Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Қосай (5-бөлім)

Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу

Шешесі сонда сөйлейді:
—Қаратауда бұлағым,
Байың келді дегенге,
Ербейіп еді құлағым.
Қызылың қызыл, қараң не,
Шошиын дедім, қарағым?

Сонда Қосай сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Қаратауда қос бұлақ,
Бауырында екі лақ.
Байың келді дегенге
Иландың ба, сен бейбақ?
Қолдан кеткен сұңқарың,
Есебін тауып жоқтап бақ!

«Байың өлді» деген соң,
Қыналы бармақ, жез тырнақ
Ақ бетіне салады.
Алды қанға толады,
Бүлік ойбай болады,
Қосай қашып жөнелді.
Үш күн жүріп далада,
Қосай келсе үйіне,
Жылап отыр шешесі,
Кеуілқосын айтады:
—Қыналы бармақ, жез тырнақ,
Шығардың беттен майыңды.
Ойбайласаң, отқа түс,
Келтірмес сенің байыңды.
Келтірмесең байыңды,
Бүйтіп алма жайымды.
Күнде етегің толады
Көзіңнен аққан жасыңа.
Ойбайласаң, отқа түс,
Келмейді байың қасыңа.
«Әжем, әжем» деп келсем,
Әжелігің осы ма?!
Бұл ойбайды қоймасаң,
Мен де жауға кетемін,
Отырмаймын қасыңа!

Әлқисса, сонда кемпір жылағанын қойды, Қосайға айтты:— Сенің атаң жеті қабыланның бірі еді. Көп малдардың ішінде кесірлі малдар бар еді.

Қарын жазып біреуге бере алмады, я өзіне жұмсап рахатын көре алмады. Саған билікті бердім,—деді.

Қосайдың шешесі Қодар деген құлын шақырып алып:— Ақсарыбайдың қызы Алаукешті Қосайға айттырып кел,—деп жібереді. Сондағы құда түсе барған Қодардың сөзі:

—Ай, Сарыбай, Сарыбай,
Елітпекке келгенмін.
Ер мен байдың баласын
Телітпекке келгенмін.
Ойыма алған сөзімді
Білдірмекке келгенмін.
Екі асылдың баласын
Күлдірмекке келгенмін.
Азды-көпті дәулетін
Бүлдірмекке келгенмін.
Піскен түйнек сенде бар,
Алтын кездік менде бар.
Әуестікке қолға алып,
Жардырмаққа келгенмін.
Оң қолыңды алтынға
Малдырмаққа келгенмін.
Алаукешті Қосайға
Алдырмаққа келгенмін.

Сонда Ақсарыбай кейіді:
—Қарашы құлдың ниетіне,
Байлар қызын бере ме
Бір қарасыз жетімге?
Тоғыз ұлым, таяқ ұр,
Құлдың дүре көтіне!

Тоғыз ұлы тоғыз бақан алып шығады.

Бақанды көзі көрген соң,
Құл тайрақтап қашады.
Бір төбеден өткесін,
Қамшы есіне түседі.
Талтайып тұра қалады,
Алдыменен келгенін
Тас төбеге салады,
Ол жығылып қалады.
Онан соңғы келгенін
Тас төбеге салады,
О да жығылып қалады.
Тоғыз ұлын тоғыз жерде
Ұрып жығып барады.
Тоғыз ұлдың жатқанын
Байдың көзі көреді,
Үйіне қайта қашады.
Бай құлады үйіне,
Қашып келіп сабылып.
Қуып келді Қодар құл
Қарап тұрсын нағылып.
Қодар сонда сөйлейді:
—Мен мойнымды бұрайын
Және сенен сұрайын.
«Бердім» деп, жәй тұрайын
«Бермеймін»—деп үндеші,
Сақалыңды жұлайын.

Тоғыз ұл бірдей қирап қалған соң, бай қызының ішігіне кіріп кеткен. Сонда қыз әкесінің басын көтеріп сөйлейді:

—Ителгінің баласын
Ит алады демеңіз.
Қаршығаның баласын
Қарға алады демеңіз.
Жеті атасы нар болса,
Туғаннан Құдай жар болса,
Халық аузында бар болса,
Жерде қалар демеңіз.
Көбірек айтып сынаңыз,
Құлдан таяқ жемеңіз.
Сонда Ақсарыбай тұрады,
Қодарға қарап сөйледі:
—Дүние деген ғафіл-ді,
Қиямет жолы жақын-ды.
Қызым тапты ақылды,
Жек көрмеймін батырды.
Пұшығы жоқ, кемі жоқ,
Бір мың жетім оған бер,
Бір мың түйе және бер,
Бір мың жылқы және бер.
Үш мың берсең, көп пе ерге,
Оған жайың келмесе,
Діңкілдеме, жүре бер.

Тағы оқыңыз