Жәнібек батыр туралы аңыз (11-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Сонда Жәнібек жер қайысқан Абылай ханның жасағы қалың қолға айғай салып:
—Ұлыңның ұлы, қызыңның қызына айтыңдар! «Төреге ерген ерін арқалайды»,—деген екен.
* * *
Жорыққа аттанған қалың қолдан Жәнібектің қасында қалған өзі шамалас мықты, ақылды, ойлы, шешен аталып жүрген бір ғана жігіт екен, сол екеуі шоқ қамысқа таяғанда көк дөненде Жәнекеңді алып жүрер қауқар қалмапты. Жәнібек жолдасына: «Мен осы жерде қалайын, сен көк дөненді жетелеп, шоқ қамысқа бар да аттарды оттат, бірақ мықты бол!»— деп біткен сауыт-сайманын атымен бірге жіберіп, садағын ғана алып қалыпты. Жәнібек жаяу тұрғыларға шығып, жан-жағына көз жіберіп, жер таза деп межелеп, бір тұрғыға келіп жатып ұйықтапты.
Жорыққа аттанған шын батырдың жарғақ құлағы жастыққа тимейтіндігі, күндіз күлкі, түнде ұйқы ұмыт болатындығы табиғи емес пе?! Жәнібек ұзын күндерден бергі ұйқыны жиып бір қандырып алмақшы болып жантая қалса, төтенше тәтті, қатты ұйқыға кетіпті. Сол ұйықтағаннан мол ұйықтапты. Ұйқыдан оянып жан-жағына қараса, бір үйір құланның артында бір көк тұлпар еріп бара жатыпты. Қатты ұйқыдан былшық басқан көзін жуан жұдырығының сыртымен сүртіп-сүртіп жіберіп нақтап қараса, айна қатесі жоқ өзінің көк дөнені, қалар емес құланға еріп барады. Шыдай алмай кеткен Жәнібек: «дыр-дыр!» деп айғай сала ұмтылыпты. Еңістей жүгіріп бір талай жерге барған Жәнібек алқына дем алып, аяңдапты. Адырлы бұйратты құмайтты осылтып көлденең өткен бір жаяудың ізі кез келіпті. Ізді көріп таңырқаған Жәнібек абайлап қарап, жаяудың ізіне өз табанын салып көрсе, әлгі өз табанынан ұзыны бір кез, көлденеңі жарым кез артық болып шығыпты. Осындай алып табанның ізін көргенде Жәнібектің жүрегі лүпілдеп, бұл қандай ғаламат, ертеректерде айтылатын дию деген осы болмасын деп сескеніпті. Бұны халық аңызында: «Жәнекеңнің екінші сескенуі» деп атайды.
Ақыры Жәнібек «Аллаға тәуекел!» деп жүрегін тоқтатып, аңғалдықты ақылға бұйсұндырып, жойқын ізді өкшелей қуып келе келсе, бір төбенің үстінде алдыңғы жағына күн салып қарап отырған «бір түбені» көріпті. Не болса да тәуелкелге басқан және кең өзі шыққан төбеде тұрып, «жауырын ортаның төсі, өлер жерің осы ғой» деп, құлаштасып тұрып садағын тартып қалыпты. Сонда әлгі жапанды көңірентіп, жерді тітір еткен ішті бір үн ішінде ыстығы төбеден аса, үстіңгі «төбе» етбетінен құлап түсті. Сәлден соң барып, құлаған «төбенің» қару-жарағын алып, маңдай терін сыпырып, ауыр демін алыпты. Басқа айдарын ісемедеп өрген, маңдайы кезге таяу, екі көзі тостақандай алып денелі қалмақ батыр екен. Сескенген көңілі орныққан Жәнібек көк дөнен кетіп бара жатқан бағанағы бағытқа қараса, құланменен бірге қызыл қақтан су ішкен көк дөнен шалғынға оттап кетіп бара жатыпты.
«Япырай, бұл ит құланға еріп, жаяу тастап кететін болды-ау!» деген Жәнібек, үш рет «дір-дір» деп қатты ақырыпты. Бірақ оны көк дөнен елең құрлы көрмеген соң, ызаға булыққан Жәнібек:
«Ең жаманы—жауға бара алмай қалармын, жаяуласам да керейді тауып алармын, Жәнібектің аты құланға ілесіп кетіп, өзі жаяу қалыпты дегізгенше»,—деп, көздеп тұрып садақпен тартып қалыпты. Садақтың оғы қос өкпеден өте шыққан көк дөнен ышқынып барып екпетінен түсіпті. Атарын атса да, көк дөненге іші ашып кеткен Жәнібек өшіртіп келіп, бас салып басын құшақтапты да: