Ер Қосай (6-бөлім)
Ер Қосай · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Қодар сонда сөйлейді:
—Сенің кеулің тай болса,
Тай алсаң, кеуілің жай болса,
Малыңды іздеп кетемін.
Таба алмасам малыңды,
Қызметіңді етемін.
Үш мың деген үш-ақ тай,
Үш тайдан қашар болар ма,
Мен секілді сор маңдай?
Ақсарыбай берді, біз алдық,
Төсегіңді сал қораға-ай!
Қодар енді бәйбішеге келіп сөйлеп тұр:
—Халық біледі бұл күнде,
Сыйлады барған құлыңды.
Алмайды жалғыз тайыңды,
Киіндір, кемпір, балаңды.
Сонда бәйбіше:—Өзің не айтып жүрсің? Жұрт мал алмай қыз беретін бе еді?—деді. Сонда Қодар айтады:—Менің қамшымнан қорқып береді, күйеуін аулына алып барамын,— деді. Кемпірдің айтқанын қылмады. Қодар Қосайды киіндіріп, арқалап Ақсарыбайдың аулына барады. Байдың Тасқұдық деген құдығы бар еді, соның басына барып, Қодар сөйлеп тұр:
—Арқаласам, Ер Қосай,
Аттан жүйрік желемін.
Өзім кәпір, өзім құл,
Бір-ақ тұтам айыбым.
Қарның ашып, аш болсам,
Теңіздің қойман жайынын.
Мынау ел—сенің қайының,
Осы ауылда бар қатының.
Қойып кеткен жерімнен
Қашып кетпе, батырым!
Қосайды құдықтың басына тастап, өзі анадай жерге барып жатады. Байдың екі келіні құдыққа суға келеді. Суреті аспанды шалып отырған Қосайды көреді. Балаға зейіні ауып кетіп, сөйлеп тұр:
—Біздің ноғай боқ,—жейді,
Біздің елдің ішінде
Сендей сурет жоқ,—дейді.
Ақ жеткізсін кеміңді,
Жөніңді айтып жата бер,
Таппай қалма теңіңді.
Сонда Қосай сөйлейді:
—А, замандас, замандас,
Бір сөзім бар, зейініңді аш!
Не болғанын білмеймін,
Арқалап келді Қодар нас.
«Қодар келді» дегенін
Қатындар сонда есітті,
Қосай екен десіпті.
—Қосаймысың сен?—деді,
Сендей ерді кемсінген
Бикеште ақыл кем,—деді.
Көрсетейін көзіне,
Тоба қылсын өзіне!
Екі қатын сол жерде
Үйіне қайтып барады.
Ер Қосайдың келгенін
Алаукешке айтады.
—Тасқұдықтың басында,
Отыр екен қасында.
Ер Қосай сегіз жасында,
Қалмаржан бөркі басында.
Көремісің, шырағым,
Ер Қосайдың шырайын?
Сендей мұңды бейбаққа
Қосар ма екен Құдайым?!
Қосай келді деген соң,
Жамылған тоны сары алтын,
Кекілді қойған қара алтын,
Қалмаржан тормы басында,
Екі жеңге қасында,
Қыз бұлғаңдап жөнелді.
Тасқұдықта отырған
Ер Қосайға келеді.
Екі қатын қайтады,
Түн ортасы болғанша,
Қосайдан келер жауап жоқ.
Алаукеш сонда сөйлейді:
—Қосай, саған не болды?
Етігім шешіп ал демей,
Белбеуім шешіп ал демей,
Төсегім қағып сал демей,
Не болды саған үндемей?
Сонда Қосай сөйлейді:
—А, замандас, замандас,
Бір сөзім бар, зейініңді аш!
Атамды құртқан қызылбас,
Не болғанын білмеймін,
Арқалап келді Қодар нас.
Әкем түзде кебінсіз,
Жеті адам қалды көмусіз,
Жата алмаймын мен қу бас.
Сеніменен жанассам,
Әруақ болмас хабарлас.
Әке-шешем зар қылып,
Тілеп алған Құдайдан.
Әкем түзде көмусіз,
Үмітім жоқ шырайдан.
Қаршығадай тарайын,
Он сегіз мың әлемнің
Бір жасаған Құдайға
Не бетіменен барайын?!
Түніменен жатады,
Ертеңгісін Алаукеш
Сонда үйіне қайтады.
Алаукеш қайтып кеткен соң,
Қодар келді қасына.
Келіп Қодар сөйлейді;
—Жараттың ба, шырағым,
Келінжанның келуін?
Арқалап алып шүйілсем,
Аттан жүйрік желуім.
Еңсейіп келген келіннің
Нешеу болды біреуің?
Сонда Қосай ақырды,
Қу телпегін жапырды:
—Не деп жүрсің, қу Қодар?
Мен мінгендей бір ат тап,
Бәйгені алған қара аттай.