Тарғын батыр жыры (4-бөлім)
Ер Тарғын · Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Ер Шорман ашу келіп шыдамаған,
«Қалайша бұл қыз мені ұнатпаған?
Түн болсын, бар шашыңды күзеп алып,
Қорлықты көрсетейін, қаншық, саған!».
Біреудің қыз да болса сүттен ағы,
Белгілі піскен алма жеткен шағы.
Бұрыннан ойына алып жүруші еді,
Бұл қызға ғашық болып Тарғын дағы.
Ер Тарғын бір хат жазып жіберіпті,
Бір елші ол да кемпір ап келіпті.
Тарғынға қыз да ғашық боп жүр екен,
Қағазын көріп Жамал, «келсін» депті.
Жеріне уағда айтқан Тарғын келді,
Қыз Жамал ер Тарғынды қабыл көрді.
Көрген соң екі ғашық бірін-бірі,
Екеуі аз ғана күн сауық құрды.
Ер Тарғын құшақтайды бұраң белді,
Көреді қыз жанындай Тарғын ерді.
Еш ойда жоқ жатқанда таңға жақын
Қасына қырық кісі ертіп Шорман келді.
Көреді тыста тұрған Тарлан керді,
Тарғынның мұнда екенін бұлар білді.
Тарғынның мұнда екенін білгеннен соң,
Қырқына «тез өлтір» деп бұйрық қылды.
Қырық жігіт сол сөзбен үйге кірді,
Тарғынды қызбен жатқан көзі көрді.
Падиша батыр Шорман далада тұр,
—Қу кедей, мұнда ма ең?—деп бір-бір ұрды.
Қырқына сонда Тарғын қарамайды,
Көңіліне жамандықты баламайды.
Жабылып қырық жігіт қанша ұрса да,
Ер Тарғын ашу қылып санамайды.
Бұралып тал шыбықтай қыз тұрады,
—Жігіттер, бұл қалай?—деп сөз сұрады.
Шорманды тыста тұрған арқа тұтып,
Тағы кеп қырық жігіт қырық ұрады.
Қырқы да өңшең ақымақ, қызға айтады:
—Қалайша ап жаттың,—деп,—бұл кедейді?
Ұрады кісі басы үш-үш қамшы,
Ер Тарғын сонда дағы үндемейді.
Қырық жігіт екі ұрғанда сексен болды,
Үш ұрғанда жүз жиырмаға анық толды.
Үндемей үшке дейін жатып еді,
Батырға төртіншіден ашу келді.
Біреуін біреуіне шоқпар қылды,
Қырықтың әлек болып бәрі де өлді.
Есіктен батыр Тарғын қарғып шықты,
Алдынан патша Шорман кездесіпті.
Қолында ырғай сапты балтасы бар,
Көтеріп өлтіруге ұмтылыпты.
Қолыңда балтасы бар ырғай сапты,
Өлтірмек боп ер Тарғынды салып қапты.
«Балтасы басқа тисе, өлтірер» деп,
Батыр Тарғын балтасын қолмен қақты.
Балтасы қайта айналып өзін шауып,
Сол жерде патша Шорман қаза тапты.
Көрген жоқ бұрын Тарғын мұндай істі,
Әмірі Құдіреттің қандай күшті.
«Жамалға қош айтысып кетейін» деп,
Атынан ырғып мінген қайта түсті.
Жамал айтты:—Барасың қайсы жаққа?
Тілесең, медет берер жалғыз Хаққа.
Жар болған жарым түнге, ғашық жарым,
Кетсеңші жөніңді айтып мен бейбаққа?!
—Аман бол, ғашық Жамалым,
Қырық бір кісі өлтірдім,
Падишасын бас қылып,
Қандай да болар заманым?!
Алыста аз күн жүрейін,
Ойлап бір оның амалын.
Хабарым осы, ей, Жамал,
Алмалы тауға барайын.
Ғашық жарым, бері кел,
Төсіңе қолым салайын.
Жаны ашыр жақын менде жоқ,
Артыма не деп қарайын?!
Ашудан патша қайтпаса,
Қырармын елдің талайын.
Саған қысым көрсетсе,
Қырғынға сонда салайын,
Жаман-жақсы болса да,
Он бес күнде бір іздеп,
Хабарыңды алайын.
Осылай сүйіседі құшақтасып,
Бірі-бірін қысады мауқын басып.
Қыз айтты:—Жатқан жеріңді ешкімге айтпа,
Жүрмесін қайсыбіреу хабар тасып.
—Патшадан қазам жетсе, мен өлермін,
Болмаса Алмалыға жөнелермін.
Ажалдан менің жаным аман болса,
Айналып он бес күнде бір келермін.
Жамалға сүйгізеді мойнын бұрып,
Жылайды қыз бейшара дымы құрып.
«Бір келіп, он бес күнде табамын»,—деп,
Жамалмен қош айтысып кетті жүріп.
Ер Тарғын сол шапқаннан тауға жетті,
Жамалдай тастап кетті алма бетті.
Жан жүрмес қиын жерді тауып алып,
Бекініп сол арада аз күнелтті.