Жәнібек батыр туралы аңыз (13-бөлім)
Тарихи аңыздар · 1 мин оқу
Жүрегі ұстамның қашанда сөзі өктем келеді. Қазақшылап қазақты барынша ғиянаттап жатқанын естігенде, қаны қызып, қайраты тасып, қаңтардағы бурадай бұрқылдап, өзін тоқтата алмаған Жәнібек аялдауға мұрса қылмай, «Абақ! Абақ! Қазақ! Қазақ!» деп айғайлап ұран салып, жекпе -жекке барады.
Сөйтсе, Абылай хан бастаған қолдың ішіндегі батырлардың атақтылары жекпе-жекке шығып, өмірге мәңгі қош айтыпты. Қалғандардың ішінен жекпе-жекке баруға батылдық ететін ешкім болмай, Абылай ханның басына күн туып тұрған кезі екен.
Апат төнгенде Абылай ханның маңдайынан аққан тер пұшпағын жуып тұрыпты.
«Қалмақтың батырына «Қазақ!» деп қарсы жақтан біреу келіп сайысып жатыр, Жәнібек батыр ма екен?—деген хабар Абылай ханға тигенде, Абылай хан қарығып түсіп:
—Ия, Алла! Қазаққа жеңісті нәсіп қыл! Жәнібектің жанына жар бола көр!—деп астындағы атын айтып, бауыздап жіберген екен.
Жәнібек қалмақтың қанқұйлы батырын жер түбіндегі жеті әкесіне жіберіп, «Қазақ!», «Абақ!», «Жеке!» деп аспанды жаңғыртып айғай салғанда, жекеге шыққанды қойып, қалмақтың қалың қолы қалтырап-дірілдеп, артына қарай алмай, тырым-тырақай қаша жөнеліпті.
Ақ туын аспанға көтеріп, ақ алмасын жарқылдатып, қара тамақ, көк найзасын көлбей бұлғап, қалмақты қынадай қырып, қанын судай ағызып, «Ата-бабамыздың қалмаққа кеткен кегін алайық!»—деп айғай-сүрен салыпты.
Жәнібектің дауысы жеңіс дабылын қағып, бүкіл қазақ қолы қалмаққа қарай ат қойып, лап беріпті. Қол құрышы қанып, қанды кегі тарқағанша қалмақ жасағын қырып, елін бағындырып, қарусыздандырып, бұл өңірдің қалмағын қазақтың бетіне қарай алмайтындай етіп барып, тоқтапты.