Ер Тарғын (2-бөлім)
Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 2 мин оқу
Шашын дәндерменен тараған,
Бектер мінген бедеудей
Бауырынан жараған.
Бет ажарын қарасаң,
Жазғы түскен сағымдай.
Бет ажарын байқасаң,
Терісінен айырған
Жарма бидай ақ ұндай.
Қасы сарыжадай керілген,
Кірпігі оқтай тігілген,
Бұралып белі бүгілген,
Қараған кісі үңілген.
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелдегі бір сөзді—
Ақжүніс атты ару еді.
Бұ мәрттің мұндай батырлығын, ерлігін, қайратын қарауылшы құлдары, қарауылшы күңдері Ақжүніс аруға түсіндіріп айтты. Ол бозжігіттің асылын, қайратын есіткен соң, төзіп тұра алмады, бір құлын шақыртып алып, құлына мың ділдә беріп айтты:—Ділдәні беріп, сенің тіліңді кескенім,— деді,—осында бір қырғыз жұртынан келген Тарғын дейтұғын бір батыр жігіт бар деп есіттім. Сол жігітті һешкімге білдірмей, маған шақырып алып келіп жолықтыр, егерде өзіңнен басқа кісіге білдірсең, сенің неше жеріңнен кесіп өлтіргенімді көр,— деді. Егер де алып келсең, кісі жатпастан бұрын менің мынау ашпалы алтын тереземнің тұсына алып кел!—деді.
Бұл құл Тарғынға барып жолығып, қыздың айтқан сәлемін айтып, алтын терезенің тұсына Тарғынды алып келді де, қызға хабар берді. Қыз терезеден Тарғынды үйіне кіргізіп алып, жөн-жосықтарын сұрасып, ас-су ішкізіп, ойнап-күлісіп алты-жеті сағаттай отырысты. Онан соң Тарғын қайтпақ болғанда, қыз Тарғынға айтты:—Осы жұртымызда сіздей ерлігі болмаса да, қырық сан Қырымның мырзасы бір Жалмамбет дейтұғын жігіт бар еді, мен сол жігітпенен ашына едім, сол жігітті өлтірдім. Өлтіргенімнің мәнісі—«бір бөтен жігіт екен» деп, білмей қате өлтірдім. Соның күйігінен ішер астан, ұйқыдан айрылып жатушы едім. Сол мырзаның қайғысы менен һәркез кетпес еді, бұл уақытта сізді естіп, біліп, шақыртып алып сізбенен сөйлесіп, ойнап-күліп отырдым. Сізден басқа һешбір кісіменен Жалмамбет мырза өлгенінен бері сөйлескенім жоқ. Енді сіз арқылы мырзаның қайғысы менен көтерілсін, менен хабар болған уақытта менің жаныма келіп жүріңіз. Менің сізді шақырған лебізімді һәркез жерге тастамаңыз,—деді.—Бұ айтқан жарлығыңызды қабыл алдық,—деді де, Тарғын батыр қайтып кетті.
Һәр заман Ақжүніс бұ Тарғын батырды уақытыменен шақыртып алып жүрді. Бір замандар болғанда, бұ қызды бір ханның баласына айттыруға жаушы келді. Сонда Ақшахан қызына кісі жіберіп сұратты:—Мына айттыруға жаушы келіп жатыр, менен рұқсат, қызымның өзінің күйеуге барғысы келе ме екен, келмей ме екен?—деп білмек үшін. Сонда қызы айтты:—Әкем маған үш күн фұрсат берсін,—деді. Қыз бұл үш күн ішінде Тарғын батырды шақыртып алды да, Тарғынға айтты:—Мына мені бір хан баласына айттыруға жаушы келіп жатыр екен. Әкем мені ол ханның баласына бермекші болып, менен рұқсат сұрай, маған кісі жіберіпті. Мен ондай хан баласына таңсық емеспін, өзім де хан баласымын, сұлуға таңсық емеспін, өзім де сұлумын. Мен сондай кісіге барамын, кімнің бақыты зор болса,—дейді. Енді мені осындай кісіге қор қылғанша, егерде батыр екенің рас болса, сен мені ал да қаш, мен саған тиемін, сенен басқа һеш кісіге тимеймін, көңілім бек саған ауды. Егер де маған келмесең, мен шыдап тұра алмай, сенің қайғыңнан өлемін,—деді.