Ер Қосай (3-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
—А, ноғайлым, ноғайлым,
Көкірексінген, ноғайлым,
Көбеңсінген, ноғайлым,
Қайрат қылып, қан татпай,
Тақасып жаумен оқ атпай,
Келгенін жайпап, қиратпай,
Кегіңді қалай аласың?!
Кек алмасаң жауыңнан,
Қапыда өзің қаласың.
Сендер қорықсаң тұра бер,
Жалғыз өзім болсам да,
Өзім-ақ жауға барайын,
Тобына ойран салайын.
Садағыма сан кісі,
Мылтығыма мың кісі,
Қылышыма қырық кісі,
Ешкінің жүні ербегім,
Еңіреп жүріп көргенім,
Елде қалған Қосайдың
Сыбағасына мың кісі.
Итке салса, ыңқ еткен,
Нарға салса, бүлк еткен,
Шүберектей қуарған
Айдаһардың қанына
Жан қалмас деп суарған.
Атамнан қалған зұлпықар,
Бабамнан қалған зұлпықар,
Қарыс қара жерінде
Қырық мың ердің құны бар.
Жау жағадан алғанда
Ердің айтар мұңы бар.
Айқасып жаумен қалайын,
Ерлердің кегін алайын.
Сілтемесем, маған серт,
Шапқаныма шыдамай,
Балдақтан кетсең, саған серт.
Алты қырлы ақ жебе,
Шыққан жері қу төбе.
Кесіп алған жерінде
Қырық ай жатқан қуарып,
Қырық қара нар майына
Алып едім суарып.
Алты атқа алған адырна,
Он атқа алған бұхар жай,
Қуысына оқ салып,
Ата алмасам, маған серт!
Атқаныма шыдамай,
Кірістен кетсең, саған серт!
Үстімдегі ақ сауыт
Ақ кіреуке бек сауыт
Қылыштың қайқы жүзіне,
Зеңбіректің оғына,
Кейде қалың шоғына,
Кәпірдің қалың тобына
Сүңгімесем, маған серт,
Оқ дарытсаң, саған серт!
Айқайлап жауға тиеді,
Оң келгенін оң атты,
Сол келгенін сол атты.
Қылыш тисе, қан ақты,
Гуілдеген көп қалмақ
Алды-артына лақты.
Қашқан адам бұғады,
Бұлын деген екі су
Бірінен қуып шығады.
Жаудың алды тоқтады,
Бір төбеге топталды,
Мылтығын тегіс оқтады.
Жалғыз шалды көрген соң,
Самаладай қаптады.
Еңсейіп барған бабайдың
Аллаға ісі жақпады.
Сонда батыр артына қараса, бес мың қол жаудың тоқтауы-ақ мұң екен,тым-тырақай қашып барады. Мұны көрген Бөкше ызаланып, жауына дүрсе қояды:
Қолына найза салдырмай,
Біреуін жауға қалдырмай,
Түске шейін қорғады.
Күн сәскеге келгенде
Шаба алмады Торыша ат.
Дулыға-сауыт ауырлап,
Ол жағынан жау өтті,
Бұ жағынан жау өтті,
Көз алдында ноғайды
Балықтай түйреп әуре етті.
Аты жаман майрылды,
Бес мың қолдан айрылды.
Өз басымен шал кетті,
Алты ағаның молаға
Ер Бөкше зулап келеді.
Сайға атын байлады,
Бір қиялды ойлады.
Қалмақ сансыз, бұл жалғыз
Болса да жаудан таймады.
Әр атқанда садағы
Жүз кісіден құлатты—
Бұл сықылды қайратты.
Таймады жаудың табаны,
Топ-топ болып, бір мыңнан
Құлайды келіп адамы.
Қолындағы садақтың
Санаулы оғы таусылды.
Атып тұрған мылтықтың
Өлшеулі оғы таусылды.
Өзіне келіп оқ тиді,
Ер Бөкше сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Аз-ақ қалды қайратым,
Сиынғаным—болатым.
Үстіңе мініп, қармансам,
Жайың қалай, Торы атым?
Тұтасып жатқан қалмақтың
Ортасынан дәл тартты.
Топ-топ бөлді, топ бөлді,
Қалмақтың аты боқ болды.
Ол қалмақтың алдында
Пәрмені кетіп шалдың да
Өзіне оқ тиіпті.
Сыздатты-ай келіп иықты,
Шақырым жер көп болды,
Шаба алмады Торы ат та.
Таусылып оғы жорықта,
Батыр сонда күйікті.