Тарғын батыр жыры (2-бөлім)
Ер Тарғын · Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Биесін қысыр қылмас Құдай екен,
Нәсібін бір биеден салған екен.
Қымызын алты ай жаздай қорек қылып,
Құлынын қыс болғанда сояды екен.
Ер Тарғын қынай белін енді буды,
Сол жылы дәл тұлпар боп құлын туды.
Ат қылып мұны Тарғын мінемін деп,
Қымызына бір биенің жұртын жиды.
—Құр бұғып түк таппадым үйде жата,
Тарғын боп білінейін біржолата.
Қымызын жалғыз бие жиды дағы,
Мал сойып үлкендерден алды бата.
Той болды Тарлан құлын келер жылы,
Сол күнде-ақ көп жылқының шын дүлдүлі.
Көрерсіз ат болғанда қандайлығын,
Алты жақсы, жүз жамбы мұның пұлы!
Тұлпары тай өткен соң құнан шықты,
Жылқыға мұндай сүйек бітпес тіпті.
Қаз мойын, қамыс құлақ, белдемелі,
Келте құйрық, қыл түбі жуан түпті.
Дөнен шықты, зор болды арғымақтай,
Ержеткенше Тарғын жүр тыныш таппай.
Бес жасқа келгенінше үйреткен жоқ,
Жүреді айдап көріп жанға ұстатпай.
Келгенше алты жасқа үйретпеген,
Іні жоқ Ер Тарғында соңына ерген.
«Үйретіп жеті жаста мінейін» деп,
Ертіп ап жолдастарын атқа келген.
Ер Тарғын ой ойлайды үйде отырып,
Тарланды үйретсем деп қызық қылып.
Ұстады алты жігіт бұғалықпен,
Әкетті тоқтата алмай бір-ақ жұлып.
Бұлардың қызығына Тарғын күлді,
Атымен өз сүйегі бір келісімді.
Ұстады құрықпенен батыр Тарғын,
Үйретіп, тай есепті өзі мінді.
Зырқырап тау мен тастан өтеді екен,
Берді ғой тілегімді Құдай-екем.
Үстінен қара тастың ырғытқанда,
Суырып топырағын кетеді екен.
Жігіттер, міне, осындай тыңда кепті,
Болса да қара сүйек Тарғын текті.
Тарғын ат тақымына ұнаған соң,
«Тәңірім-ай, абырой бер өзің!»—депті.
Ер Тарғын отырады үйде ой ойлап:
«Тарланды үйретсем,—деп,—жаздай жайлап.
Сол шәһарда Тарланнан озар ат жоқ,
Қояды түн болғанда үйге байлап.
Дүниеден кім өлмейді жетсе қаза,
Тұлпар боп Тарлан аты шыққан таза.
Жасы бар он жетіде батыр Тарғын,
Көңілі атына да болған риза.
Тарғынның сол шәһардан қайраты асты,
Өзі батыр, тұлпары құп жарасты.
Бір жазда атын сынап алды батыр,
Жүйрігін әбден біліп мауқын басты.
Күш кірді, қуат бітіп толған сайын,
Сайманы, қару-құрал бәрі дайын.
Ер Шорман жау қалмаққа бармақ болды,
Тарғынды осы араға тоқтатайын.
Баласы падишаның батыр Шорман,
Сіздерге әңгімесін енді айтайын.
Мінеді Ғұмар патша алтын таққа,
Баласы қолы жеткен әр тарапқа.
Он мың ер батыр Шорман жинап алып,
Егескен жүрмек болды бір қалмаққа.
Батырлар шеру тартып жүріп кетті,
Арада бірнеше күн сайран етті.
Ергені қасындағы ылғи батыр,
Қалмаққа он бес күнде барып жетті.
Қалмақты келіп шапты жетім-жесір,
Ең азы жүз жылқыдан олжа үлесер.
Естуім рас болса, еріп барып,
Ішінде олжа алмаған Тарғын десер.
Ол кезде еш батыр жоқ Шорманға орай,
Берді ғой тілегенін патша Құдай.
Шорманның жан жолдасы батыр Кәрім
Келіпті падишадан сүйінші сұрай.
Падиша мынаны естіп қуанды енді,
«Берді ғой тілегімді Құдай» деді.
Сүйінші сұрап келген батырына
Үш тоғыз жетім бастап оған берді.
Тоқтамай қол да келді күндіз-түні,
Тыңдаңыз осы Шорман сөздің шыны.
Дұшпанын Шорман жеңіп келгеннен соң,
Падиша да той қылды қырық күні.
Той қылды, жұртын жиды, Ғұмар патша,
Тойынды жетім-жесір, кедей, аш та.
Қырық күндей сойған малдың есебі жоқ,
Боп жатыр бай баласы ішпей мас та.
Білмейді тойынған соң кедей-байын,
Қырыпты олжа малдың бірталайын.
Ішкен мас, жеген тоқ боп жата тұрсын,
Сіздерге енді айтамын күрес жайын.