Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көкшенің ұлы Ер Қосай (7-бөлім)

Ер Қосай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сонан кейін ілгері озып Сарыбайға келді.

Отыр екен Сарыбай
Төбенің шығып бетіне.
Қасына оның келген соң,
Түсті аттан Ер Қосай.
Сәлем берді оған бұл,
Сонда тұрып Сарыбай
Қосайды қалды танымай.
—Қай баласың сен?—деді,
Айтшы, балам, жөніңді,
Танымадым мен,—деді.
Сонда Қосай сөйледі:
—Жөнімді ата сұрасаң,
Қосайдың елін шапқан жау
Артынан соның барғанбыз,
Айырып жесір алғанбыз.
Сол соғыстың ішінде
Ер де болса сол Қосай
Қазасының жеткені.
Ата-анасын көре алмай,
Алам деп жүрген Қарабек
Оны да кетті көре алмай,
Арманда болды Ер Қосай.
Аты-жөнім сұрасаң,
Сареке, біздің осылай.
Сарыбай сонда жылады,
Көзінің жасы төгіліп.
«Енді маған өлердей
Дүниеде жоқ күйеу» деп.
Қабырғасы сөгілді,
Көзінің аққан жастары
Тамшыдай жерге төгілді.

Сарыбайға танытпай, Ер Қосай атына мініп алып, елін қондыруға кетті. Сонан соң сол жылауымен Сарыбай үйіне келді, келіп Сарыбай қызына сөйлей бастады:

—Ортасында алты ұлдың,
Қызым, жалғыз сен едің.
Қосайдайын ерлерге
Айттырған мен едім.
Елін шапқан қалмақтың
Артынан кеткен ер еді.
Жаңа хабар мен алдым,
Өліпті Қосай ер,— деді.
Не қылам енді мен,—деді,
Ақылын тапшы сен,—деді.
Сонда Қарабек сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әй, атамыз, атамыз
Қайғырмашы сен,—деді,
Жаңағы кеткен кісіңіз,
Қосайдайын ер,—деді.
Білдірмей кетті атамыз,
Ақыл қойып барлаңыз,
Сол кеткен Қосай балаңыз.

Сонан Қосайдың елі келіп, бұрынғы орнына қонады. Елін қондырып болған соң, бұрынғы еліне жеткен соң, Қосай Қарабекке қалыңдық ойнауға Күміс тұяқ Күреңшені ерлеп жүріп кетті.

Тігулі тұрған отауға
Қосай келіп кіреді.
Түсті күйеу деген соң,
Алып тамақ жеңгелер
Күйеуіне барады.
Отырған кезде мазақтап,
Жеңгелер жауап айтады.
Күйеу бала сіз,—дейді,
Әкеліп қызды бермейміз,
Жалынбасаң, біз,—дейді.
Сонда Қосай қарады,
Керегеге барады.
Қамшыны қолға алады,
Әрқайсысын дойырмен
Қатындарын сабады.
Қатын шығып жөнеді,
«Енді күйеу құрсын» деп,
«Отауда жалғыз тұрсын» деп,
Қарабектей сұлуға
Қатындар сонда барады,
Қарабекке сөйледі:
—Әй, еркежан, еркежан,
Күйеу жаман ол,—деді,
Егер барсаң сен оған,
Таяқтан өлесің сен,—деді.

Сонда тұрып Қарабек:—Соқты ма, жоқ, сөкті ме?—деді. Онда қатындар:

—Сөккен жоқ, соқты,—деді.—Сөкпесе болар, сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді,—деп Қарабек қатындарға солай жауап берді.

Сонан кейін Қарабекті Қосайға берейін деп Сарыбай үлкен той жасады. Сол тойдан кейін Қарабек шатырынан шығып, Қосайдың қасына келді.

Қарабектей сұлуың
Лағыл, маржан тағынды-ай.
Ер Қосайдың көзіне
Көрінеді сағымдай.
Жүрісін оның байқасаң,
Белгілі қарғын ағындай.
Сарыбайдай байыңыз
Көктен шатыр көш ертіп,
Көк жорға атты пар жегіп,
Салтанатпен жүрдірді.
Сонда келіп Ер Қосай
Атқа мініп алады.
Сұлу қыздың қасына
Батыр Қосай барады,
Қызға дарып қарады.
Қарабектей сұлуың
Қосайға да жарады.

Тағы оқыңыз