Жәнібек батыр туралы аңыз (6-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
дейді. Ол кезде жекпе-жекке келгенде, шайқасып қалған екі адам ақырына дейін өздері ғана күш сынасады екен, қосалқы көмек талап етпейді. Мұсылман қауымының әдеті—кезекті алдымен кәпірге береді екен. Осы салт бойынша Жәнібек бірінші кезекті Садырға береді.
«Садыр сонда ілгізді,
Ерлігін елге білгізді.
Көк дөненнің сауырына,
Жәнекеңді мінгізді»,—
дейді. Қызыл шашақты, қара тамақты найзамен Жәнекеңді шаншып итергенде ердің артқы қасынан асырып, көк дөненнің сауырына мінгізген екен. Өз кезегі келгенде қаһарланған Жәнібек:
«Ақырып сонда қалады,
Айғайлап ұран салады.
Қызыл найза қолында,
Шұрқылтайдан салады.
Садырды жерге түсіріп,
Долан жиренді алады.
Көк дөненді жетелеп,
Абылай ханға барады»,—
дейді. Бір аяғына оқ тиген Ақтанкер атпен қашқан Абылай жау қолында қалып қоя жаздайды. Ақтанкердің жүруге халі кетіп тұрған кезде, Абылай ханды көзі шалып қалған Жәнібек долан жиренге өзі мініп, көк дөненді жетелеп, Абылай ханның алдына барып, көк дөненді көлденең тартыпты.
Абылай хан мінуді ар көріп, мінгісі келмепті. Сонда Жәнібек:
Хан Абылай—сен,—деді,
Бердәулеттің баласы
Ер Жәнібек—мен,—деді.
Қазақ ханы Абылайды
Қалмақ өлтірді дегенше,
Өзім өлтіріп кетейін.
Өлмей тұрған кезіңде,
Көк дөненге мін,—деді.
Деді дағы Жәнібек,
Абылай ханға қарады.
Бөкен найзаны алады,
Тап бергенде, Абылай хан
Қорыққанынан дөненге
Қарғып мініп алады,—
дейді. Хан Абылайды көк дөненге мінгізіп:
—Қалған жауға мен бар, қашқан қолыңды тоқтат, бір жерге жиып, ес-ақылын жиғыз, кім бар, кім жоғын түгендетіп, өлгендердің сүйегін тауып, кебінін кигізіп, кетпендетіп қойдыр, ақыл-есіңнен айрылма, ханым!—депті. Қайтадан артына қайрылып қалған жауға қырғидай тиіпті. Жауды қынадай қырып, қуа соғып, Садырдың қолын Жәнібек өзіне қаратыпты.
Көк дөненге мініп, ес-ақылын жиған Абылай хан қашқан қолдарын тоқтатып, бір жерге жинап, соғыста қаза болғандарын жерлетіп, Садырдың елінен түскен олжаларды батырларға бөліп беріпті. Сол кезде көк дөненнің иесі есіне түсіп, атарман, шабармандарына:
—Қысылтаяң кезде осыны маған біреу мінгізген еді, осының иесін тауып келіңдер, осы дөненді жетелей жүріңдер,—депті. Бұны естіген пысықтардың бірталайы: «Қырғын соғыс үстінде басына қысым түскенде кім келіп көк дөненді мінгізгенін хан қайдан білсін, мүмкін, ол адам соғыста өлген шығар, «менмін» деп барайын да, ханның шапағатына ие болып, мол сыйлық алып ырғынға батайын» деп ойлап атарман, шабармандарға:
—Ой, Алла тағала абиыр берген мейірлі жандар! Қысылтаяң кезде Алладан хан үшін тілек тілеп, астымдағы атымды көлденең тартқан мен едім, ханға айтып мейір-шапағатына іліктіре көріңдер!—деп қол құсырып тағызым қылыпты. Олар хан алдына да келтіріліпті. Өтірік айтып, алдына келіп тұрған жандарды көріп, Абылай хан бас шайқапты. Ел ортасы емес, ел шетінде, жау бетінде қансырап барып ес жиып отырғанын ойлап, ашу шақырып, қаһарына мінбепті.
—Бұлар емес, бәрін де қайтарыңдар! Тағы қос қалдырмай іздеңдер! Қапылыста өңіне қарағанымда, түсі түнеріп кеткен екен, көзі от болып жанып тұр, көзі көзіме түскенде ту сыртыма өтіп кеткендей болды. Жасамыс адам емес, жас бала еді, не қылсаңдар да табыңдар!—депті. Сонда атарман, шабармандар:
—Тақсыр, қостың бәрін арылттық, тек біз бармаған уақ батыры Бармақтың қосы ғана қалды,—депті.