Ер Қосай (14-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 3 мин оқу
Қосай енді Алаукешті көрген соң, енді өзінің шешесіне келейін деп жатыр:
Жұрт жатса да ол жатпай,
Аңырап отыр анасы.
Ол сорлыға таң атпай,
Жасырынып отыр баласы,
Бір Құдай болсын панасы.
Екі көзі ілінді,
Өзі әулие—аналық,
Көзіне нысан білінді.
—Жасаған Жаппар Құдая,
Жаңағы келген бозамық
Лебі ме екен деп едім.
Көзім көрген бозамық
Беті ме екен деп едім.
Түсім шайтан болмаса,
Ұлы бесін болғанда,
Ел шетіне қарағым
Келер ме екен деп едім.
Осыны айтып болғанда,
Бұлаңдаған Ер Қосай
Орнынан тұрады,
Есікке қадам ұрады.
Үйіне жетіп келеді,
Шешесін көзі көреді.
—Сәлем бердік, ана!—деп,
Иіліп сәлем береді.
Екеуі сонда жолығып,
Қозыдай шулап маңырасты,
Тілекті Құдай берген соң.
Кеткені қолға тиеді,
Ақ жүзінен сүйеді.
Қатып қалған қу емшек
Қосай келіп емгенде,
Еміреніп иеді.
Баласын алып қойнына,
Сол күні түнде жатады,
Бұйырған дәмін татады.
«Қарағым тоңып қалар» деп,
Үстіне көрпе тартады.
Енді кемпір баласын ертіп, Ақсарыбайдың аулына келе жатыр.
Балалы қаздай байпаңдап,
Баласын ертіп жөнелді,
Ақсарыбайдың аулына
Құдағайға келеді.
«Оңаша үйде жатсын» деп,
Үстіне шатыр тігеді.
Ернекке отау тіктіріп,
Мал семізін сояды.
Келген-кеткен кісіге
Қостан табаяқ қояды.
Қазысына құр тайдың
Көршілері тояды.
Қосай менен сұлуды
Бір отауға қояды.
Қара бөркі қалқиып,
«Малыңды ал» деп далтиып,
Ақсарыбайдың аулына
Қодар малмен құлады.
Айттырған екен үш мыңға,
Соны санап береді.
Қодарды тәуір көреді,
Қомсынғанмен ол құл да
Айтулы ердің бірі еді.
Ендігі сөзді Қараманнан естіңіз:
Қараманның көп қолы
Арада неше қоныпты,
Жетемін деп зорықты,
Жете алмайтын болыпты.
Қол жүруге дайын-ды,
Ақсарыбайдың көп малы—
Малдың шеті көрінді.
Қараманның қарауылы
Екі-екіден бөлінді.
Ақсарыбайдың мергенін
Қарауыл ұстап алады,
Тақым бұрау салады.
—Қосай батыр қайда?—деп,
Мергендерден сұрады.
Тақым бұрау өткен соң,
Мергендер зар-зар жылады.
—Қосай деген батыр,—деп,
Ақсарыбайдың аулында
Қызбенен бірге жатыр—деп,
Мергендер айтып салады.
Қараманның қарауылы
Түнде ауылға барады.
Қосай қыздың қойнында,
Дәнеме жоқ ойында.
Ұйықтап жатқан батырға
Түнде ойран салады.
Шатырлаған бір дауыс
Ұйықтап жатқан сұлудың
Құлағын жарып барады.
—Бұ не деген дауыс?—деп,
Жабықтан сұлу қарады.
Киімдері сымпиған,
Найзалары қылтиған,
Желкілдеген көп әскер
Үйді айнала қамады.
Бұлаңдаған Алаукеш
Қасындағы батырды
Тістеп келіп алады.
Оята алмай қор болды,
Алты ұйқылы қабыланды.
Ұйықтап жатқан батырдың
Мойнына белбеу салады,
Сүйреп кетіп барады.
Бір желуан сайдың бойына
Апарып байын салады,
Бетін шөппен жабады.
Жасырынып бір жерден
Сығалап сұлу қарады.
Қараманның көп қолы
Қодарға жетіп барады,
Кеудеге мініп алады.
Кеудеге мініп алған соң,
Ол айғайды салады.
Қодар батыр бақырды,
«Мен—Қосай!» деп ақырды.
«Қосай мұнда» деген соң,
Отауға жеткен әскерлер
Бермен қарап жапырылды.
Қодарды ұстап айдады,
«Бұлқынып жазым қылар» деп,
Оны арбаға байлады,
Сақалынан алады.
Ат үстінде Қодарды
Тас төбеге салады.
Қодар кетіп қалған соң,
Алаукеш барады бойына,
Байын көмген сайына.
Байының басын құшақтап,
Көзінің жасы моншақтап,
Тиген жері жанады.
Көзін ашып Ер Қосай,
Жан-жағына қарады.
—Қайда жатырсың, батыр?—деп,
Алаукеш сұлу сұрады.
—Төсегің қайда, жолдасым,
Үйің қайда, жолбарысым?
Әттең, Қодар болмаса,
Кетіп еді-ау өз басың.
Қодар сенің қабағың—
Ауру болып аш болсаң,
Етіңмен бір тамағың.