Ер Қосай (16-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 1 мин оқу
Сонда Қосай сөйледі:
—Келме, Қодар, қасыма,
Бір кісіге бір кісі—
Мүнәсіп емес басыма!
Сонда бала жылады,
Қарайды менің жүрегім.
Жау қалмақтың қолында,
Қалар болды, Құдай-ай,
Қос уыс алтын сүйегім.
Үстіп зарлап тұрғанда,
Келмедің-ау біреуің!
Алла көмек берген соң,
Пірлер қолмен сүйеді,
Бала бойын түзейді.
«Ер кезегі—үш»,—деді,
Сонда Қосай сөйледі:
—Қараман, аттан түс,—деді.
Енді артыңды қыс,—деді.
Ат үстінен Ер Қосай
Жағасынан алады.
Шалқадан жерге салады,
Кеудеге мініп алады.
Қараманның үстінде
Тау басында отырған
Лашын құстай көрінді.
Найза салды батпады,
Қылыш салды кеспеді.
Қодар келіп қасына:
—Бұл Қараман батырдың
Кеуде жағы тас болат,
Бөксе жағы бос болат.
Сол жерінен шапсаңыз,
Сонда көңілің қош болад.
Ер Қосайдай батырың
Қолына қылыш алады,
Қасына таман барады
Қақ ортадан шабады.
Бөкседен ұшып кеудесі,
Екі бөлініп қалады.
Қодарға беріп азаттық,
Алаукештей сұлуды
Өзіне неке қияды.
Отыз екі сұлуды
Қодарға неке қияды.
Ұлы жиын той қылып,
Елі-жұртын жияды.
Батыр туған ер Қодар
Қосайға аға болады.
Мұнан былай балаға
Бақыт орнап қонады-ай.
Жиналып келген халқым-ай,
Аз айтты деп жүрмеңдер,
Осылай болды тамам-ай.