Ер Қосай (4-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Ат үстінде сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Қарайып кетті иегім,
Үйден шықпад сүйегім.
Омыртқамда он жара,
Отыра алмай келемін.
Қабырғамда қырық жара,
Қақыра алмай келемін.
Жара қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты,
Шаба алмады Торы аты.
Алты ағамның барында
Биік біткен төбе едім,
Қанды ауызды жебе едім.
Осыдан тірі ел көрсем,
Ақсары байдың Алаукеш
Жалғыз балам Қосайға
Айттырармын деп едім!..
Шал дүниеден өтеді,
Астындағы кер Торы аты
Амандасып кетеді.
Әлқисса, сонда Қосай әкесінен алты жасында қалып еді. Әкесі кеткелі екі жыл болған екен. Қосай сегіз жасқа келді. Қырық баламен әкесінің жолында асық ойнап жүр еді. Ер Бөкшенің бес мың қолынан жүз кісі қайтып келе жатыр екен, Қосай бала сол адамдардан әкесін сұрайын деп алдынан шықты. Жүз адам:—Мына жетім бізге бір пәле қылайын деп келе жатыр,—деп, Қосайға қайрылмады. Сонда Қосайдың қасындағы ойнап жатқан қырық балаға айтқаны:
—А, қырық бала, қырық бала,
Ойнаған жерің дап-дала.
Келе жатыр жүз адам,
Әлпеттері тым жаман.
Азығы жоқ, тоны жоқ,
Кеуілінің қошы жоқ,
Есен болса игі еді,
Былтырғы кеткен қарт бабам?!
Мойынымды бұрайын,
Мен әкемді сұрайын.
Түнеугіде түс көріп,
Жүр едім шегіп уайым.
Осы бүгін басымды
Қандай күйге салады
Бір жаратқан Құдайым?!
Жүз кісі сонда кеңесті,
Кеңескенде не десті:
«Әкең өлді деп айт»,—деп,
Бір адамды жіберді.
Келген адам сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Әкең шығар сұрауың,
Әкең де аман, біз де аман,
Сау келеді қонағың.
Тобылғы меңді Торы атты
Әкең алған әлменен,
«Жеті тоғыз» малменен
Ат болдыртып келеді,
Өкпе-бауыр жалменен.
Алты қырлы ақ жебе
Сынып еді белінен,
Бадана көзді ақ сауыт
Сөгіліп еді жеңінен,
Септете кейін келеді.
Ертең сәске болғанда,
Әкең аман келеді.
Жұрт шабуылды салғанда,
Азғантай олжа алғанда,
Біздерге тай тиген-ді.
Тана тиіп әкеңе,
Жүргізе алмай келеді.
Ертең сәске болғанда,
Әкең аман келеді.
Сонда Қосай сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Тобылғы меңді Торы атты
Әкем алған әлменен.
Жеті тоғыз малменен
Болдыратын мал ма еді?!
Әкең қалды десейші,
Қара қошқыл қанменен.
Алты қырлы ақ жебе,
Шыққан жері қу төбе
Қиып алған жерінде
Қырық ай жатқан қуарып,
Қырық қара нар майына
Алып еді суарып,
Сынатұғын мүлік пе еді,
Сайғақ болды десейші!
Жұрт шабуылды салғанда,
Азғана олжа алғанда,
Сендерге тай тигенде,
Тана тиіп әкеме,
Кейін қалар ер ме еді?!
Тана сой да әкеңе,
Ас бере бер десейші.
Келген адам сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Сенің әкең Ер Бөкше,
Қырық мың жаудан қорқа ма?!
Астындағы Керторы ат
Аяңдамай жорта ма?!
Не қылғанын білмеймін,
Қалыңда қалды ортада.
Сонда Қосай жылады,
Төбедегі қос айдар
Бірін қоймай жұлады.
Күн бесінге толғанша,
Бүркеніп басын жылады.
Күн бесінге толған соң,
Орнынан тұрып Ер Қосай,
Үйіне жүгіріп келеді,
Шешесіне сөйлейді:
—Сүйінші, әже, сүйінші!
Үйіңнің ішін жинашы.
Атқышыл қара мергенің
Ата-енеңе қайрылмай,
Басыңды қосып ергенің,
Білмейсің нардың келгенін.
Алпысқа келген әкейім—
Қыз кіріпті қойнына,
Кәрілікті алма мойныңа.
Қызыл ки де, қара сал,
Сол лайқат бойыңа!