Ер Қосай (2-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
—Бұланайдың Қара тауы деген бір тау бар еді және Бұлынның бұлағы деген таудың түбінде екі бұлағы бар еді, сол бұлақты өзім барып көріп келейін,—деп, Ер Бөкше қасындағы бес мың қолына айтқаны:
—А, бес мың қол, бес мың қол,
Кім өлмеген жаман жол!
Бұлынның қара бұлағын
Өзім барлап келейін.
Өзім тұрып сендерге
Бара көр деп не дейін!
Жас алпысқа келгенде
Қайратымды шенейін.
Алты ағамның соңынан
Өлсем шаһит болайын!—
Деп Ер Бөкше жөнеді
Бұлын деген бұлаққа.
Ер Бөкше зулап келеді,
Көзін қадап жыраққа.
Ат сулығын алады,
Аты суға қанады.
Аты суға қанған соң,
«Айда!» деген бір дауыс,
«Қайда?» деген бір дауыс
Құлағын жарып барады.
Жасырынып жатқан бұлақта
Төрт қарауыл бар еді.
Шауып шығып төбеге,
Шалдың көзі түседі
Жалтылдаған жебеге.
Көкпен қасқа, көк қасқа,
Жоламан қасқа, жол қасқа,
Бұлар төртеу, шал жалғыз,
Қол сілтеді жамбасқа.
Жанындағы зұлпықар,
Сілтесе жан қалмас па?!
Суырып алды болатты,
Сілтеген жерін қанатты.
Бірін-бірі қуалап,
Айқасады тұра қап,
Ат сауырын қан жуды.
Шалды ортаға алады,
Батыр туған Ер Бөкше
Итмалтауға салады.
Шаруа көздер қонысты,
Шалға Құдай болысты.
Төртеуі де шала өлді,
Күн сәскеге келгенде
Көбеңсінген төрт нарды
Бабай түсте қашырды.
Сол қашқаннан жоқ болды,
Тізе қосып жөнелді.
Еркін найза сала алмай,
Омырауға ала алмай,
Біреуін жетіп шала алмай,
Ер Бөкше қуып келеді.
Қашып келіп төртеуі,
Көп нөпірге енеді.
Қалың жауды көрген соң,
Шал қайқаңдап жөнелді.
Бұ да келген құмар-ды,
Жалғыз шалдың соңынан
Үш жүз әскер шығарды.
Қалмақ қуып, шал қашып,
Үсті-басын шаң басып,
Ер Бөкше сасып келеді.
Батыр сонда ойланды,
Ойланды да толғанды,
Теріге сыймай долданды:
–Табандап тұрып нетейін,
Ұзаңқырап кетейін.
Жүйрік атым озған соң,
Кәрі жыным қозған соң,
Қайтадан келіп орайын.
Құдай маған бақ берсе,
Шырылдатып қырайын.
Осылай деп Ер Бөкше
Лашын құстай шүйілді,
Ақсұңқардай түйілді.
Қуаты бойға жиылды,
Келе бабай килікті.
Оң келгенін оң атты,
Сол келгенін сол атты,
Қылышы тисе қан ақты.
Ту ішіне ту тастап,
Туын бұзып құлатты.
Өзі тастап кеткен бес мың қолға түн ішінде келіп, Ер Бөкше сөйлеп тұр:
—А, бес мың қол, бес мың қол,
Кім өлмеген жаман жол!
Қартайғанда ат шаптым,
Мен бір бөлек мал таптым.
Аламан тегін алсын,—деп,
Олжа болып қалсын,—деп,
Түн ішінде лақтым.
Мен секілді бабайға
Бес мың қабылан ересің.
Ертеңгі сәске болғанда,
Көп малдарды көресің.
Сөз нәсілін оңдағың,
Маңдайды түгел барлағын.
Кешеулеп бірің қалмағын,
Қапыда қалып қалмағың,
Шайнасын, бәлем, бармағын,
Деген соң Бөкше, бес мың қол,
Түн ішінде тартты жол.
Әскерін ертіп Ер Бөкше,
Жетіп барса бұлаққа
Топ дауысы жаңғырып,
Жетіп келді құлаққа.
Арбаға дүлдүл үйретіп,
Майлы арбасын сүйретіп,
Азығына нан алып,
Сусынына бал алып,
Зеңбірекке шоқ салып,
Ер Бөкшені көрген соң,
Қалған екен кәпірлер
Бұлақты алып қамалып.
Сонда бес мың қол айтады:—Бұл қашаннан қанды шелек қатерлі жау бізді шөлдетіп қырайын деп тұр ғой,—деді. Сонда Ер Бөкше айтады: