оқу
Сонда Қожақ ойлады: «Бұ ғой менің бес жасымнан елу бес жасыма келгенше, менің не қылғанымның бәрін де тапты. Енді тап менің өзімнің қасымда жүргендей асылзада патшаның баласы тағы енді менің бұ елу бес жасыма шейін не қылғанымды тапқанда, алпыс жасымдағымды таппай ма? Мұны мен алсам, обалына қалады екенмін»,—деді. «Енді бұ асылзаданың баласының тапқан сөзін таппады демейін, мұны өзінің сүйгеніне қосайын!»,—деді де, Тарғын батырға қосты да қоя берді.— Барыңыз, менен озған дәурен екеуіңізге құтты болсын!—деп.
Тарғын ол қызды алып, сол кеткеннен кетіп, Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына барды. Он сан ноғайдың он ханы бар еді, сол он ханның ішінде бір Ханзада деген ханы бар еді. Сол ханның қол астына барып бір бидің үйіне қонып еді. Би мұнан сұрады:—Сіздің асылыңыз кімнен?—деді. Тарғын айтты:— Біздің асылымыз қазақтан,—деді. Әмә, бұ уақытта асылым қазақтан болса да, Қырым жұртына жақынбыз,—деп.—Олай болса сіздің атыңыз кім?—деді. Сонда Тарғын айтты:—Менім атым—Тарғын,—деді. Ол би айтты:—Қасыңдағы жолдасың кім?—деді. Тарғын айтты:—Жолдасым—Ақшаханның қызы Ақжүніс сұлу,—деді. Бек айтты:—Ақшахан патшаның қызы Ақжүніс сұлу бұ болса, сахараға шығып, жұрт асып жүргені не себептен?—деді. Сонда Тарғын айтты:—Мен алып қашып жүрмін,—деді. Онда бек айтты:—Ақжүністей сұлуды алып қашып жүретұғын сен қай Тарғынсың?—деді. Онда Тарғын айтты:—Олалай ханның Торғауыт деген жұртын харап еткенмін,—деді. Енді бек бұларды бегрек те сыйлады. Сыйлаған себебі, мұның ерлігін есіткені бар еді, соның үшін сыйлады. Онан соң бұл бек Ханзада ханға барып мағлұм қылды. Хан есіткеннен соң, Тарғын менен Ақжүністі шақыртып алып, бір алтын сарайдың ішіне кіргізді де, хан бекке айтты:—Бұл батыр Ақжүністің қасында он күн, он бес күн отырған соң, жұртын, тағы батырларын, мырзаларын, шораларын сағынар, онан соң бұ дертті болар, іші шерлі болар. Бұл батырға менім қоластымдағы батырларымды, шораларымды, аралатып көрсетіп, үйір қыл! Сүйтіп аралатып болған соң, Ақжүністің қасына алып кел, сонан соң ол мұндағы жақсыларды көріп, таныс болған соң, өз жұртын сағынбас,—деді. Сонан соң бұ бек ханның жарлығы бойынша Тарғын батырды жұртын аралатып, жақсыларын көрсетіп таныс қылып, ханға алып келді де, үйіне кіргізді. Бұ Тарғын батыр жұртты аралап, қайтып келген соң, барша Ханзада ханның батырлары, мырзалары, жақсылары жиылып хандарына келіп, ханменен мәслихаттасып, сөйлесіп, Тарғынның ерлігін, батырлығын ханнан сұрап білді. Сонда барша жиылып отырған мырзалар, билер айтты:—Бұ Тарғын батыр болса, біздер оны бек құрметтеп сыйладық, сіздің жарлығыңыз жерде қалмасын»,—деп. Тағы да ханнан өтінді:—Бұ Тарғын батыр болса, біз мұны Шаған деген судың бойындағы қалмаққа жұмсалық, ол қалмақты Шағанның бойынан ығыстырып, бізге жерін тартып алып берсін,—деді.
Сонда хан Тарғынды шақыртып алып айтты:—Сен өз жұртыңнан қашып Қырым жұртына бардың. Ол Қырым жұртының Олалай, Бұлалай деген жауын алып бердің. Һәм сен біздің қоластымызға келген соң, мынау Еділден шыққан Шаған дейтұғын судың бойындағы қыл жалаулы көп қалмақты ығыстырып, солардың жерін біздерге тартып алып бер,—деді. Сонда Тарғын:—Бәлі, бас тақсыр, жарар,—деді—Алла тілесе, бірақ менің қасыма үш кісі жолдас беріңіз!—деді. Хан айтты:—Кімдерді аларсың?—деді. Тарғын айтты:—Бізге беріңіз Қарасайұлы Көбенді, Алшағырұлы Тегенді, Өмірұлы Себенді. Сол үшеуімен барып қарармыз, бізге айтқан жарлығыңыз жерде қалмас,—деді де, үш кісі жолдасын алып, Тарғын батыр қалмаққа барып жетіп, қалмақты Шағанның басына қарай бостырды. Қалмақтың әруағы қашып, бұларменен босқын тауып, ұрыса алмады. Қалмақты Шағанның басындағы белден асырды, қонысы [н] адыра қалдырды, сонан соң бұ батырдың көңілі бұзылып Шағанның басындағы белдің үстіне бір жалғыз біткен емен бар еді, сол еменнің басына барып шықты, егерде қалмақтың бізбенен ұрысарға ойлары болса, әскер жиғанда соны қарайын деп. Сол еменнің басында бір жалғыз-ақ көлденең біткен бұтағы бар еді, сол бұтағына атша мініп отырса, ол бұтақтың түбі шіріген екен, бұтақ сынып жерге түсті, Һәм Тарғын да бірге түсті. Тарғынның сонда бел омыртқасы буынынан шығып кетті. Сонда қасындағы үш жолдасы өздерінің найзаларын төрт бұрышты қылып қиындастырып, Тарғынның найзасының төртбұрышына екі аяғын, екі қолын байлап алдарына өңгеріп, екі айда Ханзада ханға алып келді. Ханзада бұл батырды неше кіре бақтырып қараса да, һешбір жазыла алмады. Жатқан орнынан қозғала алмады. Ол уақытта бұ Ханзада ханның елі Бұлғыр тау дейтұғын таудың ішін жайлайтұғын еді. Бұл Бұлғыр таудың ішінде алты бұлағы бар еді. Бұ Бұлғыр таудан ханның елі көшті де, баяғы қалмақтың жайлауы Шағанға барып қонды. «Тарғынды Шағанның бойына барып қонған соң, қайтып келіп алармыз» деп, Ақжүніс сұлуды, Тарғынды Тарлан атыменен, атын арқандап жұртқа тастап кетті, алты-жеті күндік азығыменен. Бұ тастап кеткен азығы таусылды. Ханзададан һешбір кісі келмей, Тарғын менен Ақжүністің азығы жоқ, арқандаулы тұрған Тарлан атты бағатұғын кісі жоқ, бұлар аштан өлмекші болып өлім халіне жетті. Сол уақытта Тарғынға қайғы түсті. Мұның Қырым жұртында қырық құрдасы бар еді. Һәм бірнеше мырзалары бар еді. «Олардың қасында болсам, мұндай пәлеге ұшырамас едім,—деп,—менің бір қызға бола, өз жұртымнан айрылып, бұл жұртта жатқаным қате екен»,—деп сөйлеп жылайды, жылайды да толғайды: