Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жәнібек батыр туралы аңыз (4-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Құмырсқадай құжынап жер қайысқан қалың қол, кейде бірінен-бірі жете қонып, кейде біріне-бірі аса түнеп, алма-кезек шеру тартып, айқасып қалып келе жатқанда, жорыққа қолбасшылық істеп ортада келе жатқан хан ордасының біліктілерінің бірінің көзіне он үш жасар бала мініп келе жатқан көк дөнен түсіпті:

Тас төбеде құлағы,
Ләмбіріктей қара көк дөнен.
Ауыздықпен алысып,
Қаз мойыны көк таласып өрлеген.
Биік қабақ шара көз,
Бөкен танау шелектей.
Саптаяқтай салпы ерін,
Ырыс толы көнектей.
Шоқпар кекіл, құлан жал,
Құлын сауыр, қақпан бел.
Шоқтығы биік ой желке,
Жазық бауыр, шапсаң жел.
Тұрасы биік дөңгелек,
Шашасы биік сыпырған,
Бура санды елгезек,
Аяңы желіс ұмтылған.

Ұйтқып, шалқып келе жатқан көк дөненнің жайын Абылай ханға баяндай келіп:

—Көк дөненге мініп ана сүті аузынан кеппеген бір жас бала келді. Жау шетін көргенде-ақ үрейі ұшып өлер-ау, анау. Сонда, шіркін, көк тұлпар көрінгеннің қолында кетеді ғой! Тақсыр! Нағыз батыр мінетін сізге лайық ат екен,—деп бас игенде маңдайы жерге тиіпті. Сонда Абылай хан:

—Алдыңғы шолушыдан келген хабарға қарағанда, ертең қалың бейіті бар қойнауға барып түнейміз. Сол жерге барғанда екі мықты батырды бет ағашы түскен көрге ақ жейде, дамбалмен кіргізіп қойыңдар, ақшам үйірілгеннен кейін баланы шақырып алып, бейіттен тамақ пісіретін отын әкелуге жұмсаңдар, бала барып көрдің бет ағашын алып жатқанда, тұтқиылдан екі батыр бас салып: «бет ағашымды қайда апарасың?» десін, сонда ол дүрмекке ілескен өлездің бірі болса жүрегі жарылып өледі. Онда таңертең арулап көміп, атын додаға алса болды,—депті. Әлгі құлдықтың құлы жерден алтын тапқандай айқұлақтанып, екі батырды ертемен сығайлап, барлық істі орналастырыпты.

Ертесі жайымен аттанған ханның қолбасшылық ордасы бейіттің жанына жайырақ келіп орналасыпты. Алакөлеңке, көзден ғайып болар кезде Жәнібекті орналастыру бойынша отынға жұмсапты. Отын алуға бейітке келген Жәнібек көк дөненнің шылбырын шұбата салып, бет ағашы түсіп жатқан көрге келіп, топырағы ашылып, қай заманғы шіріп кеткен бет ағашты суырып жинай бастағанда, кенет көрден шыға келген ақ киімді екі аруақ Жәнібекті бас салып:

—Ей, адамзат, біздің үйіміздің төбе ағашын қайда апарасың?—депті. Сонда Жәнібек аяқ астынан сап ете түскен екі аруаққа титтей де селт етпей:

—Өлі аруақ, сен түгіл, қол бастап, шеру тартқан тірі Абылай хан аштан өлгелі жатыр,—деп екеуін екі жаққа лақтырып жіберіпті де, асықпай ағаштарды жиыстырып, қағып-сілкіп, шылбырына мықтап буып, көк дөненге өңгеріп алып келіп, хан ордасының алдына шарқ еткізіп тастай салыпты. Аттан түсіп, шылбырын шешіп алып, атына мініп қосына қайтыпты.

Ордасына отырған хан да, күндізгі көрген сұмдығын ханға жеткізген бағанағы сұмпайы да орда есігінің алдына келіп саудыр ете түскен ағаштың дауысынан секем алыпты. Әлгі білікті:

—Бұл шербақа зираттың бағанағылар орналасқан жағынан емес, басқа жерінен әкелген болды ғой!—депті. Іштей: «әттеген-ай, бірнеше батырды зираттың қай жағынан барса да, құтыла алмайтындай етіп орналастырмаған екем» деп өкініпті.

Әлден уақыттан кейін көрге кірген екі батыр өне бойы топырақ, бет-аузы жараланып, бас-көзін шаң қауып хан алдына ентіге жетіпті.

—Ойбай, Құдай сақтасын! Ғали арыстан ғой деймін өзі! «Өлі аруақ сен тұр ғой, тірі Абылай хан аштан өлгелі жатыр» деп, бізді екі қолымен екі жаққа лақтырып жіберді, лажысыз қалдық,—депті.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз