Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Тарғын (8-бөлім)

Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 3 мин оқу

—Арыстанымның барында,
Оқалы байпақ кигенмін,
Оқасын жерге төгілтіп.
Әлде, неден азғырдың,
Асыл туған арыстанды
Әзіз жаннан түңілтіп.
Атасы басқа жат ру
Жаман екен, дүние-ай!
Тастап кетті жұртына,
Екі бірдей асылды,
Асылдан шыққан нәсілді!
Екеумізді үңілтіп,
Қосаяқтай көшкенде,
Қатар-қатар қара нар
Көш болып қашан түзелер?
Қыл жалаулы қалмақтан
Дүркін-дүркін қуалап,
Келіп тұрған көп жылқы
Қашан келіп күзелер?
Байлауда қалған ақсұңқар
Бұрынғыдай бола алмас,
Көлден үйрек ала алмас.
Күндердің күні болғанда,
Құрағытып барып түленер.
Кетпек болсаң, алғаным,
Нағылғаным сенен қалғаным?!
Кетемін деп шыныңды айт,
Артыңда қалып не етемін?
Алдыңда сенің кетемін!
Арыстан кетіп мен қалсам,
Артыңда қалған бейбағың
Құрсаулы шелек қолға алып,
Қай шәһардан тіленер?!
Сүйіп мінген Тарланың
Басын көкке қаратып,
Бауырынан жаратып,
Тұяқтан ұшқан тозаңын
Жауырынан жауған қардай боратып!
Арқадан соққан борандай
Жер түбіне желген ер!
Атасы нәкес кәуірдің
Мәстегін айдап келген ер!
Бекіре ойнар ақ теңіз
Өңгеге терең болса да,
Сіз өтейін дегенде,
Белгілі өткел болған ер!
Ит мінезің ұстаса,
Қайсардың қара тасына
Қарауыл салмай қонған ер!
Шыныңменен тілесең,
Қайда кетті тілегің,
Тәңірің тілек берген ер!
Баданаңды баса бөктіріп,
Жаттан жолдас ертіп,
Еділ, Жайық екі су
Ерінбей жорытып, дүние-ай,
Басы-аяғын көрген ер!
Ерлігіңде шама жоқ,
Ағаштан белің мертігіп,
Қызметші қара құлдарша
Қорлықпенен өлген ер!
Қай батырдан кем едің,
Өлерде болдың қара жер!

Бұ Тарғын ойлайды екен: «Мені жұрт ағаштан құлап өлді демес, Шағанның бойындағы көп қалмақты асырамын деп жаудан өлді дер»,—деп. Қатыным бұлай деген соң, басқа жұрт та мені ағаштан жығылып өлді,—дер. Ойлап тұрсам, менің мұным бек ұят екен»,—деп, бек қатты қорланды. Бұрын дәрігерлерге белін қаратқан уақытта, белін бастырмайтұғын еді. Қаһары келген соң, «бүйтіп жатқанша, біржолата өлейін» деп, белін қолыменен басып қалғанда, бел омыртқасы сырт етіп, орнына түсіп кетті.

Алты құлаш белбеумен
Алып белін орады.
Алладан медет сұрады,
«Бабадан жәрдем болғай» деп,
Таяна барып тұрады.
Тұрмасына арланды,
Төңірегін қарманды,
Ақжүніске сөйледі:
—Берер болғай, Тәңірім, тілекті,
Қуантар болғай жүректі.
Алып кел, Жүніс, Тарланды!
Алып келді Ақжүніс
Шұбала басып Тарланды.
Арқада тұрған Тарлан да
Хайуан бұ да зарланды.
Алып келді, ер салды,
Оңалмаған енді не қалды?!

Атын ерттеп болған соң, Тарлан атқа екеуі мінгесті. Ақжүніске барша қару-жарағын асындырды, алдына мінгізіп, өзі артына отырып, Ақжүністен ұстатып:—Кеше жұртына тастап кететұғын ноғайдың еліне қарай жүр,—деді. Ал енді жүрді.

Бір уақыт болғанда,
Бұл Тарланы пысқырды.
Пысқырғанменен қоймады,
Және жерді тебінді,
Хайуан бүйтіп не білді?

Сонда Тарғын Ақжүніске айтты:—Әй, Ақжүніс, бұ Тарлан қашаннан бергі менің жолдасым, хайуан да болса мұның сыры маған белгілі,—деді. Сонда Тарғын Ақжүніске айтты:—Бұл Тарлан артынан бір нәрсе келе жатса пысқыратұғын еді, егерде алқынып терге бұлғанып шабылатұғын болса, жер тебетұғын еді, һәм бұл екі әдетін бірдей қылды, жан-жағыңа қарашы, бір кісі келе жатпасын, менің бұрылып қарауға әлім келмейді,—деді,— менің ауру науқас әлім бар, біз бүйтіп келе жатқанда бір-бір жау болып беймаза етіп жүрмесін,—деді. Ақжүніс бұлай қарады да:—Һешбір нәрсе көрінбейді, бірақ алдыңғы жағымызда бір-екі қара көрінеді,—деді. Сонда Тарғын сөйлейді:

Ер Тарғын

Барлығы: 23 жыр

Тағы оқыңыз