Ер Қосай (8-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
—Қосай Тақтаболат-Тасболаттың еліне аттанайын деп жатыр. Соған жүрсін,—дейді. Сонда ел толығып қалған екен, ноғайлыдан бес мың қол жиналып келді. Сонда Қодардың ойына ат түсті, «анаукүнгі тұлпардың біреуін мінбегенім қата болған екен» деп қапа болды. Сонда ойланып отырса, Ақсарыбайдың аулында бір Сазаншұбар айғыр деген бар еді, Қодар соны сұрайын деп, қамшысын қолына алып, жүгенін беліне қыстырып келе жатыр. «Берсе, алайын, бермесе, аулына дырду салайын» деп, Ақсарыбайға сөйлеп тұр:
—Ақсарыбай, қайдасың?
Түнеукүнгі көп малдың
Қодар тапты айласын.
Біз аттандық қалмаққа,
Алатұғын малыңды
Сол жақтан жүріп аласың.
Сен жүруге ерінсең,
Тілектес болып қаласың.
Сазаншұбар айғырды
Мен мінуге бересің.
Сонда Ақсарыбай сөйлейді:
—Қосай да жас, қыз да жас,
Мал алмаймын баспа-бас.
Айғырды мін де, аулақ қаш,
Тынышымды алдың, Қодар нас.
Сонда бай айғырды әкеліп берді. Қодар айғырды жетектеп аулына қайтты. Алаукеш Қосайдың кететұғынын біліп жеңгесіне келеді:—Қодарға айт, Қосай мұнда келіп кетсін, амандасып қалайық. Ол «Қанды жол» деген бір жаман жол еді. Қосай жауда өліп қалса, мен бұл жақта өліп қалсам, амандаса алмай қалармыз,—деді. Сосын жеңгесі Қодарға айтты:—Қосай мұнда келіп кетсін,—деді. Қодар айтты:— Ақымды бермесең, айтпаймын,—деді. Сонда жеңгесі қызға келіп сөйлеп тұр:
—А, бикешжан, бикешжан,
Әкелмейтін секілді
Қодар деген көрімің,
Қосай сынды жетімді.
Сонда Бикеш сөйледі:
—Ау, жеңеше, жеңеше,
Итке берсең кетейін,
Дүниеден кем болсаң,
Мақсатыма жетейін.
Осыдан қалған күніңе
Мен дұрыстық етейін.
Қосайды ептеп алдырсаң,
Жеңеше, құлдық етейін.
Сонда қатын жүреді,
Қодарға қарап ұялмай,
Қыздың сөзін қия алмай.
Қатынды ұстап алады,
Қодардың түсіп қолына,
Жолықты қатын пәлеге.
«Әкел,—деп,—Қосай баланы»,
«Әкелем,—деп,—күйеуді»,
Қодекең салды жаланы.
«Біреу келіп қалар»,—деп,
Жан-жағына қарады.
«Шапшаңырақ жүгір»,—деп,
Қатынға кетіп барады.
Қодардың түсіп қолына,
Пәлеге қатын қалады.
Қара басы дал болды,
Көремін деп Қосайды,
Бұ не деген заң болды?
Сосын қатынға Қодар айтты:—Мен анау жерге қарақшы қыламын, сол жерге Қосайды алып келемін,—деді, қатынды сүйтіп алдап кетті. Енді әскермен жатқан Қосайдың шатырына келді.
Сонда Қосай сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
Мұнда келген қай мұндар?
Қасыма келме шерменде!
Сонда Қодар сасады,
Оң етегін басады,
Шатырдан шыға қашады.
Сасқанының белгісі,
Төрт-бес қырдан асады.
Айыбын сезген Қодекең,
Шаңды-шаңға қосады.
Бұрқыраған далада
Айдаһарға ұсады.
Енді Қодар қашып барып:—Маған осы да болар,—деп, бір сор жерге аунап жатып қалды.
Бағанағы қарақшыға қатын күнде келеді. Қосайды әкелетін Қодар жоқ, Қодардың алдағанын келіп айтты. Бұл хабарды естіп, қыз орнынан тұрады.
Қыз орнынан тұрады,
Қынай белін буады.
Сымдай жеңін сұғады,
Жеңгесіне көрсетпей,
Теріс қарап жылады.
Қыздың іші күйеді,
Желке шашын түйеді.
Алып келді түйені,
Адымын салып мінеді.
Жиналып жатқан көп қолға
Қыз туралап келеді.
Түнде келіп көп қолға,
Әруақ болып сөйледі:
—А, бес мың қол, бес мың қол,
Кім өлмеген жаман жол.
Жеті атасын өлтіріп,
Жолы қатқан Ер Қосай
Ұстайын деп барғанда,
Қолы қатқан Ер Қосай.
Сапар шегіп жол жүрсе,
Қоңы қатқан Ер Қосай
Қанды шелек жетімге
Еремісің аңдамай?
Өзі өліп тұрмайды,
Сендерді құртар сор маңдай.