Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сеңкібайдың «Ақиық сұңқар» атануы (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

—Сіздің елде сенің әкеңнен басқа Оразғұл бар ма?—деп Сеңкібайдан сөз тартады.

Сеңкібай оған өз төңірегінде әкесінен басқа Оразғұл деген есімді адамның жоқ екенін айтады.

—Олай болса осы бет алып келіп, қос көтерген аймақ—менің мекенім. Қыстай жылқыларың осы жердегі кең жайылымда жайылып жата берсін. Оған ақы да сұрамаймын. Тек көктем шыға еліңе қайтар шағыңда маған жолыға кет,—деп жаңағы кісі Сеңкібайға қатты тапсырады.

Жылқы қыстан күйлі шығып, биенің алды құлындай қайтысуға соғыпты. Ақсақалдар оны құшақ жая қарсы алып, қонақ етіп, сый-құрмет көрсетеді. Жайғаса отырып, дәм-әңгіме үстіңде ол:

—Біз осы өңірге ертеден мекендеген ел екенбіз. Әкеңнің таршылықта маған жасаған естен кетпес адамгершілік қарызы бар еді. «Тағдыр сол Оразғұлмен бір кездестірсе» деп армандаушы едім. Міне, бүгін Алла жазып сол тілегім орындалып, тұңғышы сенімен кез болдым,—деп сонау бір жоқшылық арқаға батқан кедей кездегі уақиғаны еске түсіреді.

Содан кейін әлденеге жан сезімі толқып кеткен ақсақал бойжеткен бір қызын шақырып алып:

—Ең жақын көрген досына қыз беріп, қыз алысқан еліміздің ертеден қалыптасқан ата дәстүр-салты бар. Мына баламды сенімен бірге аттандырғалы отырмын. Әкеңе апарып қос. Ел сыйлаған Ожаңның аяғында жатса да, қор бола қоймас,—деп көзіне жас іркеді.

Сеңкібай ертеңінде қасындағы досын жылқыға шаптырып, құйрық-жалы сүзілген бір үйірлі кілең қарагер жылқыларды алдырып, қыздың «қарғыбауы» ретінде ақсақалға ұсынады. Сөйтіп, төрт аяғынан тең жорға ақбоз атқа қызды мінгізіп, еліне бет түзейді.

Тарихи шежіреде айтылғандай, 1726 жылы Бөгенбай батыр он мың қолмен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының жарлы өзенінің бойына тоқтап, жасағын демалдырып, жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, әртүрлі ұрыс тәсілдерімен жаттығулар жүргізеді. Ол сол шақта Қожас батырдың ауылы жайлауда отыр дегенді естіп, «әкесінің досына сәлем берейін және бата алайын» деп арнайы іздеп барады. Оның келгеніне өте разы болып, үлкен қошаметпен қарсы алады. Қожас әулеті бай баласы Оразғұлға бірнеше арнайы үй тіктіріп, Бөгенбай батырға ерекше сый көрсетеді. Әсіресе, Ожаңның үлкен баласы Сеңкібай қонақты күтуде өте бір ілтипат, тапқырлық көрсетеді. Бөгенбай жас Сеңкібайдың ақылдылығына шексіз риза болады.

Қожас осы жолы Бөгенбай батырға шөбересі Сеңкібайдан зор үміт күтетінін айтады. Сеңкібай қарт атасының тәрбиесінде болып, жас күнінен садақ тартып, найзаласуға, жекпе-жекке шығуға машықтанады. Сөйтіп, ат құлағында ойнап өседі. Он бес жасында ауыл арасындағы, ағайын ішіндегі реніш-қуаныштарына ортақ болып, даулы мәселелерге билік айта бастайды. Сеңкібайдың әділдігі, ақыл-парасаты жас кезінен дараланып, ел көзіне түседі. Бөгенбай батыр жорыққа аттанар алдында Сеңкібайдың түр-тұлғасына, жүріс-тұрысына қызығып, оны өзімен бірге ала кетеді. Бұл кезде Бөгенбай қырық бес жаста болса, Сеңкібай он жеті жаста екен.

Қазақтың сайын даласында шапқыншылық тоқтамаған кез. 1725 жылғы Алакөл шайқасы, 1728 жылғы Шұбартеңіз жағасындағы және Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қырғын соғыстар қазақ қолының жеңісімен аяқталып отырған. Орта жүзден жиналған қалың әскерге басшы болған Бөгенбай батыр Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарды ойсырата жеңеді. Нұра даласындағы жоңғарларға қарсы бұл соғыста жиырма жасар Сеңкібай Қонтайшының немересі Әмірсана басқаруындағы он мыңдық қолмен жекпе-жек шыққан ноян Қоренге бетпе-бет келеді. Жас Сеңкібай астындағы «Көкдауыл» атанған атын ойнақтатып, оған қарсы шабады. Ноян Қорен онымен жас шамасы қатарлас болғанымен ірі денелі, қара дәу, атандай жуан, білектей ұзын айдарлы, қабағынан қар жауған сұсты еді. Ол: «Ал, қазақ батыры, арманда кетерсің, алғашқы кезекті сен ал!»—деп айғай салады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз