Ер Тарғын (3-бөлім)
Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 4 мин оқу
Онан Тарғын бұ қызды Ақшаханның «қанатты қара» дейтұғын бір жорғасына мінгізді де, алды да қашты. Үш күн кетті, үш күннен соң, хан қызының қарауылшы құлдары Ақшаханның бір қазысына барып хабар берді:—Солай ханның қызы Ақжүніс сұлу сарайында жоқ, қашып кетіпті. Білмейміз, кімменен қашқанын,—дейді. Онан қазы барып Ақшаханға хабар беріп еді. Хан айтты:—Ол жалғыз қашқан жоқ шығар, бір жігітпенен қашқан-ды, жігіттерді түгендеңіз,—деді. Жігіттерді түгендеп қараса, Тарғын батыр жоқ болды. Сонан соң ханға хабар берді. «Солай, Тарғын батыр жоқ»,— деп. Сонда хан айтты:—Мұнда оның ру-туғаны жоқ, өз жұртынан қашып келген жігіт еді. Ол жоқ болса, алып қашып кеткен-ді,—деді. Онан соң өзіне қараған бүтін ел-жұртын жиды да, һүкім айтты:—Мен бұ қызымның ол қазақпен кеткеніне риза емеспін, ол қара кісі еді, қызым кетсе керек еді хан баласыменен, сүйек қорлап қара кісіменен кетті, сол қызымды кім қуып жетіп айырса, сол кісі алсын!
Құй, бай болсын, құй, ол жарлы болсын, құй, жас болсын, құй, қарт болсын, тек кім айырса, сол алсын, егерде қуып жетіп өлтірсе, құны жоқ болсын. Тек Тарғыннан айырыңыз да, өзіңіз алыңыз,—деді. Оның үшін қызыма бек қатты көңілім қалып өкпеледім, соның үшін айтамын,—деді.
Хан солай деген соң, жұрт қуды, бір мырза екі атпенен, бір мырза үш атпенен, тапқан кісі атын жетелей берді, бір атым болдырса да, бір атпенен қуып жетермін деп, әскер былай далаға шыққан соң жиылып кеңесті:—Біз мұны қусақ та, ол бізге бермес, оны ала алмаспыз,—деп, егер де қаһары келсе, біздерге қырғын таптырар,—деді де, жұрт қорқып, қумай үйлеріне қайтты. Сол қуарға шыққан кісілердің ішінде алпыс беске келген бір қарт кісі бар еді, бір-ақ сол қайтпай қалды:—Мен үйден бір қуамын деп шыққан соң, қумай үйге қайтып барғаным да өлім, қуып барып өлгенім де бір өлім, мен қайтпаймын, қуамын, қазам жетсе өлермін, шамам келсе, ол қызды алармын,—деді де, қуып кетті. Бұл қуып жетіп келе жатқанда, кетіп бара жатқан Тарғынның астындағы Тарлан аты пысқырды. Ол ат артынан бір жау келе жатқанда пысқыратын еді. Тарғын аты пысқырған соң, артына қараса, артында бір жалғыз кісі келеді екен.
Сонда Тарғын сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
—Ақжүністей жолдасым,
Қыз да болсаң мұңдасым,
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелде ару сен едің.
Аш арыстан жүректі,
Палуан жолбарыс білекті,
Жігіттің мәрті мен едім.
Құдыреті күшті Құдайым,
Сындырмағай белімді,
Тарылтпағай жерімді.
Не дей заман білмеймін,
Арт жағыма қарасам,
Қайнаған қара ол бұлттай,
Қайнап біткен болаттай,
Тұлғасына қарасам,
Сайдан шыққан құла аттай,
Қабағы тастай түйілген,
Лашын құстай шүйілген,
Жеңсіз берен киінген
Жалғыз қара көрінді.
Енді жүрсем, қашты дер,
Әруағым менің басты дер,
Менен қорқып састы дер.
Ажалым болса бұ жерден,
Жемей қоймас жебір жер,
Кіргізбей қоймас қазған көр.
Толғана мойнын бұрады,
Ақжүніспенен екеуі
Аз әңгіме құрады.
Жалғыз қара келгенше,
Қашатұғын қатын ба,
Қасқайып қарап тұрады.
Ертеңнен шапса, кешке озған,
Ылдидан салса, түске озған,
Томаға көзді қасқа азбан.
Біткен сүйек дулантып,
Саурысын бедеу сылантып,
Дауылдай жалы суылдап,
Құйрығы құйындайын шуылдап,
Теріскейден төмен желеді.
Ақжүніс пен Тарғынды
Көріп көңілін бөледі.
Алпыс бесте жасы бар,
Қорқатұғын ер емес,
Салып жетіп келеді.
Келді, Тарғын көреді,
Бұ да өзіндей ер еді.
Қарсы алдынан қараса,
Алпыстан асқан ағасы,
Ақ сақалды бабасы.
«Жасы үлкен ағам,—деп,
Ақ сақалды бабам»,—деп,
Тарғындайын еріңіз
Әлгі келген қартыңа
Иіліп сәлем береді.
Қарсы алдынан қараса,
Омырауы даладай.
Әлпетіне қараса,
Тамнан соққан моладай.
Ердің берген сәлемін
Жақсы құптап алады.
Енді Тарғын сөйлейді:
—Батыр, сынап жүрмісің,
Тамам таудың арасын?
Аруағыңды байқасам,
Қаптаған қардай борайсың.
Көк бүркіттей түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,
Қай сапарға барасың?
Сонда қартың сөйлейді:
—Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Ажары сұлу көркем-ді,
Қыз да болса серкем-ді,
Ақжүністей аруды
Алып қашып барасың!
Беліме семсер ілемін,
Жазығым қарттау болмаса,
Бір Тәңірден тілеген,
Қазам жетсе өлемін.
Егер қазам жетпесе,
Қасыңдағы Жүністі
Айырып ала кетемін.
Сонда Тарғын сөйлейді:
—Асу-асу бел едің,
Асудан соққан жел едің,
Жолдасымды бергендей
Қай батырдан кем едім?!
Менен қызды алғандай,
Өзің қандай, мен қандай,
Айтшы жөніңді, кім едің?!
Сонда қартың сөйлейді:
—Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін.
Мен де өзіңдей кен-дүрмін.
Менің жөнім сұрасаң,
Қырық сан қырым елінде,
Асыл жауһар белінде
Арғы атам—Ер Күлік,
Өзімнің әкем—Қоянақ,
Мен—Қоянақ ұлы Қарт Қожақ.
Оза шауып олжа алған,
Таласты жерде жүлде алған,
Жасанған, жауға қол салған,
Ортадан ойып жол салған
Қарт Қожақ деген ер едім.
—Өзің үлкен данасың,
Өрттей қаулап жанасың.
Ерлігіңнен мінің жоқ,
Ер де болсаң бұл қызды
Нағылып менен аласың?!
Сонда Қожақ сөйледі:
—Алла тізгін оңдаса,
Көк сүңгіні салармын.
Балдағы алтын ақ берен
Қызыл қанға малармын.
Тәңірі тізгін оңдаса,
Не көрмеген бейбақпын,
Ер де болсаң алармын.
Жер жазығы төмен-ді,
Сені қорқақ демен-ді.
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі,
Қалаған жерден атамын.
Айтпай туған ер болсаң,
Кезегімді бер енді.