Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жәнібек батыр туралы аңыз (7-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

—Онда сол қосқа барыңдар!—деп бұйырыпты.

Хан жарлығын атқаруда өзін барынша адал көрсетуге тырысатын атарман, шабармандар тізгін ұшымен Бармақтың қосына барып:

—Соғыс үстінде ханға көк дөненді мінгізген адам бар ма?— жар салыпты.

Салқын қандылық істеп, сабырлылық сақтаған Жәнібек айғайды естігенімен, мен едім дей қоймапты. Шатырларды жағалап бірден айғайлап келе жатқан атармандардың көзіне бір шатырдың іргесінен ұзындығы кездей сойдиып шығып жатқан жалпақ табанды сирақ көрініпті. Көк дөнен көсілген аяқты иіскеп оқыранып жіберіпті.

Алып аяқты көріп: «ойпырай, осы болмасын» деп таңданып қалған ханның әлгі атармандары:

—Ой, бұл қоста көк дөненнің иесі бар ма?—депті.

Демін алып жатқан Жәнібек:

—Бар! Менмін! Қайітпексің?—депті.

—Дөненіңді алып келдім, Абылай хан сені іздеп жатыр,— депті атармандар.

—Мен атымды Абылай ханға бергенмін, ханға айта бар, бергенім берген, алмаймын!—деп Жәнібек баяғысынша орнынан жылжымай жата беріпті. Көк дөненнің иесін тапқан шабармандар екі езулері құлағына жетіп, қуанып, ханға барып:

—Көк дөненнің иесі табылды, атымды алмаймын деп жатыр,—депті. Хан:

—Қайта барып қасыма шақырып әкел!—деп бұйырыпты.

Шабарман қайта барғанда Жәнібек:

—Абылай ханға айт, оң тізесінен орын берсе, барамын, әйітпесе, бармаймын,—депті.

Жәнібектің сәлемін көтеріп барған шабарманға хан:

—Мақұл, оң тіземді бердім!—депті.

Сонымен Жәкең Абылай ханның оң тізесіне отырыпты. Мұны көрген қолбасы мен орда маңындағылар арқылы бұл хабар қалың қол ішіне тарап, арғын, найман жағы:

—Хан оң тізесін тіректі ел арғын мен найманға бастырмай, керейдің қаңғыған бір жас баласына бастырғаны несі,—деп намыстаныпты.

Сол кезде арғында атағы жер жарған тілді, ауызды Тіленші деген биі сыбанып шығып:

—Оны мен ханның оң тізесінен ығыстырамын,—деп өңештеніпті. Көпті көрген жасы үлкен ақсақалдар жағы Тіленшіге:

—Қысылтаяң кезде Абылай ханның жанына төнген ажалға арашашы болған, қазақ қолының үстіне төнген қанды қырғында ерлік көрсетіп, Садырды өлтіріп, қалмақты қынадай қырып, қазаққа жеңіс әперген ер ғой ол, оған қақпақ көрсетуге болмас,—деседі. Бой бермей екілене түскен Тіленші Абылай ханның соғысқа қолбасшылық ету ордасының сотына атпен келіп, тебітіп:

—Ой, Абылай, оң тізеңді бастырған немең кім өзі?—деп айғайлапты. Сонда Абылай:

—Ой, менің өзі серім ғой,
Қамал бұзар ерім ғой.
Тіленші би нең кетті,
Еркелеткен өзім ғой,—

депті. Хан жауабына риза болған Тіленші:

—Көрсетші маған еріңді,
Бір мінейін беліне.
Қызыл тілім кесілмесе,
Жіберейін шұнақ керей еліне,

деп өкіректепті. Хан қайталай салмақтылықпен:

—Мұның өзі еркем ғой,
Ел бастаған серкем ғой.
Еркелесін, ерім ғой,
Қамал бұзар серім ғой.
Тіленші би нең кетті,
Еркелеткен өзім ғой,—

деген екен. Сонда өр көкірек Тіленші алкеуделік істеп айғайлап:

—Келімсек, шұнақ керей Хан ордасына кіруге болмайды, ханның оң тізесін басуына болмайды, шығып кетсін! Кім өзі?— деп елеурепті. Сонда:

Жәнекең шырт-шырт түкірді,
Шынтақтап басын көтерді.
—Менің жөнімді сұрасаң,
Он екі керей арыспын,
Азуым кере қарыспын.
Тезге салсаң, түзелмес,
Ағаштан туған шалыспын,
Жылқыдан туған мүкіспін.
Пышақ салдың, жетесіз,
Жөнімді сұрап нетесіз.
Өз әкеңді сұрасаң,
Бекболат деген құл еді.
Шешеңді сенен сұрасаң,
Сары үйсіннің қызы еді,
Солым сары күң еді.
Олжалап әкеп нағашым,
Сауғалыққа беріп еді.
Содан туған Тіленші деген сен едің,
Сен келіп сонша маған неге шірендің?—

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз