Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жәнібек батыр туралы аңыз (9-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—О, батыр, батырдан сауға,—депті.

—Алыңыз, хан, мыңы сіздікі болсын, бірі біздікі болсын!— депті Жәнібек.

—Жо, жоқ батыр, батырдан сауға, жол менікі,—депті Абылай хан.

Ойлана қалған Жәнібек: «Көре алмастықпен құқай көрсетіп жүрген іргелі ел анау, бастап жүрген өз алдыма қолым жоқ, жат ел, жат жерде Абылай мен Жәнібек қалмақтың қатынына таласып қызыл шеке болыпты, қырқысыпты» деген атаққа қалармыз. «Ұлығың сайтан болса да, әмәрән тұт» деген қорытындыға келіп:

—Алыңыз!—депті. Сонда қыз:

—Дат, тақсырлар! Бірнеше ауыз сөзім бар рұқсат болса, шыдаса, хан мені алар,—депті.

—Айтарыңды айт,—дегенде, қыз:

—Ой, Садырым, Садырым,
Сен өлдің, кетті қадірім.
Садырымның найзасы
Қарағай болды, морт болды,
Жалынған Құдай сарт болды.
Жәнібектің найзасы
Қайың болды, берік болды,
Жалынған Құдай серік болды.
Қашып едім бытқылға,
Қашсам дағы қоймады.
Қайрандады мықты да,
Қайран басым қор болды,
Абылай деген ит құлға,—

депті. Сонда Абылай хан Жәнібекке:

—Бұл немеңе менің қай-қайдағымды қаздырайын деп пе едің?—деп, бұйыра пышағын суырып алып, қыздың санына салып қалыпты. Абылайға ашуланған Жәнібек:

—Ендеше Садырына тие берсін!—деп қыздың басын қанжармен шауып тастапты.

Кешінде тұңғыш рет сезімін қытықтап, құмарлығын қоздырған сұлудың ашкөз ханға ашуланып, басын шауып тастағаны есіне түскенде денесі бір ысып, бір суып, жүрегі түршігіп, ойлаған сайын өкініп, дөңбекшіп жатып әбден қалжырағанда ұйқыға кетіпті де түс көріпті.

«Ел іргесі тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, майрағайдай-тайрағай заман болып, жасыл шалғын кілемнің түгіндей майсаға оранған сары жайлаудың үсті. Жәнібекке әкесі Бердәулет қалыңдық айттырып жатыпты. Күйеудің қайынға ұрын баратын уақыты болып, ел-жұрт болып ақсарбас сойып, Жәнібекті аттандырмақшы болып жатқанда ауыл сыртында Жәнібекке ақ киімді, ақ сақалды қария кезігіпті. Ол Жәнібектің қиылып тұрып, иліп берген сәлемін жақсы қабылдамай, күрең қабақ рай білдіріп:

—Әй, Жәнібек! «Батыр аңғал» деген, аңғалдықтан жастығың жамандыққа итеріп, ақыл таппай ақымақтық істедің. Оң қолыңа сол қолың арашасы болмады. Ол ару әуелде-ақ Садырға емес, саған жазылған адам еді. Абылайға ашуланып аяулыңнан айрылдың! Сен ұрын барасың, жар құшасың, ұрпақ көресің, ұл көрмейсің, ұрпағыңнан өзіңдей батыр да шықпайды. Бұл өкінішке ожарлығыңнан өзің кіріптар болдың, батырлығың өз басыңмен аяқтайды!»—дегенде, ашуға мініп, ашынған Жәнібек ақырып түрегеліпті. Ақ сақалды адам ғайып болыпты.

Ертесі түсін Бармақ батырға айтқанда, ол: «Түс—түлкінің боғы ғой»,—депті.

Жәнібектің батыр даңқы әлемге жайылып, дүниені дүр сілкіндіруі осылай басталыпты. Ожарлығы мен аңғалдығы алғаш рет Жәнібекке өкінішті осылай арқалатқан екен.

Жәнібек өмірінде сан рет жойқын жорыққа аттанып, жеңісті соғыс жүргізіпті. Жаудан беті қайтып көрмепті. Ел үшін ерлігін аямапты.

Өз тұсында арысы—қазақтың, одан қалса, керейдің жоғын жоқтап, жауына кеткен есесін мүлт кетірмей қайырып алып отырыпты. Өзі олжа алып, дүние мүлік жинамапты, байлық та іздемепті. Өз отбасында шәкене ғана мінер ат, киер-киім, ішер тамақтық дән-дәулеті болыпты. Жәнібек тұрмыста соны қанағат еткен.

* * *

Жәнібек алғашқы жорықтан келген соң соғыстағы батырлығы елін сүйіндірген ұлының атағына Бердәулеттің төбесі көкке жеткендей болыпты. Ұлына дән риза болған ата-ана шұғыл әрекеттеніп, қалың мал жүргізіп, қалыңдық айттырыпты.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз