Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Қосай (9-бөлім)

Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу

Қыздың айтқан бұл сөзін
Ат күзеткен есітті.
—Ау, ай қараңғыда кім жүрсін,
Піріміз шығар десіпті.
Топ-топ болды, топ болды,
Түн ішінде бес мың қол
Қосайды тастап жоқ болды.

Әлқисса, сонда бес мың қол кетіп қалған соң, Қодар келіп, Қосайға сөйлеп тұр:

—А, Қосайжан, Қосайжан,
Кесір қылдым ниетіңе,
Күйе жақ, Қосай, бетіме.
Мен мойнымды бұрайын,
Ноғайлардан сұрайын,
Неге кетіп қалды екен,
Бас-басынан сұрайын.
Кінә қойып кетпесе,
Бірін қоймай қырайын.

Қосай сонда тұрады,
Толғана мойнын бұрады.
«Ашуыңды бергін»,—деп,
Қодекеңнен сұрады:
—Сап Қодеке, сап-сап-сап,
Ақырына қарап бақ,
Бір Алла бізге бергей бақ.
Әркімдер мінер бір атты,
Ат деген ерге қанат-ты.
«Ермейсің» деп қараға
Ел бүлдірген ұят-ты.
Есен, жаным, сау болса,
Санатты көп сөйлеме.
Қодеке, маған алып кел,
Шапшаң барып Сары атты.

Әлқисса, сонда жұрттың бәрі қашып кеткесін, Қосайдың өзінің асық ойнайтын қырық баласы қалған екен. Енді өзінің сол қырық баласымен жүрейін деп жатыр.

Екеу еді, қырық болды,
Қырық жігіттің жүргені
Даңғырауын жол болды.
Ер Қосайдың қасына
Қырық баласы келген соң,
Қырық мың жиһан бір толды.
Тау басына қонса да,
Пірлер бұлақ қазады.
Тақыр жерге қонса да,
Аты көкке тояды.
Он екі құлаш торымен
Омырауын аршындап,
Астындағы Сары аттың
Жаңбырдай жерге тамшылап,
Оңды-солды қамшылап,
Ер Қосай заулап жөнелді
Лашын құстай қалшылдап.
Жеңсіз берен киінді,
Қабағын тастай түйінді,
Ақ сұңқардай шүйілді.
Астындағы Сары атқа
«Айт, жануар, шүу!»—деді.
Шүу дегенін білген соң,
Табаны жерге тимеді.
Әр төбенің басында
Азар басын биледі.
«Айт, жануар» деп еді,
Құбылып ойнап жөнелді.
Ақ бөкендей орғытып,
Қалмаққа заулап келеді.
Жекендінің желді көл
Мұнан да өтіп жөнелді.
Күйкелекті Күйік көл
Мұнан да өтіп жөнелді.
Қапсағайлы Қаратау
Мұнан да өтіп жөнелді.
Шегірлі көл, Балды көл
Мұнан да өтіп жөнелді.
Қайыңды көл, Талды көл
Мұнан да өтіп жөнелді.
Адырдың қара белінен,
Енделінің көлінен,
Мәдинаның шөлінен,
Мұнан да өтіп жөнелді.
Өзінің байтақ елінен,
Адыртау деген жерінен
Мұнан да өтіп жөнелді.
Астындағы сарғыш ат
Қаршығадай қайқайып,
Тұрымтайдай жайқалып,
Лашын құстай шүйіліп,
Ақ сұңқардай түйіліп,
Шабысын қойып, сарғыш ат
Ауық-ауық желеді.
Желгені де тұлпардың
Шабысындай болады.
Оны да тастап аяңдап,
Ақбөкендей орғытып,
Айқайын салып келеді.
Тақтаболат-Тасболат
Шынжырлы ердің бірі еді.
«Атамның кегін алам» деп,
Ішінен ойлап жүр еді.
Ат арыды дегенде,
Ер мойыды дегенде,
Алты ағаның молаға
Ер Қосай заулап келеді.

—А, қырық жігіт, қырық жігіт,
Басыңды көтер, қырық жігіт,
Бұлынның екі бұлағын
Өзім барлап келейін.
Өзім тұрып сендерге,
«Бара көр» деп не дейін?
Мен күлікті қуған жолбарыс,
Қайратымды шенейін.
Не салса да, Құдайым,
Талабымнан көрейін.

Енді ер Қосайдың өзі барып, бұлақты көріп қайтамын деп, кетіп бара жатыр:

Батыр заулап жөнелді,
Ат құйрығын өреді,
Бұлаққа заулап келеді.
Сол уақыттар болғанда,
Астындағы Сары аттың
Астыңғы ерні қыбырлап,
Үстіңгі ерні жыбырлап,
Ақырын-ақырын сыбырлап,
Ер Қосайға сөйледі:
—Қосай, саған не болды,
Ерімді алып аунатпай,
Жүгенімді алып қунатпай?
Пайғамбардай несіпті,
Бала оқиды мешітте.
Байдың қызы орайды
Шым жібектен есікті.

Тағы оқыңыз