Ер Қосай (13-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
—Ассалаумағалайкүм,
Ақсарыбай байымыз!
Өзі жауыр, өзі арық
Мініп жүрген тайымыз.
Тай батпаққа жығылып,
Кетіп келді жайымыз.
Дүние деген ғафіл-ді,
Таба алмай келдім ақылды.
Арқан алып жүріңіз,
Анау жатыр жақында!
Ақсарыбай жөнелді,
Балалы қаздай байпаңдап,
Танадай көзі жайтаңдап.
Жығылып жатқан Сары атқа
Шал байпаңдап барады,
Арқан күрмеу салады,
Әуп-әуп деп қалады.
Шығатұғын Сары ат жоқ,
Балшыққа батып барады.
«Жамандатқыр, қалай?» деп,
Алды-алдына тарады.
Олар кетіп қалған соң,
Таз ауылға барады.
Алаукеш он бір жасында,
Қалмаржан тормы басында,
Дым адам жоқ қасында,
Отыр еді сандалып,
Қамқа шаншып алданып,
«Қарағым қашан келер» деп,
Және екінші қамданып.
Сонда Қосайдың келіп қызға айтқан сөзі:
—Астыма мінген шұбарым,
Мойныңда алтын тұмарың,
Қосай сенің іңкәрің
Аман-есен бір келсе,
Тарқар еді құмарың.
Шығарып берсең тайымды,
Қосайдың айтам хабарын.
Алаукеш сонда сөйлейді:
—Әуеден ұшқан қоңыр қаз,
Сенің айтқан сөзіңе
Ішпей-жемей болдым мәз.
Осыны айтып Алаукеш
Қыз бұлғаңдап жөнелді.
Қасына еріп Қосайдың
Қотыр тайға келеді.
Алаукеш сұлу келді де,
Кекілінен сипады.
Тай суырылып барады,
Қыз Қосайға жарады,
Қосай қызға жарады.
Қотыр тай да жыртиып,
Сұлу қызға қарады.
—Ол, ол болсын, ол болсын,
Аз дәулетің мол болсын,
Жеке басың қол болсын.
Тайыңды жығып батпаққа,
Қарағым, саған жол болсын?
Сонда Қосай сөйлейді:
—Атқа мініп желеміз,
Қалмақтан олжа аламыз,—деп,
Кешегі кеткен Ер Қосай
Өзі өліп тұрмады,
Біздерді құртты сор маңдай,
Сол жақтан қашып келеміз.
Кекілі құйған сары алтын,
Жамылған тоны бәрі алтын.
Иық ішік жамылып,
Беті оттай қабынып,
«Қарағым Қосай келед» деп,
Жүруші еді сағынып.
Қосай өлді деген соң,
Жыламай тұрсын не қылып?!
Өксіп-өксіп жылады,
Керегеге құлады.
Наурыздың ақша қарындай
Күлтілдеген ақ бетін
Кереге көгі жырады.
Сонда Ақсарыбай сөйледі:
—Жылама, балам, жылама,
Осы күнгі сұм бала
Жылама десе бола ма?
Қосайдан артық бай тапсам,
Қарағым, саған бола ма?
—Былшылдаған шұнақ шал,
Былшылдамай кет, жоғал,
Шулыған салмай балама!
Сонда бала сөйледі:
—Аңдамай айттым, нетейін,
Білмей айттым, нетейін.
Таңдайым кеуіп шөлдеп тұр,
Сусын берсең кетейін.
Сорлы болған кемпірге
Ертерек барып жетейін.
Сонда Ақсарыбай ақырды,
Алаукешті шақырды.
Қыз орнынан тұрады,
Сабаға піспек ұрады.
Бір шыны аяқ алады,
Әкеге құйып береді.
Бір шыны аяқ алады,
Ағаға құйып береді.
Бір кірлі аяқ алады,
Балаға құйып береді.
Қанар-қанбас болады,
Бала өкпелеп жөнелді.
—Әкеңе бердің шыны аяқ,
Шыны аяғың толы аяқ.
Ағаңа бердің шыны аяқ,
Шыны аяғың толы аяқ.
Маған бердің кірлі аяқ,
Кірлі аяғың орта аяқ.
Асықпай тұр сен, тоқал,
Ертең Қосай келгенде
Басыңа тиер тал таяқ.
Былғары садақ бұқаржай
Бұлғай тартты Ер Қосай.
Сауыры жалпақ Сарғыш ат,
Салқа жортты Ер Қосай.
Жеті атасын өлтірген
Кегін алған Ер Қосай.
Сұлу-сұлу тектіні
Тегін алды Ер Қосай.
Қатын алды бірталай,
Тоқал болдың сор маңдай.
Сорлы тоқал тұр солай,
Сонда Алаукеш сөйледі:
—Сендер—дария, мен—дарға,
Сендер—сұңқар, мен—қарға.
Қосай өлді деген соң,
Түсіп кеттім тар жолға.
Қатының он төрт, мен он бес,
Риза болдым сен нарға.