Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Қосай (1-бөлім)

Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу

Бұрынғы ноғайлының заманында Ер Бөкше, Нар Бөкше, Әділ Бөкше, Асқар Бөкше деген жеті ағайынды ерлер болған екен. Алтауы қалмақтың Тақтаболат-Тасболат деген жауынан өлген екен. Ең кішісі Ер Бөкше жалғыз қалған екен, жасы алпысқа келгенде қатыны жүкті болып, бала табады. Ат шаптырып, той қылып, баласының атын Қосай қояды. Бір күні Ер Бөкше ноғайлыны жинап алып, бір-екі ауыз сөз айтады:

—Қимылдаған тіл мен жақ,
Жетеуім тірі жүргенде
Қаптап еді кәрі әруақ.
Баладан кемдік көргенде
Жаңа туды шамшырақ.
Алты ағамның соңынан
Қанды сапар соғысқа
Аттанайын деп едім,
Мұның соңын ойлап бақ,—

дейді.

Сонда ноғайлар айтты:—А, батыр, бұл «қанды жол» деген бір жаман жол еді, мына қартайғанда көрген жалғыз бала ержетсін, сабыр ет,—дейді.

Ноғайлылардың сөзіменен Ер Бөкше алты жыл сабыр етеді. Қосай алты жасқа келеді. Сонсын Ер Бөкше ноғайлылардан бес мың қол алып, ол қолды жолға салып жібереді, өзі артынан жетемін деп, Тобылғы меңді торы атты ерттеп жатыр еді, әкесінің жауға кететінін біліп, алты жасар Қосай әкесінің сыртынан жылап жүріп сөйлегені:

—Әркімдер мінеді бір атты,
Ат деген ерге қанат-ты.
«Ер шырағы сөнбес» деп,
Тілер болар зүрриятты.
Атадан жақсы ұл туса,
Қылар болар ер бапты.
Жасы алпысқа келгенде
Әкем қайда лақты?
Лаққаның ұят-ты,
Өзіме бер тор атты,
Мен қылайын қайратты.
Көбіңе қос та қоя бер
Тілеп алған шырақты.
Әкесі сонда сөйледі:
—Олай деме, сұм ұлым,
Бұлай деме, сұм ұлым.
Сенсіз болмас тынымым,
Мен қалмаққа аттансам,
Артымда сенсің тынымым.
Бала деген жас ұл-ды,
Өзің өліп, мен қалсам,
Тасқа ұрармын басымды.
Өзім өлсем, артымда
Сен берерсің асымды.
Өзің өліп, мен қалсам,
Көре алмаспын елімді.
Хақ жеткізсін кеміңді,
Шешкін бұған беліңді.
Алты жасар жалғызым,
Артымда қалып барасың,
Жеткізсін Алла кеміңді,—

деп жүре берді.

Қосай да қалмай жүгіре берді, артында келе жатқан баласын көріп, қайтып қатынына ақырып сөйлейді:

—А, қатыным, қатыным,
Жалғыз ұлдың жоғында
Құп-қу еді жатуым,
Жалғызыңа жете алмай,
Қырқылды ма тақымың?

Байының айтқан бұл сөзі
Бәйбішені қысады.
Ербеңдеген балаға
Бәйбіше де ұшады.
Бір төбеден асырмай,
Аяғын екі бастырмай,
Баланы бара ұстады.
«Жүр» деп еді, жүрмеді,
Кемпірге теңдік бермеді.
Алпамсадай кемпірді
Арқалап ала жөнелді,
Тұмақ құрлы көрмеді.

Сонда кемпірін арқалап келе жатқан Қосайды көріп Ер Бөкше өзінің зайыбына былай дейді:

Жебелі найза қолында,
Бес мың қолдың соңында,
Омырауын аршындап,
Мінген атын қамшылап,
Торы аттан аққан қара тер
Жаңбырдай жерге тамшылап,
Жекенді көл, жерлі көл
Мұнан да өтіп жөнелді.
Қапсағайдың Қаратау—
Шегірлі көл, талды көл
Мұнан да өтіп жөнелді.
Қапсағайдың Қаратау
Мұнан да өтіп жөнелді.
Енділенің көлінен
Мұнан да өтіп жөнелді.
Мәдинаның шөлінен
Мұнан да өтіп жөнелді.
Ат арыды дегенде,
Ер мойыды дегенде,
Алты ағаның молаға
Кешке келді қонаға.

Сол жерде Ер Бөкше моланың басына түнейді. Алтауының басына алты бие жетектеп барған екен, ағаларына дұға оқып, бір күн сол жерде түнейді.

Тағы оқыңыз