Ақжонасұлы Ер Кеңес (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қырық таңбалы Қырымда, он екі жарым Үрімде он екі жарым хан өткен. Сол хандардың біреуі Ақжонас болған. Өзінің жасы жетпісте, әйелінің жасы елуде еді.
Өзінің баласы жоқ еді, бірақ Ақжонас оны ойға алмаған. Бір күндері қатыны кеңес құрып былай деді:
—Жас болса жетті,
Үлкендік те меңдетті.
Бір перзент бермей бұл күнде,
Құдайдың өзі шөлдетті.
Алпыс деген алыс па,
Ер өледі намысқа,
Құдайдан бала тілелік.
Сонда Ақжонасқа ой түсті, ой түсіп мұңайды. Сонан соң бәйбішесі:—Мұның қалай?—деп Жонастан сұрайды.
«Мен ертең қазы, ғұлама, билерімді жинайын, сосын мұның қалай екенін сұрайын» деп ойлады. Ақжонас ертеңгісін әкімдерді шақыртып алып сұрады:
—Қазы, мүфти, сіз,—деді,
Перзентсіз болдық біз,—деді.
Жас жетпіске толғаны
Үлкендіктің мысалы—
Жүз алпыс екі тамырдың
Бәрі бірдей солғаны.
Елуде еді алғаным,
Бір перзенттің зарпынан
Күшті болды арманым.
Сонда қазы, мүфти қамалды,
Патшасы бұлай айтқан соң,
Таба алмады амалды.
Аралхан дейтін бір зор қазы бар еді, сол қолындағы кітабын суырып алып, Ақжонасқа былай деді:
—Түйе тілесең, сұлтаным,
Ойсыл қара пірі бар,
Одан барып тілеңіз.
Қой тілесең шопан бар,
Мұнан барып тілеңіз,
Басына барып түнеңіз.
Тілесең сиыр, сұлтаным,
Зеңгі баба пірлер бар,
Соған барып тілеңіз,
Басына барып түнеңіз.
Бас тілесең, сұлтаным,
Шаһимардан оған бар,
Алланың шері Арыстан,
Арыстан деп ат қойған
Соған барып түнеңіз,
Содан перзент тілеңіз.
Мырзалықты тілесең,
Садуақас оған бар.
Оған барып түнеңіз,
Одан мырзалық тілеңіз,—
деді.
Сонда тұрып:—Арышланның қабірін табатын кім бар?— деді. Сонда Арал тұрып:—Мен кітаптан қарайын, кітапта болмаса, иншалла, біз табамыз,—деді. Ертең қарармыз, табылса келіп жауап береміз,—деді.
Ертең келді.—Кітаптан ашып көрдім,—деді.—Бұхардың арғы шетінде, Амударияның жағасында Мұхамбетәлі деген кісінің баласы мен өзінің моласы бар,—деді.—Сонда табатын болса, кім жүреді?—деді. Сонда Арал сөйледі:—Біз үш кісі жүреміз,—деп.—Үшеудің біреуі Сұлтанымның өзі,—деді.— Біреу Құраннан тәпсір ашып, қарайтын біз боламыз,—деді.— Тағы біреу атқосшы болады,—деді.
Қандай ер жігіт бар дегенде, бір Сұлтанәлі деген ер шықты. Сегіз күн сүрек қылды.—Ноғайда жақсы ат болса, тауып ал,— деді. Сегізінші күн толғанда, екі кісі келгенде Ақжонастың әйелі:—Мен де жүремін,—деді.
Сонда Арубибі сөйледі:
—Айналайын, алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Сен кеткен соң далаға,
Мендей сорлы бейшара
Іші жанып өртеніп,
Тұра ала ма қалаға?!
Шырын-шекер, бал татқан,
Тар төсекте бір жатқан,
Егер кетсең далаға,
Кім бас болар қалаға?
Айналайын, алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Осы жерде отырып,
Жақсы емес пе мұнан да
Бір аруды алғаның?
Сонда Ақжонас сөйлейді:
—Әуре болма, жарқыным,
Сексен күнде келермін
Қайта айналып мен,—деді,
Отыра бер ордаңда,
Қайғы етпе, сен!—деді.
Сол сөзді айтып Ақжонас,
Батыр туған еріңіз
Кетуге атты жөндеді.
Сол кезде үшеуі дүйсенбі күні жол шегіп шықты.