Жәнібек батыр туралы аңыз (8-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
депті. Сонда хан алдында, шырыштай ел ортасында тарихи қазбаланған Тіленші шыдай алмай, атын борбайға тартып-тартып жіберіп, елінің ішіне еңіреп барып, етпетінен құлап түсіпті. Сонда «барма!» деп ақыл айтқан қариялар Тіленшіге:
—Е, бәлем, барма десем, бардың ба,
Қара төбет қапты ма?
Ата-анаңды таптың ба,
Жер бауырлап жаттың ба?!—
деген екен.
* * *
Cоғыста жеңіске жетіп, көңілі орныққан Абылай хан шейттерін жерлеп, тірілерінің басын құрап, олжаларын бөлісіп болғаннан кейін, ұзақ жол жүріп, дамыл алмай қиян-кескі соғыс жүргізіп, арып-шаршаған қалың қолына бір жеті дамылдап ес-ақылын жиып, соғыста қаза кеткен намаздарын өтеп, Құдайға құлшылығын істеуді бұйырыпты.
Ханның оң тізесін басқан Жәнібек Уақ Бармақ батыр бастаған өз қосына келіпті. Барлық адам ғибадат істеу үшін су бойына барып, тазалық жүргізіпті.
Жәнібек жұртпен бірге су бойына барса да, көппен бірге суға жуынудан иба сақтап, бір бұрым айланып барып жеке жуыныпты. Жуынып болып жағаға шығып, киімін киіп отырып, су бетінің дірілімен ойнап тұрған сағымды көріпті. Абайласа, судағы сағым ай мен күндей бір сұлудың бейнесі. «Бұл қай жақтан келіп түсіп тұр» деп аспан әлеміне көз қыдырта қарап, көк жиекті сүзе бақылап, жер бедеріндегі ұлы тау, алып шың, биік құз, еңселі шоқыларды бірден көз аясынан өткізіп отырғанда, таяудағы қара шоқының ұшар басына биік етіп орнатқан мұнарада тұрған перизат көзіне шалыныпты.
Бұл соғыста Жәнібек өлтірген қалмақтың атақты батыры Садырдың қалыңдығы екен.
Бұл мұнара әдеттегі уақытта Садырдың қалыңдығымен кездесіп, екеуі бірлікте бейбіт жатқан ел-жұртын, жасыл пүліске оранған көк орай шалғынды жерін тамашалап көз құмарын қандыратын ләззәтті мұнарасы екен.
«Бұл соғыста Садыр сөз жоқ қазақты қырып жатқан болу керек» деп, Садырдың жеңісін көруге салтанат қып мұнараға шыққан қалыңдық, Садыры өліп, қалмақтың қолы қайта қашып, қызыл жоса болып, ат тұяғынан ұшқан ақ түтін шаңның астында қалған жағдайдың себебінен мұнарадан түсіп, ордасына қайта алмай қалыпты. Қазақ батырларының әлеуетті қолдары жағынан тоз-тоз болған өз елінің мал-жанын, өзінің ордасын кейде мұнарадан көріп, кейде налып, кейде жанып отырыпты да: «Ерегесте ердің ері сыналады, маған бәрібір, ел хан көтерген ердің етегінен ұстасам болды»,—деп өзінің сенімді батырының мойнын қылша бұраған батырмен дидарласудың орайын күтіп мұнарада бақылап отыра беріпті де, Жәнібек батырдың оңаша суға түскен орайын пайдаланып, түр-тұлғасын көріп құмарлығы артыпты. Нәпсі бойын балқытып, жүрегін талдырып, сілекейі шұбырыпты. Ақыры жан құмарының жебеуінде сағымын суға түсіріп, Жәнібектің көзіне көрініпті.
Сағымын көріп әйел затына тұңғыш саңы ауған Жәнібек батыр өзін балдан тәтті, оттан ыстық махаббат жалынының алауында тұрғандай сезініпті. Мұнараның алдына барып, қызға мұнарадан түсуді айтыпты. Мұнара төбесінде тұрған қыз:
—Мені өзің алатын болсаң, түсемін,—депті.
Қыз Жәнібекпен осы уағданы үш рет серттесіпті. Қыз мұнарадан түсіп, Жәнібектің алдына келіп, иіліп тағзым етіпті. Жәнібек қызды Уақ Бармақ батырдың қосындағы өзінің шатырына алып келіпті.
«Жәнібек Садырдың аймен-күндей сұлу қалыңдығын олжалап алып, неке қидырғалы жатыр»,—деген хабар хан Абылайға жетіпті.
Хан қыз дегенде қызынып, іші удай ашып: «Бас олжаны маған ұсынбай, оң тіземе отырмай жатып басына ма бұл мені»,—деп буырқанып, аялдамастан, шақыртуға тақат қылмай арып-талып жетіпті де, Жәнібекке: