Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сеңкібайдың «Ақиық сұңқар» атануы (3-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

«Көкдауылға» қамшы басқан Сеңкібай аттың еті қызды-ау деген шақта сол қолында найзасы, оң қолында Қожас атасының жеті бүктемелі ақ семсері жарқылдап, құйғытқан беті жауға жақындай береді. Қалмақ батыры болса одан аса қауіптенбей күпірлене, менсініңкіремей, жайбарақаттау тұрады. Сеңкібай атын ағызған бетте сол қолындағы емен сапты найзасын ноян Қоренге кезене беріп, ақ семсерін жаудың мойын тұсынан сілтеп қалады. Тегеурінді күшпен сілтеген ақ семсер жау батырының мойнын қиып, басын жерге домалатып түсіреді. Жеңіске жігерленген қазақ қолы «Ақжолдап» ұрандап, жауға қарсы өрлене шайқасады. Осы жолы Бөгенбай, Малайсары, Қойкелді жауды оңтүстік-шығысқа қарай ығыстыра қуады. Сөйтіп, жас батыр Сеңкібай бұл жеңіске осылайша жол ашады.

Сеңкібай сынды жас батырын айбынды Абылай хан «ақиық сұңқарым» деген екен. Мұның мәнісі былай:

...Түн ортасы ауа Абылай қалғып кеткен екен. «Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!» деген үрейлі дауыстан ол атып тұрады. Есік алдына көлденеңдей тартқан атқа қарғып мінеді де: «Баян батыр, өз мыңдығыңмен жауға қарсы аттан, Сеңкібай, сен жасағыңмен орданы қауіпсіз жерге орналастыр. Ордаға ие болу сенің міндетің»,—деп атына қамшы басады.

Айсыз қараңғы түн. Нөсерлетіп құйған жауын, аттандаған үрейлі үн. Қапылыста тиген жау қолының қанша екенін болжап білер емес, жан-жақтың бәрі айқай-шу. Кім жау, кім өзімдікі екенін ажырату қиын. Толассыз құйған нөсерден қалың қамыс арасы аздап дегділеу болғанымен, оның айналасы мибатпақ. Аузы тұмшалаған, қом салынған түйелер тайғанақтап жүре алмайды. Сеңкібай жасағы қарсы келіп қалған он шақты жауды шаншып тастап, Абылайдың: «Орданы өзеннің батыс жағына көшір!»—деген тапсырмасына кіріседі. Бірақ ол жақ сор батпақты және ашық алаңқай болатын.

Қаптаған жаудың ұрандаған дауысы құлақ жарады. Қалың қамыс ішінен жол тауып болар емес.

Абылай түнгі ұрыс қорытындысын шығарып, Сеңкібайдың Орданы қауіпсіз жерге орналастырғанына ризалық білдіреді. Орда ішіндегі адамдар Сеңкібайдың тапқырлығына, қараңғыда жол тапқанына бүркіт үнінің саңқылдағанын өздері де естігеніне алғыс сезімдерін білдірді. Бұл тосын жағдайды білген Абылай: «Иә, Сеңкібай, онда сен айсыз түнде, нөсерлі жаңбырда қалың қамыс ішінде адаспай жүретін түнде ұшатын Алтайдың ақ сұңқары болдың ғой. Бұдан былай сені «Ақиық сұңқар» деп атайық!»—депті. Содан былай Сеңкібай Ақиық қыран, көріпкелі бар киелі батыр атанып кетеді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз