Ер Қосай (15-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Қодарды Қараман байлап алып кетіп бара жатқанда, Қодардың Қараманға айтқаны:
—Қараман өзім көрген баз баяғым,
Тарықпан байладың деп қол-аяғым.
Болғанда ертең сәске қызығын көр,
Тас төбеңе ойнар тал-таяғым.
Өзімнің Қаратауда бұлағым-ай,
Бере көр Құдай медет қарағыма-ай.
Дауысым бара ма екен құлағыңа-ай,
Таң ата қалай келмейді қонағына-ай.
Сары ат жауды көрсе шабынады,
Сабаса өкпем оттай қабынады.
Болғанда ертең сәске қызығын көр,
Іздеген жерік асың табылады.
Сонда Қодардың айтқан өлеңін естіп, Қосайдың айтқаны:
—Қодекем де аман, мен де аман,
Қодекемнің басына
Түскен екен бір заман.
Қодекем бүйтіп тұрғанда,
Таң атуға шыдаман!
Осыны айтып Ер Қосай,
Тартып-тартып жіберді
Сары атты бауырға.
Қарасын ба ер төре
Кейін қалған ауылға.
Түнде тиіп қалмаққа,
Ол айқайды салады.
Байлаулы тұрған Қодардың
Құлағын жарып барады.
Қосайдың дауысын есітіп,
Қалмады сабыр қарары,
Көзінің кірді жанары.
Енді Қодар бұлқынды,
«Сындырам,—деп,—арбаны.
Қос қарының терісі
Байрақтай дыр-дыр жыртылды.
Суырып алды Ер Қодар
Арбадан бір арысты.
Жаяу тұрған әскермен
Келе Қодар салысты.
Тас төбеге салады,
Ұрғанына шыдамай,
Шырқырап қалмақ жылады.
—Қамшымды қайсың алдың?—деп,
Ұрған сайын ұрады.
Соғысып жүріп Ер Қосай,
Жолықты бөлек нұраға.
—Қосаймысың сен?—деді,
Нәсілсіз құлға қол ұрып,
Жазым да кеттім мен,—деді.
Қалмақтан шыққан батырдың
Ең кенжесі—мен,—деді.
Қазақтан шыққан батырдың,
Ең кенжесі—сен,—деді.
Кезегімді бер,—деді,
Қайратымды көр,—деді.
Ат басын Қосай бұрады,
«Кезегіңді ал»,—деді,
Қасқайып қарап тұрады.
Нәсілсіз туған Қараман
Қолындағы қамшымен
Тас төбеге салады.
Батыр туған Ер Қосай
Бит шаққандай көрмеді,
Ұрғанына шыдады.
Болмайтын оған болған соң,
Қорамсаққа қол салды,
Қозы жауырын оқ алды.
Шошып кетіп Ер Қосай,
Астындағы Сары аттың
Үстінде тұрып толғады:
—Атамнан қалған жануар,
Бабамнан қалған жануар,
Мына келген бәлеге
Не қылғандай ойың бар?
Сонда Сары ат сөйледі:
—Батыр туған Ер Қосай,
Үстіңде арам ғұсыл бар,
Мен білемін қорықтың,
Астыңда Сары ат алаңдар.
Екі оқтан аман сақтайын,
Үшіншіге келгенде,
Сыртыңнан баққан бабаң бар.
Осыны айтып болғанша,
Шыдамады Қараман,
Толғап тартып қалады,
Зырқырап оғы барады.
Астындағы Сарғыш ат
Оққа көзін салады.
Оқ тиер деп налыды,
Оқ жақындап келгенде
Лыпа жата қалады.
Қарағай қырқып, тал жонып,
Оқ жөніне барады.
Бұл оқтан аман қалады,
Бойын түзеп алады.
Тағы тартып қалады,
Оқ зырқырап барады.
Ат аспанға қарғыды
Оқ жайына қалады.
Шауып келіп Қараман,
Безеу тісті, кер тартар.
Тас төбеге салады,
Төбеден шыққан от жалын
Аспанды барып шарпыды.
Батырың есін танады,
Көкпар қылған лақтай
Тақымына сүйретіп
Қараман кетіп барады.
Екі көзін жұмады,
Түсемін деп Ер Қосай
Бұлқынып еді алдында,
Екі жағынан батырдың
Төрт қабырға сынады.
Артынан Қодар келеді,
Қайраты күшті Қодекең,
Санаулы ердің бірі еді.
Қодар сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Тумай кеткір, Ер Қосай,
Ақ қояндай қасқармай,
Қосай, саған не болды,
Қараманды бас салмай?
Қараман келді кезіме,
Салайын құлақ сөзіңе,
Не көрінді көзіңе?!
Әлің жетпесе, қоя бер,
Қодекеңнің өзіне!