Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Қосай (11-бөлім)

Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 3 мин оқу

Сонда Қодар сөйледі:
—Мен мойнымды бұрайын,
Қаршығадай тұрайын,
Жан-жағыма қарайын.
Бәрі маған қарап тұр,
Қорықпай неғып барайын?
Бетін әрмен бір қарат,
Қамшымен ұрып қырайын.
Сонда Қосай сөйледі:
—Әркім де атын мақтай ма,
Ажалдың оғы тап келсе,
Үйде жатсам алмай ма?
«Аллалаған» дауысым
Құдайыма жақпай ма?
Мұхамбет атты ер жалғыз,
Ажалдың оғын қақпай ма?
Тұтап жатқан қалмаққа
Баруға кеулің шаппай ма?

Осыны айтып Ер Қосай,
Жүгіріп атқа барады.
Атқа мініп Ер Қосай,
Айқай-сүрен салады.
Айқайлаған дауысы
Айшылық жерді алады.
Күркіреген дауысы
Күншілік жолды алады.

—Шыбын жан мен Сарғыш ат
Бір Құдайға аманат.
Астымдағы Сарғыш ат,
Шаба алмасаң, саған серт!
Шабысыңа шыдамай,
Отыра алмасам, маған серт!
Қолымдағы зұлпықар
Қарыс қара жерінде
Қырық мың ердің құны бар.
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен алғанда,
Ерлердің айтар мұңы бар.
Итке салса, ыңқ еткен,
Нарға салса, бүлк еткен,
Шекесі бос сылқ еткен.
Шүберектей қуарған,
Айдаһардың қанына
«Жан қалмас» деп суарған—
Атамнан қалған зұлпықар,
Бабамнан қалған зұлпықар,
Шаба алмасам, маған серт!
Шапқаныма шыдамай,
Балдақтан кетсең, саған серт!
Алты қырлы ақ жебе,
Шыққан жері қу төбе,
Кесіп алған жерінде
Қырық жыл жатқан қуарып,
Қырық қара нар майына
Алып едім суарып,
Шанша алмасам, маған серт!
Шанышқаныма шыдамай,
Ұңғыдан кетсең, саған серт!
Алты атқа алған адырна,
Он атқа алған бұқаржа,
Ата алмасам, маған серт!
Ашуыма шыдамай,
Кірістен кетсең, саған серт!
Үстімдегі ақ сауыт,
Ақ кіреуке, бек сауыт,
Сені соққан ер Дәуіт!
Қылыштың қайқы жүзіне,
Зеңбіректің оғына,
Қайда қалың шоғына,
Кәпірдің қалың тобына
Сүңгімесем, маған серт!
Оқ дарытсаң, саған серт!
Осыны айтып ер Қосай,
Айқай-сүрен салады.
Бір өзінің дауысы
Мың кісідей болады.
Мың сан қарға жабылып,
Өлімтікке қонады.
Өлген қолды санаса,
Тоқсан мыңдай болады.
Ту ішіне топ тастап,
Туын бұзып құлатты.
Тастан соққан қаланы
Быт-шыт қылып қиратты.
Ер сықылды қайратты,
Әр атқанда садағы
Мың кісіден құлатты.
Ай бетінен кіреді,
Айқай-сүрен салады.
Күн бетінен кіреді,
Күндей сүрен салады.
Қойға тиді бір бөрі,
Бөріктіріп қырады.
Қолындағы баланың
Қырық кез болды қылышы.
Оңай болды бұл ісі,
Ұрмай-соқпай баланың
Бітетін болды жұмысы.
Қолындағы зұлпықар
Сексен екі бас кесті.
Айра балқып келгенде,
Қазандай қара тас кесті.
Не жайсаңы кәпірдің
Қылышы тимей, бел шешті.
Кәпірдің аққан қанынан
Астындағы Сарғыш ат
Үзеңгіден қан кешті.

Әлқисса, сонда қалмақтың патшасына келіп, бір адам сөйлеп тұр:

Осы сөзді айтқан соң,
Тақтаболат патшаның
Бір уыс болды заманы,
Ұлықтың ауды табаны.
Жалмаң көк атты сабалап,
Бір қурайды жағалап,
Терең жарды паналап,
Патшаң қашып жөнелді.
Батырдың көзі көреді,
Астындағы тұлпармен
Артынан қуып келеді.
Келе сөйлей береді,
Бұрынғы ердің жолымен
Үлкен деп сәлем береді.
Патшаны ұстап алады,
Мойнына шылбыр салады.
Көкпар қылған лақтай
Тақымынан сүйретіп,
Төрең кетіп барады.
Ол патшаңды өлтірді,
Мәнісіне келтірді.
Ағаштан қылған арбасын,
Арбаға жеккен жорғасын,
Ақша салған дорбасын,
Бұзау, баспақ, танасын.
Қалдырмай айдап жөнелді
Қатын менен баласын.
Қосай менен ер Қодар
Быт-шыт қылып құлатты
Қалмақтың салған қаласын.
Дулыға өркеш нар алды,
Бір-бір сұлу жар алды,
Елу жеті қала алды,
Біріне-бірін байлатып,
Өзіне-өзін айдатып,
Елге қайта қонады.

Тағы оқыңыз