Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Тарғын (3-бөлім)

Ер Тарғын · Оспан Қисықұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Мұны есіткен соң, қарт Қожақ есіне түсіп, көп ойлап тұрды: «Бұл ақсүйек ханша менің бес жасымнан бері не қылғанымды тауып айтты, ендігі жасымдағы не қылатынымды да біліп айтар, жас баланы алып, обалына қалмайын»—деп, оны Тарғынға қосып жіберді.—Менен өткен дәурен сендерге құтты болсын!—деді. Тарғын қызбен Еділдегі Ормамбеттің он сан ноғайына келді. О мезгілде ноғайда он хан бар екен. Олардың біреуінің аты Ханзада екен. Тарғын келіп, осы ханның бір биінің үйіне қонды. Бай:—Кімсің?—деп сұрапты. Тарғын шынын айтты. Ақшаханның Ақжүніс сұлу қызын алып қашып келе жатқанын. Олалайдың Торғауыт деген жұртын қырған Тарғын батыр екенін есітіп, оларды зор сыйлай бастады. Біраздан соң би ханына келіп, оларды жария етті. Хан Тарғынның батырлығына қызығып:—Ол өз елін ұмытсын,— деп, оларды қоластындағы барлық мырза-төрелермен таныстырып:—Алтын сарайда Ақжүніс сұлумен тұрсын,—деп биіне бұйрық етті. Жиналған жұрт:—Тарғынды Шаған бойын жайлайтын қалмақ жұртын ығыстырып, бізге жерін тартып әперсін,—деп ханынан өтінді. Тарғын жұрттың өтінішін ханнан есітіп, өз жанына Қарасай баласы Көбенді, Алшағыр баласы Тегенді, Өмір баласы Себенді алып, Шағанның бойын жайлаған қалмақты бөтен жаққа ығыстырды. Су жағасында жалғыз ағаш басына шығып қалмақты қарайды. Ағаш басындағы көлденең шыққан бұтаққа мініп отырғанда, бұтақ сынып, батыр жерге жығылып, омыртқасы шығып зор қиналды. Жанындағы жолдастары Тарғынды найзаларына керіп, алдарына өңгеріп, Ханзадаға алып келді. Ханзада қаншама емдетсе де, Тарғын жазыла алмады. Ханның елі бұрынғы қалмақтың жайлауы Шаған бойына көшіп барып қонды. «Ақжүніс пен Тарғынды атымен соңыра келіп алармыз» деп жұртқа тастап кетті. Онда Тарғын тамағы таусылып, ханнан еш кісі келмеген соң, өз елі есіне түсіп, сарнап жылап, атымен, Ақжүніспен арыздасып көп жыласты. «Жауға барғанда ағаштан жығылып, не жаудан өлді дер»,— деп Тарғын:—Текке өлгенше, біржола өлейін,—деп беліне бұрын кісі қолын тигізбесе де, енді қатынына бастырған екен, сырт етіп орнына түсіпті.

Тарғын атының текке пысқырмайтын сырын білетін еді. Ақжүніске:

—Жан-жағыңа қарашы, бірнәрсе көрінбей ме?—деді. Ақжүніс қарап, алдыңғы жағында емескі бір-екі қара көрінді,—[деді].—Е, Тарлан, текке пысқырма, мен сені енді ешкім үшін терлетпеймін, омыртқам шығып жалғыздығым білінді ғой, енді жөнімді табайын,—деді. Ақжүніс айтты:—Сен құр өз жөніңді тапқанша, жұртына тастап кеткен елге барып, жамандарын қорқытып, жақсыларына ақыл сал,—деген соң, Тарғын Ақжүніспен Ханзада елінің шетіне келіп түсті. Ол мезгілде ол елді баяғы Тарғын ығыстырып жіберген қалмақтар қайта Шаған бойына келіп, Ханзада елін қамап жатыр екен. Қалмақ ханына Ханзаданың сұлу жалғыз қызын айттырып жатыр екен. «Сұлуды бермесең, еліңді шабамын»—деп. Тарғын мен Ақжүністің келгенін естіп, хан барлық жақсыларын жиып, олармен амандасып:—Сіздерге кісі жіберуге мына елімді қамап жатқан жаудан ешбір қол тимеді, айыпқа бұйыра көрмеңіз,—деді. Тарғын айтты:—Бұл қалмақты баяғыдай тағы ығыстыруға менің әзір әлім жоқ, оларды қалайша жеңуді мен сендерге үйретейін,—деді. Сонда Тарғын былайша үйретті:

Ер Тарғын

Барлығы: 23 жыр

Тағы оқыңыз