Ер Қосай (10-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 3 мин оқу
Соны Қосай есітті,
Аттан түсе қалады,
Төске қолын салады,
Төстен тартқан тартпасы
Бірге бітіп қалыпты.
Шапқа қолын салады,
Шаптан тартқан шап айыл
Бірге бітіп қалыпты.
Ерге қолын салады,
Жон терісін сыпырып,
Қосай жұлып алыпты.
Сонсын Сары ат барып жерге төрт аунағанда, арқасының жүні заулап қайтадан шықты, тартпа кескен бауыры қайтадан бітіп кетті, шөптің басын иіскеп, кісінеп тұрып, Сары аттың Қосайға айтқан сөзі:
—А, ер Қосай, ер Қосай,
Атаңнан кеулім қалған жоқ,
Бабаңнан кеулім қалған жоқ,
Мұндай қайғы салған жоқ.
«Жата тұр,—деп,—жетімек»,
Сары ат заулап жөнелді.
Сол бұлақтың басында,
Адамы жоқ қасында,
Үш күн жерде жатады.
Ат жоқ, жаяу қалады,
Батырың естен танады.
Ер-тоқымын жастанып,
Қу толағай бастанып,
Айналасын пышақтап,
Ер-тоқымын құшақтап,
Қосай шықты төбеге.
Шолпан жұлдыз батқанда,
Бәленің алды қайтқанда,
Ереуіл таңдар атқанда,
Қызара келе күн шықты.
Күн астына қараса,
Будақ-будақ шаң шықты.
Шаң астына қараса,
Қудай мойнын шайқаған,
Сары ат бұлғап бұл шықты.
Онан арман қараса,
Алаулаған ту шықты.
Ту астына қараса,
Ойшұбар ат астында,
Нөкерлері қасында
Тақтаболат-Тасболат,
Қалмақтың ханы бұл шықты.
Енді Сары ат келіп, Қосайға сөйлеп тұр:
Сонда Сары ат сөйледі:
—Аманбысың, жолбарысым,
Есенбісің, жолдасым?
«Атым тастап кетті»,—деп,
Кеулің бейғам болмасын.
Даулы судың бойынан
Мен бір бөлек жау таптым,
Алдымен қашып лақтым.
Мен жөнелдім домалап,
«Баяғы кеткен Сары ат» деп
Жұрт келатыр қуалап.
Жеті атаңды өлтірген,
Жаныңа қаза келтірген
Тақтаболат-Тасболат—
О да келді жалғыз тақ,
Сен де жолық жалғыз тақ.
Менің мініп үстіме
Шапшаңырақ жетіп бақ.
Енді Қосай Сары атты мініп алып, жаудың алдынан шығайын деп жатыр.
Мініп алып Сары атқа,
Шауып шықса төбеге,
Қосайдың көзі түсіпті
Жылтылдаған жебеге.
Тақтаболат-Тасболат
Шаншайын деп келіпті
Ер Қосайды сүбеге.
Сонда қалмақ сөйлейді:
—Менің атым—Тасболат,
Тауда жайлап, таста өскен,
Ағайыннан басқа өскен,
Зұлпықарым тас кескен.
Сендер түгіл, қу жетім,
Жеті атаң маған бел шешкен.
Патша дейді затымды,
Құртар едім сен итті,
Дәнеме жоқ артыңда,
Өзіңнің басың сауғаға
Таста, Қосай, Сары атты.
Сонда Қосай сөйледі:
—Астымдағы Сарғыш ат,
Бір жаратқан Құдайға
Кеудеде жаным аманат.
Сен қашпасаң, мен қашпан,
Сонша жерден мен іздеп,
Саған келдім, Тасболат!
Меніменен қас болма,
Ат алам деп мас болма!
Жеті атамды өлтірген,
Жанына қаза келтірген,
Астыңа мінген шұбардың
Жүректен салсам найзамен,
Тарқар менің құмарым.
Сен қашпасаң, мен қашпан,
Сонша жерден сені іздеп,
Келген менің құмарым.
Асқар тауға, Тасболат,
Меңзей берме өзіңді!
Әр немеге ұрынбай,
Дұрыстап айт сөзіңді.
Алыстан келген бұл жетім
Ояр екі көзіңді.
Осыны айтып ер Қосай,
Тартып-тартып жіберді
Сарғыш атты бауырға.
Ұмтыла түсіп шаншыпты,
Түсірем деп қалмақты.
О да найза салады,
Бұ да найза салады.
Екеуінің найзасы
Қармақ болып қалады.
Найза қанға майысты,
Қылыш қанға қайысты.
Ат тізесін бүгісті,
Бүге, бүге тұрысты.
О да салды шеңгелді,
Бұ да салды шеңгелді,
Екеуінің қайраты
Бір-біріне тең келді.
О да бұған ұмтылды,
Бұ да оған ұмтылды,
Екеуі киген ақ сауыт
Байрақтай дыр-дыр жыртылды.
Найзаларын сермеді,
Екеуінің назары
Ештемені көрмеді.
Үстіне киген ақ сауыт
Ілгегі сыймай кернеді.
«Мына жетім қалай?»—деп,
Найза салды жүректен,
Күші кетті білектен.
Ырғай-ырғай ендірді,
Қалмақты аттан төндірді.
Шұбар аттың үстінен
Сауырсына міндірді.
Салған жерден переді,
Менменсінген төреңді
Сегіз жасар Ер Қосай
Балықтай түйреп түсірді.
Аттан түсе қалады,
Кеудеге мініп алады,
Қорқыратып шалады.
Әділ жанын күйретіп,
Ұйқыға көзін үйретіп,
Қамшысын атқа сүйретіп,
Қара бөрік қалқиған,
«Мен—батыр» деп далиған,
Қодар шауып келеді.
Қодар сонда сөйледі:
—Айналайын, Қосайжан,
Бабаңа тисін шалғаның,
Атаңа тисін шалғаның.
Әттең, көзім көрмеді-ау,
Қарағым, көзім көргенде,
Болмайтын еді арманым.
Жолығыпсың бір тауға,
Салаңдаған сары айғыр
Жеткізер мені қай жауға?
Патшадан алған шұбарды
Берсеңші маған сауғаға.
Сауғаға батыр береді,
Патшаның мінген тұлпарын
Астына мініп алады.
Патшаның буған алмасын
Беліне шалып алады.
Қалмаржан қара бөрігін
Шекесіне салады.
«Патшадан менің нем кем?»—деп,
Жан-жағына қарады.
Сонда Қосай сөйлейді:
—А, Қодеке, Қодеке,
Атың болды лайық,
Киімің болды лайық,
Қылышың болды лайық,
Тұтасып жатқан қалмаққа
Кезек-кезек барайық,
Басына қайғы салайық.
Қарсы келген батырын
Қақ маңдайдан жарайық.
Атамыздың кегі үшін
Жанды құрбан қылайық.
Қалмақтың бұзып қаласын,
Сұлу қызын алайық!