Ер Тарғын (4-бөлім)
Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 4 мин оқу
Сонда Тарғын сөйлейді,
Толғай мойнын бұрады,
Әңгіме-дүкен құрады.
Бұл жанынан қорқар ер емес,
«Кезегін баба алсын» деп,
Қарт қояндай қасқарып,
Қарсы қарай тұрады,
Шошынып тізгін жимады.
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Жау жағадан алған соң,
Беренге батыр симады.
Бұ сықылды батырды
Қарт Қожақтай еріңіз
Атарына қимады.
Әруақты туған ер дағы
Тарғынды Қожақ сыйлады.
Тарғын бұ Қарт Қожаққа кезек беріп, «атсаң ат» деп, қарсы қарап тұрып еді, Қожақ мұны сыйлап атарға қимайды:—Не үшін десеңіз, мен алпыс беске келген, сақалым қуарған бір қарт шалмын. Қой, жас болса да қасындағы Ақжүністей сұлуды қиып, һәм өзінің жанын қиып, маған қарсы тұрды, бұл бек батыр екен, мұның өзін де атпайын, атын да атпайын, тек мұның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын жалғыз доғал оқпенен атып уатайын, соныменен өзімнің оны аяп атпағанымды білдірейін. Сонан бұл ақылды болса, ойлап білер де, қызды маған тастар да жүре берер,—деп, бір жалғыз доғал оқпенен салып қалғанда, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын шіл пара қылып, уатып кетті. Сонан соң Тарғын «кезегің болды ма?» деп, қылышын суырып Қожаққа дүрсе қоя берді. Қожақ айтты:— Тоқта! Менің кезегім біткен жоқ,—деді,—мен сені аяғаннан өзіңді атпай оғыңды атып едім, өзімнің ерлігімді білдірмек үшін. Егерде ақылы болса, менім аяғанымды білер де, қызды тастар да, жүре берер,—деп. Сен менің аяғанымды білмедің, ендеше барып тұр! Жаңадан өзіңді тура атамын,—деді.
Сонда Тарғын ойлады: «Мұның мұнысы рас екен. Бұл ғой менің өзімді байлап атса, таудай өзіме, таудай атыма тигізбей ме? Аяғаны рас екен, мен мұның қадірін білейін»,—деді де, қызды тастады да жүре берді. Сонан Қожақ қыздың қасына келіп еді, қыз атынан түсіп, киімін басына бүркенді де жылай берді. Сонда Қожақ айтты:—Сен неге жылайсың, сен мені қарт деп жылаймысың, жә болмаса жаман деп жылаймысың? Әкеңнің айтқан уәдесі бар. Кім қызымды қуып жетіп айырса, сол өзі алсын. Егерде өлтірсе де, құны жоқ деген, көп жылай берсең, басыңды қылышпенен кесіп жүре берермін,—деді. Қарт та болсам, мен жек көретұғын қарт емеспін, һешкімнен де кем емеспін. Сен бүйтіп жылай бергенше, тұр, жылама! Басыңдағы бүркенгенің [ді] ал, өзіңді маған көрсет. Басыңды да, қасыңды да, бойыңды да, қабағыңды да, жарасаң аламын, егер де бір жерің жарамаса да алмаймын,—деді. Сонда қыз толғап айтады:
—Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ!
Атыңның басын тарт, Қожақ!
Менің немді сұрайсың?
Бұқар барсаң, қолаң бар,
Қолаңды көр де, шашым көр!
Зергер барсаң, қасында
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де, басым көр.
Молдаға барсаң, қасында
Қиюлы жатқан қалам бар,
Қаламды көр де, қасым көр!
Емран барсаң, пісте бар,
Пістені көр де, мұрным көр!
Һәр шаһарға қарасаң,
Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзгіні көр де, көзім көр.
Самарқан барсаң, сандал бар,
Сандалды көр де, тісім көр!
Ұсталарға барсаң, қасында
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көр де, қолым көр!
Тоғайға барсаң, тоғайда
Домаланған қоян бар,
Қоянды көр де, жоным көр!
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де, етім көр!
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де, бетім көр!
Мен Қырымның ішінде
Ақшаханың қызы едім,
Ата менен анамның
Асыранды қазы едім.
Қойда бағлан қозы едім,
Жылқыда шаңқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Тамам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім,
Менің немді сұрайсың?
Бұл уақыт болғанда,
Бұ заманның шағында,
Жылап тұрған көзім бар,
Жалынып тұрған сөзім бар,
Өксіп тұрған жасым бар,
Әуре болған басым бар.
Алғанымнан айырма,
Мені өзіңе қайырма!
Батыр Қожақпын десең,
Біз сықылды бейшара
Жылап тілек еткен соң,
Тілекті бермес болар ма,
Сіз сықылды асылдар!
Бес жасыңда Қарт Қожақ
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шиден оқ аттың,
Атқан оғың жоғалттың,
Кәне шыққан мүйізің?!
Он жасқа келгенде,
Қызыл-жасыл киініп,
Қынай белің буынып,
Қызбалықты көрініп,
Бала болдың бір кезек,
Қане, шыққан мүйізің?!
Жиырма беске келгенде,
Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүріліп,
Қарт бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Сыртыңнан дұшпан сөз айтса,
Шыныңменен арланып,
Қызды бақтың бір кезек,
Қане, шыққан мүйізің?
Отыз беске келгенде,
Қоңыраулы найза қолға алдың,
Қоңыр салқын төске алдың,
Жауды көрсең, шүйілдің,
Жеңсіз берен киіндің,
Көк серек атты борбайлап,
Қамалды бұздың айғайлап,
Қане, шыққан мүйізің?!
Қырық бес жасқа келгенде,
Қырым деген шәһардың
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың.
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Мың кісіге бір өзің
Сұспай жалғыз барасың,
Қане, шыққан мүйізің?!
Елу беске келгенде,
Топқа бардың бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Билік сұрадың бір кезек,
Қане, шыққан мүйізің?!
Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырдың
Бәрі бірдей суалып,
Алайын деп тұрмысың,
Мені көріп қуанып?!
Өлтірсең де тимеймін,
Теңдік берсең, сүймеймін.
Бұрын батыр болсаң да,
Сенің басың бұ күнде
Жерде жатқан қу тезек!