Ер Тарғын (4-бөлім)
Ер Тарғын · Оспан Қисықұлы нұсқасы · 3 мин оқу
—Бұл барғаннан барармын,
Қырымға мен қайтармын.
Қырымдағы қырық құрдас
Жаныма мен ертермін.
Құдай маған бұйырса,
Қайта саған келермін.
Аман-есен сау келсем,
Басыңды шауып алармын,
Қоластыңа әлек салармын.
Жаудан құтылар айла, өз айыбы үшін жалғыз қызын Ақжүністің үстіне бермек болды. Жұрт айыбы үшін оның қолын алды. Тарғын ашуы кетіп, ханның еліне келіп қонақ боп жатты. Белі де жазылыпты. Бұл елге Тарғынның келіп жатқанын есітпей, хан қызын бермеген соң, баяғы қалмақ аттанып, барабан соғып ханның үстіне келіпті. Жау келгенін есітіп, Тарғын батыр атына мініп, толып жатқан қалмақтың әскеріне қарсы келеді. Ол жақтан Домбауыл деген бір батыр жекпе-жекке Тарғынға қарсы шығып сөйлейді:
—Алайын десем, оңайсың,
Алмайын десем, тоғайсың.
Айтшы маған жөніңді,
Нағып жүрген ноғайсың?!
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Асудан асу бел,—деді,
Аса үрген жел,—деді.
Жөнімді мен айтайын,
Әкең Тарғын мен,—деді,
Іздегенім сен,—деді.
Домбауыл сонда сөйледі:
—Келбетіңе қарасам,
Жасың кіші жас ұлсың,
Кезегімді бер,—депті.
Тарғын сынды батыр кезегін беріп, жауға қасқайып қарап тұрды. Домбауыл жанынан оғын суырып ап, қақ жүрегін көздеп оқ тартқан екен, Тарғынның торғауытының сегіз қабатынан өтіп, тоғызыншы қабатында тоқтады. Мұнан соң Домбауыл Тарғынға кезек берді. Тарғын оқ тартып, Домбауылды атынан сұлатып жықты. Қалмақтар батырының аттан жығылып, өлгенін көрген соң, Тарғынды қамап ұстамақшы болыпты. Тарғын мұнысын көріп, қолына қару-жарағын алып, жауға қасқырша шапты. Он бір күн соғысып, он екінші күнде Тарғын атының арып, қалмақтың қырылып, өзінің далада жалғыз қалғанын көріпті. Жаудың қырылғанын қырып, қашырғанын қашырып, есен-аман Ханзада ханға келіп, ат шаптырып той етіпті. Жұрт көп күн мәжіліс етіпті, сүйтеді де хан айтты:— Ақсүйек қызымды саған беруге аталарымның әруағынан қорқамын,—деді. Он сан Орманбеттен таңдап бір сұлу қызды ал,—депті. Тарғын бұл алдауына шыдамай, Ақжүністі алып, зор ашуланып, өз еліне қайтып кетті. Ханзада онан зор қорқып, малын баға алмады, отын жаға алмады. Жұртының барлық игі жақсыларын, билерін шақырып, еліндегі бір ақылды қарт биге ақылдаспаққа барыпты.
Сонда қартың сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Хан мен төрем келіпсің,
Би мен мырзам отырсың.
Бізге ақыл салсаңыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Тарғын сынды батырға
Барлығың да барыңыз.
Қараң түгіл, ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Батырды еске алыңыз,
Аяғына бас ұрыңыз.
Тоқтамай кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз.
Ашуланса еліңе,
Жыртпай кетпес жағаңды,
Жаңылтар келсе тобаңды.
Шулатпай кетпес балаңды,
Қан етпей кетпес қалаңды.
Жұрт ақылдасып, айтысты:—Біздің ішімізде Тарғын нанарлық енді бір кісі де жоқ, ханшаны береміз дегенге, енді ол батыр нанар ма екен?—десті. Сонда ақылды ақсақал айтты:— Оған ел ішінен таңдап, үш батыр жіберіңіз, олар бір-бірінің сөзіне нанар,—деп, баяғы қасына ерген Қарасайұлы Көбен баласына тағы екі батыр жолдас беріп, Тарғынның артынан қудырып жіберді. Олар батырды қуып жетіп, аяғына бас ұрып жалынды, ашуын кешірді. Сүйтіп, олар Тарғынмен Ханзада еліне қайтып келіпті. Хан Тарғынға ұялып ештеме дей алмапты. Сонда ел ішінен бір би сөйледі:
—Ей, батырым, батырым,
Сөз сөйлейді алдыңда
Сыпыра жырау бақырың.
Ханы, халқы жиылып,
«Айт» деп отыр біздерге.
Назар етіп тыңдасаң,
Біз айтамыз сіздерге.
Атақты туған ер болсаң,
Не қыласың бір қызды,
Мына тұрған ханыңыз,
Бәріміз де жанымыз
Сый етеді, алыңыз.
Қара лашын береді,
Көлден-көлге салсайшы!
Қара тұлпар береді,
Жауыңа қарсы мінсейші!
Балдағы алтын ақ берен
Оны да хан береді.
Бұдан басқа көп қазын
Тағы сізге береді.
Не қыласың бір қызды,
Мың жылқысын береді.
Не қыласың бір қызды,
Бес жүз ауыл береді.
Өз алдыңа сұлтан бол,
Сүйген жерің жайлашы!
Қанша батыр болсаң да,
Тұра алмассың бұл сыйға.
Миың болса басыңда,
Осыған ой салсайшы!
Тарғын ашуынан қайтып, берген сыйларын алып, өз алдына хан болып, мұратына жетіп, қартайып өліпті.