Ер Тарғын (9-бөлім)
Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 3 мин оқу
—Хақ Тағала Құдайым,
Ақ тарыдай ақтарып,
Шешіп жаздың белімді!
Белім түсіп орнына,
Тағы іздедім кешегі
Тастап кеткен елімді.
Елдің шеті бола ма,
Емескі екі қара көрінді?
Сен, Тарланым, пысқырма,
Таудан үлкен күш қылма!
Көрінген қара ел болып,
Ең кірістен жау шапса да,
Бір шығарман теріңді!
Кім үшін сені қинайын,
Бел омыртқам мертігіп,
Жалғыздығым білінді!
Ару, саған ұнаса,
Кел, тапсам қайтер екен жөнімді.
Солай деді де, Тарғын аттың басын тартып тұрады. Сонда Ақжүніс айтады:—Бұлай етпеңіз, беліңнің жазылғандығын білдіріп, бұ тастап кеткен ноғайдың ішіне барып хан халқына көрініп, жақсысына ой салып, жамандарын қорқытып, сүйтіп қайтыңыз!—деді. Егерде бармай қайтып кетсеңіз, Қырым халқынан Ақшаханның қоластынан бір Тарғын деген батыр келіп омыртқасы сынған соң, қайтып бұйымға аспай, қарға-құсқа жем болып, Бұлғыр таудың бұлағында өліп қалды дер,—деді. Тарғын айтты:—Ендеше жүр,—деді. Бұл екеуі ел шетіне келіп түсті, елге бармады.
Бұл Тарғын менен Ақжүністің келіп түскенін қойшы, малшы көріп таныды да, елге шауып барып хабар берді. «Тарғын келді»,—деп, ел биге шапты, би ханға шапты.—Тарғын батыр ел шетіне келіп түсіпті,—деп. Бұл уақытта ханның еліне кешегі Шаған бойынан Тарғынның қуып жіберген көп қалмақ келіп қамап жатыр екен, «шабамын» деп. Шабамын десе де, шаба алмай жатыр екен. Шаба алмай жатқаны оның үшін Ханзада ханның бір сұлу қызы бар екен, «сол қызыңды берсең, шаппаймын, егерде қызыңды бермесең, шабамын» деп, сол қызды тірі алайын деп шаппай жатыр екен. Әне, олар олай-бұлай деп өтірікпенен жұбатып жатыр екен. Тарғынның келгенін естіген соң, ханы, халқы, мырзасы, биі—баршасы жиылып барып көрісті, отырысты.—Айыпқа бұйырмаңыз, сізге бара алмадық, оның үстіне жұртымызға жау келіп жатыр еді,—деді. Бұл уақытта өзіміз бек қатты қайғыдамыз. Өзіңіз аман-есен жазылып келдіңіз бе?—деді. Батыр айтты:—Иншалла, шүкір, келдім,—деді. Хан айтты:—Бұ қалмақты әуелгідей қырып, қуып бізді бұ жаудан бостан қыл!—деді. Сонда Тарғын айтты:— Менің аз жерде жауға шабатұғын қуатым жоқ,—деді. Бұ әскер-ләшкердің қашатұғын айласын мен сіздерге үйретейін, өзіңіз барыңыз сол үйреткен менің айламменен,—деді. Үйреткен айламды қылсаңыз, өздеріңізден де қашар,—деді. Онда хан айтты:—Ондай шабуға әліңіз жоқ болса, үйретіңіз!—деді. Сонда Тарғын үйретті. Үйретерде сөйледі:
—Ауан, ауан, ауан су,
Ауандап үлкен балық жүзген су.
Қараша Құбан—қанды су,
Ақ тоған бұдан жанды су,
Үш өзен Самар—даңды су.
Су болғалы екеуі,
Кәпір менен мұсылман
Ерлеріменен даулы су.
Даулы жерде тұрмаймын,
Мен кетемін, кетемін,
Кеткенменен айдалаға кетпеймін,
Айналып Еділді өтемін!
Қадір білмес сен итке
Қарашы болып нетемін?!
Иірімі жоқ суларға
Иірілген шабақ не табар?
Қайрымы жоқ сұлтанға
Ерген нөкер не табар?
Қатын қалса, бай табар,
Қарындас қалса, ер табар.
Талапты туған жігітке
Тәңірім қайғы бермесін!
Алтыннан соққан кеудесі,
Ат басындай шер табар.
Әй, жебір сұлтан, сен білмейсің,
Елден кеткен ер жігіт
Алғидың құба жонында
Тәңірім жөнін берген соң,
Тарланға мінгесіп жүріп, жөн табар!
Мінбей, түспей қарыған,
Арқанда тұрып арыған.
Тарлан жауға мінілмес,
Мінілсе де бұ Тарлан
Бұрынғыдай жүгірмес.
Қалған белім үзіліп,
Балдағы алтын ақ болат
Енді белге ілінбес,
Ерлігім жауға білінбес.
Шығыршығы шираған,
Бадана көзді кіреуке
Шарайна бес қабат.
Жау қарысы жетпеген,
Жез айырдың оғы өтпеген.
Сатуға басын сұраған,
Сан ділдаға бітпеген.
Енді үстіме киілмес,
Батыр жауға шүйілмес.
Неге десең, сұлтаным,
Қатып қалған көнім бар,
Шілде түспей жібімес.
Қатты қалған көңілім бар,
Май құйсаң да ерімес.
Жебір сұлтан, сен білмейсің,
Мен бір аңқау туған бөрімін.
Көп екен деп саған иек сүйемен,
Нәсібімді бір Тәңірден көрермін.
Бұл барғаннан барармын,
Қырымға таман барармын.
Қырымда қалған қырық құрдас
Қырқын қасқа алармын!
Алда маған жол берсе,
Бері қарай сұлтаным,
Сапарланып салармын.
Есен барып, сау келсем,
Домалатып басыңды алармын,
Жұртыңа бүлік салармын!