Ер Тарғын (7-бөлім)
Ер Тарғын · Қазан басылымы, 1913 · 2 мин оқу
Белімнен басқа жарам жоқ,
Ауызға жерге парам жоқ.
Бір қайрылып келмеді,
Не болғаным білмеді,
Ер Тарғынды көрмеді.
Атаңа нәлет, ақсүйек
Ойлай-ойлай қарасам,
Ханзада ханнан сараң жоқ!
Асыл туған Ақжүніс,
Күнді бұлт қоршайды.
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды,
Айды бұлт қоршайды.
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды!
Көгілдірін еріткен
Көлдегі қулар шулайды.
Шулағанға қарасам,
Көктен сұңқар соғылғанға ұқсайды.
Бойды байқай қарасам,
Қол-аяғым көсіліп,
Аузы-мұрным ісініп,
Алланың хақ бұйрығы
Маған таянғанға ұқсайды.
Көктен бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас не пайда?!
Көктегі жұлдыз сиресе,
Есептеп болмас не пайда?!
Көлденеңдеп тұрған тұлпарым,
Шабысыңнан маған не пайда?!
Көріп алған көрікті едің,
Таңдап алған текті едің,
Маған теңіңнен сенің не пайда?!
Алладан әмір болған соң,
Жас мезгілі толған соң,
Көрмеймісің жатқанын
Арыстаныңның бір сайда?!
Қолаң шашты, қой көзді,
Алшаңдаған аруым,
Ажарыңды салма көзіме!
Раушан нұрың көргенде,
Өлейін деп жатсам да,
Қай-қайдағым құрсайды!
Мінбей-түспей қарыдың,
Арқанда тұрып арыдың.
Айналайын, Тарланым,
Бектер мінген бедеудей
Безектей басқан аяғын.
Сен тұрғанда бармадым,
Сен құлында емдің, тайда емдің,
Құнан жаста арда емдің.
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан
Жібектен өріп сүйреттім!
Бес жасыңа келгенде,
«Белдің қызығын көрсін» деп,
Бес бедеуге салдырдым.
Алты жаста ақтаттым,
Аттай мұрның танаттым.
Алшақтатып ойнаттым,
Арпа-бидай асаттым!
Жеті жасқа келгенде,
Жер төпелді желгенде,
Дұшпанның көзі қорықты
Көлденеңнен көргенде!
Қандай қатын қинайды
Таудан асқан, тұлпарым,
Иең Тарғын өлгенде?
От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар отаудай.
Жаурыныңа қарасам,
Сыпыра шапқан тақтадай.
Құйрығыңа болайын,
Қынаптан шыққан қанжардай!
Жалыңа сенің болайын,
Күлтеленген жібектей!
Шықшытыңа болайын,
Оралып жатқан түбектей!
Құлағыңа болайын,
Көлге біткен құрақтай!
Қабағыңа болайын,
Қара албасты қабақтай!
Бауыздау жеріңе болайын,
Піскен алма сағақтай!
Екі көзіңе болайын,
Қорқыттан жанған шырақтай!
Танауыңа болайын,
Тығынын алған шелектей!
Бауыздау жеріңе болайын,
Сарттың мақтадан соққан келептей!
Омырауыңа болайын,
Еділден шыққан аңғардай!
Телміріп қиқу келгенде,
Шұбар туды шұлғанып,
Қара терге бұлғанып,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Мінер ме еді заңғарды?!
Сауырыңа болайын,
Зәнтекті қара көмірдей!
Сүбелік жеріңе болайын,
Тастан соққан қорғандай!
Жанбасыңа болайын,
Ұста соққан сандалдай!
Тұрпатыңа болайын,
Тұлпардан туған жорғадай!
Қартайғанша мінбедім,
Өлгеніңше дәурен сүрмедім!
Ойлап келіп қарасам,
Жігіттегі мен бейбақ
Болғаным тағы сор маңдай!
Енді Тарғын Ақжүніспенен, атыменен амандасып болды, сонда Ақжүніс ойлайды: «Мен Қырымда болсам, асыл ханның қызы едім, бұл ел-жұртынан, атасынан, анасынан айрылып, мені осындай алыс жерге жолдас қылып алып келіп еді»,—деп, бұл ғой өзі өлейін деп жатса да меніменен, атыменен толғауменен амандасты. Енді мен де, толғап, мұныменен амандасайын! Егер де дүниеден көше қалса, бұ батырдың маған көңілі қош болсын!—деді. Сонда Ақжүніс толғайды: