Тарғын батыр жыры (1-бөлім)
Ер Тарғын · Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Қолыма қалам алдым хат жазғалы,
Бірқатар заман болды қамдалғалы.
Жамағат, құлақ салып тыңдасаңыз,
Мінеки, Ер Тарғыннан сөз қозғалды.
Жамағат, мен сөйлейін талай кептен,
Бір үлкен патша өтіпті асыл тектен.
Ағалар, өздеріңнің естуің бар,
Астархан деген ертеде бір патша өткен.
Келіпті тоқсан беске соның жасы,
Артылған сан патшадан ғазиз басы.
Хисапсыз Тәңір берген дәулетінде
Толтырған неше түрлі асыл тасы.
Сол патша неше түрлі ойлайды ойды,
Қызығы жер жүзінің бәрін жиды.
Бар екен Ғұмар деген жалғыз ұлы,
Орнына өзі түсіп соны қойды.
Ақылы Ғұмардың да жұрттан асқан,
Үй салды неше түрлі асыл тастан.
Халқына ғаділетті патша болып,
Артықша атасынан өрнек шашқан.
Құданың не қылса да құдіретінде,
Жылайды бір өзіне кеп барша пенде.
Патша еді ақылы мол, инабатты
Астархан шәһарында сол бір күнде.
Сол Ғұмар көп патшадан ғаділетті,
Мұлайым айтқан сөзі балдан тәтті.
Бар еді Ғұмардың да жалғыз ұлы
Хисапсыз асқан батыр Шорман атты.
Сол Шорман асып туған жаннан өзі,
Халқына ұнайды екен айтқан сөзі.
Атағы он бесінде жұртқа шығып,
Қамалды жалғыз бұзған талай өзі.
Арғымақ мойны құлаш жаратыпты,
Бір өзін мың кісіге балатыпты.
Келгенде он бес жасқа батыр Шорман,
Қалмақты жетпіс түрлі қаратыпты.
Жанында күміс сауыт, торғын шатыр,
Аямай бармақ етін садақ тартар.
Баласы падишаның батыр Шорман
Атақты заманында болды батыр.
Жанында ер-тұрманы, өткір алмас,
Жасында талаптанған ер құр қалмас.
Айтайын ер Шорманның қайсы сырын,
Ауызбен айтып, сөзбен сөйлеп болмас.
Сөйлейді есті кісі жолыменен,
Көрінер адам көркем тоныменен.
Алдынан ер Шорманның жан шыққан жоқ,
Жамағат, жата тұрсын соныменен.
Бұл Шорман бос жұмыспен жүрмес некен,
Жолдасы мың сегіз жүз қасына ерген.
Ғұмардың қол астында, жамағаттар,
Бір үлкен бай бар екен Һәман деген.
Һәманның дәулеті асқан жаннан өзі,
Айтуға байдың жайын келді кезі.
Жоқ еді ұл перзенті осы байдың,
Бар екен елде сұлу жалғыз қызы.
Көп біткен Һәман байға осынша мал,
Жігіттер, осы сөзді жақсы ұғып ал.
Қырық қызбен бір бақшада жатады екен,
Аты екен сол сұлудың Ғайнижамал.
Жаралған жапан түзде жалғыз шынар,
Міні жоқ тал бойында адам сынар.
Ұқсайды қарап тұрсаң күн мен айға,
Қыз емес айта берсең көңіл тынар.
Һәманның жалғыз қызы болған үлфәт,
Бітпейді адамзатқа мұндай сипат.
«Жалғызым кімді сүйсе беремін» деп,
Әкесі өз аузынан берген рұқсат.
Нәп-нәзік сұлу белі бұраңдаған,
Көрген жан тағат етіп тұра алмаған.
Жамалды хор қызы деп айтар еді,
Егер де біреу көрсе сыр алмаған.
Ес қалмас Жамал десе бозбала да,
Жатады сауық құрып айдалада.
Бұл қыздың әңгімесін кейін айтам,
Бұл дағы тоқтай тұрсын осы арада.
Шорман жүр он бесінде жауға барып,
Қаратты жетпіс түрлі қалмақты алып.
Ғұмардың қол астында, жамағаттар,
Бір адам болған екен аты—Ғаріп.
Ғаріптің жалғыз ұлы батыр Тарғын,
Ішінде бозбаланың болды балғын.
«Мені алар бұл шәһарда адам жоқ» деп,
Бойына теңгермей жүр жанның бәрін.
Сол Ғаріп—адамзаттың әулиесі,
Адамның өтер мынау дүниесі.
Бейшара айыбында кедей екен,
Бар екен мал дегенде бір биесі.
Әкесі жас күнінде мерген екен,
Тарғынды қартайғанда көрген екен.
Жасы бар әкесінің сексен бесте,
Бие де жиырма беске келген екен.