Жәнібек батыр туралы аңыз (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Әй, ақымақтар-ай!—деп кейіп,—жиеннің назары қатты болушы еді,—деп атқа мініп, Жәнібекті артынан қуыпты.
Үлкен бесін ауғанда қалың теріскенді бұйратта, жол шетінде ұйықтап жатқан Жәнібекті анадайдан көзі шалыпты. Екі иығына екі қасқырдың көзі от боп жанып Жәнібекке төніп тұрғанын көріп, нағашы атасы қапелімде сасқалақтап, атын борбайға салып жіберіп ұмтылыпты. Жәнібектің қасына келсе қасқыр жоқ, Жәнібек қаперсіз ұйықтап жатыпты. Қуа келген нағашы атасы Жәнібекті оятып, балалардың ақымақтығына ыза болып:
—Сен де ақымақ болушы ма едің, жүр үйге!—дегенде, Жәнібек:
—Айлық жолдан мені ешкім шақырмады,
Нағашымда қырық серкеш хақым қалды.
Көк дөненді бермесең, асыңа сой,
Не қылсам да әкетем деп жатып алды,—
дейді. Көпті көрген айлалы ақсақал жиенін ақыры ақылына көндіріп, үйіне алып кетіпті. Кетіп қалған Жәнібекті қайта алып келгенін жаратпаған балалары:
—Жарықтық алжыған ба? «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген, керейден қаңғып келген балаға жалбарынып, оны несіне қайтадан әкеліп жүр,—деп жаратпапты. Сонда әкесі балаларына:
—Ой, шырағым, балалар,
Жиенді қабыл көріңдер.
Көк дөненді беріңдер,
Аш арыстан тек қайтпас,
Еліңді шауып кетеді,
Тақ түбіңе жетеді.
Он екі жасар жас бала,
Сөйлесе сөзге дап-дана.
Көк дөненді бермесең,
Елді бір қылар масқара.
Біреу болса өзі екен,
Көк шолақтың көзі екен.
Өне бойын кептеген,
Қызыл желді сөз екен.
Иығында шам-шырақ,
Заулап жанып тұр екен,
Көк бөрі дарып жүр екен,—
деген екен. Көк дөненді беруге көндіре алмаған нағашы атасы Жәнібекке:
—Көк дөненнің інісі көк құнан бар,
Ренжіме, қарағым, сен соны ал.
Келер жылы Абылай хан жауға аттанар,
Тілімді алсаң ер дағы сен соған бар,—депті.
* * *
Керейден Досымбектің үйіне он екі жасар жиені келіпті. Ойға көсем, тілге шешен, қайтпас қайсар жүректі бала екен, нағашысынан көк дөненді сұрапты. Бірақ иемденіп мініп жүрген Досымбектің балалары бермепті. «Көк дөненді бермедің» деп өкпелеп кетіп қалған жиенін ақ сақалды Досымбектің өзі қуып барып, жолдан әрең қайтарып алып келіп, көк дөненнің інісі көк құнанды беріпті дегенді естіген сол елдің биі Табансары Жәнібекті шақыртыпты. Би шақырды деген соң «Шақырғанға бар, шаққаннан қаш» деген деп жүргелі тұрған жолынан ерулеп Табансары бидің үйіне келіпті.
«Қабағынан қар жауған, алдынан жан көлденең өтпеген Табансары би керейден келген он екі жасар балаға не дер екен, ал он екі жастағы керейдің жас баласы Табансары биге не дер екен»,—деген жұрт ауылды анталай жүріп құлақ түріпті.
Жәнібек келіп қалды деген хабарды естіген Табансары би төрінде отырып қоразданыпты. Ауылға келіп түскен Жәнібектің атын еш адам ұстап, құрмет көрсетпепті. Жәнібек Табансарының ордасына сәлем беріп кіргенде, Сары сәлемін алмастан, көз салып қарамастан:
—Е, сен неме, кімнің баласысың?—дегенде, Жәнібек:
—Мен Бердәулеттің баласымын,—депті. Сонда би:
—Үй, сенде бір Құдайдың құлы екенсің ғой, шық үйден!— деп ақырыпты. Сонда тізесін бүкпеген Жәнібек:
—Е, қазақ салты шақырып алған
Итті де басқа теппейді.
Шақыраңдаған тұрпайылық
Саған бақыт екпейді.
Астыңа құла жорға ат мінгізсе,
Алты ай мініп арытпассың.
Жаныңа мың тал оқ салса,
Біреуін де жауға дарытпассың.
Қарны кебежедей кәлтиген сары неме,
Сен де еліңді би болып жарытпассың!—
деп шығып кетіпті. Сонда Табансары: