Ер Тарғын (2-бөлім)
Ер Тарғын · Оспан Қисықұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Мына Тарғын айтыпты, айтқанында не депті:
—Ей, Ақжүніс, Ақжүніс!
Ақжүністей жан достым,
Қыз болсаң да жолдасым,
Өзіңменен бір айлас,
Осы жолда мұңдасым.
Мен артыма көз салсам,
Бір нәрсені көремін.
«Бұлай шапсақ, қашты дер,
Мені көріп састы дер,
Кісі қуып жетсін»,—деп,
Оған қарсы бұрылып қарап тұрды.
Томаға көзді қасқа азбан,
Желдей жалы суылдап,
Құйрығы оның желбіреп,
Қатты шауып келеді.
Алпыс-жетпіс жасы бар,
Тайсалатын жан емес,
Тарғынға қуып жетеді.
Мұны Тарғын көріпті,
Ер екенін біліпті.
«Алпыстан асқан жасы» деп,
Оған сәлем беріпті.
Қарсы алдына көз салса,
Көкірегі даладай.
Әлпетіне қараса,
Тастан салған моладай.
Одан Тарғын сұрайды,
Сұрағанда не дейді:
—Ей, қарт аға-ай, қарт аға-ай,
Қаршығаша ұмтылып,
Бүркіттерше түйіліп,
Мұншама сен асығып,
Қай сапарға барасың?
Қартың оған жауап береді:
—Төбедегі жұлдыздай,
Бөріктегі құндыздай,
Беті сұлу көрікті,
Әйел де болса серкемді-ай,
Зылиқадай сұлуды
Алып қашып келесің.
Жаныма қылыш асамын,
Жасым қарттау болмаса,
Қаза жетіп өлмесем,
Жаныңдағы жолдасты
Тартып ала келемін.
Сонда Тарғын айтады,
Айтқанында не дейді:
—Қызды тартып алғандай,
Сен кім өзің боласың?!
Сонда қу шал құрғыр сөйлепті,
Сөйлегенде не депті:
—Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін
Мен де сендей батырмын.
Аты-жөнімді сұрасаң,
Көп ру Қырым жұртында
Түпкі бабам—Ер Күлік,
Менің әкем—Қоянақ,
Мен—Қоянақ баласы Қарт Қожақ.
Барымтада олжа алған,
Таласты жерде теңдік алған,
Тізесін жауға өткізген,
Торғауыт бұзып жол салған
Қарт Қожақ дейтін батырмын.
Тарғын да жауап береді:
—Жаққан оттай қаулайсың,
Батырлықтан мінсізсің.
Қасқыр да болсаң Жүністі
Қалай тартып аласың?
Онда шалың сөйлейді:
—Құдай маған бұйырса,
Көк семсермен шабармын,
Балдағын қанға боярмын.
Осылайша мен етіп,
Қызды тартып алармын.
Бұрынғы рет менікі,
Соңғы рет сенікі.
Шынымен туған ер болсаң,
Майданға, сен, шық енді!
Тарғын бұл шалға рет берсе де, шал қыршындай жас жігітті атып өлтіруге көзі қимады. Оның қыршын жасын аяп, бір доғал оқпен ғана атып, Тарғынның жанындағы жүз алпыс кез оғын уатты. Тарғын кезегі жеткен соң, Қарт Қожаққа ұмтылды. Қарт Қожақ айтты:—Тоқта, мен сені аяғаннан ғана оғыңды уаттым, менің аяғаныма түсінбесең, қызды өз еркіңмен маған бермесең, тағы қайтадан майданға барып тұр, мен саған ерлігімді көрсетейін,—деді. Тарғын оның аяғанын түсініп, қызды тастап, өз жөніне жүре берді. Ол тастап кеткен соң, қыз еңіреп жылады. Қарт айтады:—Мені кемсінесің бе, не қартсынасың ба? Әкеңнің еткен бұйрығы: «Кім Тарғыннан айырса, соған беремін деген, өлтірсе құнсыз да» деген. Жылап мазамды кетірсең, осы жерде басыңды қылышпен шабармын,—деді. Сен маған қара, маған бір жерің жақпаса, мен сені алмаймын,—деді,
Сонда Ақжүніс айтады,
Айтқанында не дейді:
—Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ.
Қойда бағлан қозы едім,
Жылқыда шаңқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Неше төре жиылса,
Мен олардың сөзі едім,
Менен не жай сұрайсың?
Мөлдіреп тұрған жасым бар,
Тілеп тұрған сөзім бар,
Еңіреген жасым бар,
Шатасып жүрген басым бар.
Қосағымнан айырма,
Мені әкеме қайырма.
Қожақ батыр мен дейсің,
Біз жалынған—бейшара,
Тілекті бермес болар ма,
Сіз сияқты мырзалар?!
Бес жасыңда қарт Қожақ,
Жас шыбықтай иіліп,
Бір шиден оқ аттың,
Атқан оқты жоғалттың,
Кәне шыққан мүйізің?!
Он жасқа келгенде,
Қызыл мақпал киініп,
Күміс белбеу буынып,
Қыз секілді көрініп,
Бала болдың бір мезгіл,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Жиырма бес жасыңда
Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүрініп,
Кәрі бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Біреу қорлап сөз айтса,
Шыныменен арланып,
Қыздарды бақтың бір мезгіл,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Отыз бестегі жасыңда
Қайраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төсті алып,
Жауды көрсең түйіліп,
Жеңсіз берен киініп,
Көксерек атты қамшылап,
Қорғанды бұздың айқайлап,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Қырық бестегі жасыңда
Қырым деген қаланың
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың.
Өз еліңе жау тисе,
Мың кісіге бір өзің
Қорықпай жалғыз барасың,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Елу бестегі жасыңда
Жиылысқа бардың бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Қызық көрдің бір уақыт,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Алпыс бестегі жасыңда
Сақал-мұртың ағарып,
Денеңдегі тамырың
Барлығы да суалып,
Айырамын деймісің,
Сұлуды көріп қуанып?!
Өлтірсең де, саған бармаймын,
Ерік берсең, сүймеймін.
Бұрын батыр мырза болсаң да,
Сенің басың бұл күнде
Жердегі жатқан қу тезек.