Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс (9-бөлім)

Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

—Мен қайтпас батыр нөсермін,
Мақсатыма жетермін.
Ұлтан, Құлтай екі ағаң,
Екі бірдей кәрімді,
Қалимаш жан бауырды
Тапсырып айтып кетермін.
Тұлпар мініп ту ұстап,
Тайшық ханның еліне,
Үш айшылық жеріне
Көп кешікпей жетермін.
Жауыздықты жау болса,
Көк найзаны төсермін.
Қарсыласқан дұшпанды
Алмаспен турап кесермін.
Қынға салған көк қанжар,
Кездессе дұшпан есермін.
Айдаған нәсіп бар шығар,
Ырыздыққа нетермін.
Шыдамас бауыр, қарағым,
Артынан өскен балаға.
Ұлтан саған немере,
Тапсырамын ағама.
Тумаса да тұтынған
Ұлтан бөтен кісі емес,
Тапсырам сені және де.
Тұлпар мініп ту алған,
Ұлтан да ердің өзі еді
Халыққа ісі сыналған.
Әуелде құл болса да,
Ерлікпен болған кәдірлі,
Басына бақыт құралған.
Жауға кетіп барам деп,
Баршынды іздеп табам деп,
Қыл жалаулы қалмақтан,
Теңімді тартым алам деп.
Ұлтан ерге айтармын
Атам менен анамды,
Қалимаштай қалқамды,
Өз қолыңнан алам деп.
Аттанар жауға кезімде,
Екі ағаңа айтармын
Көңілімдегі сөзімді.
Қайғыланба, қарағым,
Ұлтан менен Құлтайға
Тапсырамын өзіңді.
—Мұңымды айттым, туысқан,
Алдымда өскен ағама,
Қалай болар замана.
Ұлтан, Құлтай екі ағаң,
Қорған болса игі еді ау,
Атаң менен ағаңа,
Жақыныңнан жау тағын
Көңілі қашпаса игі еді,
Ақырында қараға.
Алдымда өскен қорғаным,
Аман барып, есен қайт,
Жаным сенен садаға.

Алпамыстай батыр-ай,
Қалимашты қия алмай,
Толықсиды жүрегі.
Алпамыстың үстінде
Бауырының тілегі.
Бауырымен қоштасып,
Маңдайынан сүйеді.
Әке менен шешеге
Жалыныштық қылады.
Әкесінен бір тұлпар
Тауып бер деп сұрады.
Сонда әкесі балаға
Білімін айтып тұрады:
—Менің мінген шұбарым,
Жас күнімнен көп мініп,
Тартқан еді құмарым.
Кәртайып қалды жануар,
Тұлпардың таңда шынарын.
Көп жылқыға барыңыз,
Ұлтан мен Құлтайға
Барып ақыл салыңыз.
Өзің де сынап тұлпардан
Таңдап мініп алыңыз.
Ырзалықпен ақ бата
Ал, қолыңды жайыңыз.
Атаң менен анаңнан,
Ықылас еттім, шырағым,
Ізгі жолға барыңыз.

Ұлтан менен Құлтайға
Алпамыс ер барады.
Жылқыдағы Ұлтанды
Інісі іздеп табады.
Немере Құлтай ағасын
Ұлтан атты ағасы
Тез шақыртып алады.
—Құлтай ағам сен,—деді,
Ұлтан, жақын кел,—деді.
Сөзімді тыңдап көр,—деді,
Сапарға шықтым мен,—деді.

Тағы оқыңыз