Сеңкібайдың «Ақиық сұңқар» атануы (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Сеңкібайдың жас шағында Мойнақ би атасының қолында шәкірт боп жүрген кезі екен.
Бірде алыстан Алтай жағы мен Қаракесектің екі адамы Мойнақ биге даумен келіпті. Әңгіме әліптеріне қарағанда, Алтай жағының адамының ісінде шикілік бар екенін Сеңкібай бірден аңғарып қалады. Жаңағы кісілерді билік тыңдауға кіргізер алдында ол киіз үйдің есігін ашып тұрып:
—Жақсы, ата! деп Мойнекеңді өзіне қаратып алып, оң қолын кеудесіне басып шығып кетіпті. Ол есікті жапқан соң Мойнекең сәл күлімдеп:
—Әлгі Боқ тентек не деп кетті?—деп қасыңда отырған ауыл ақсақалдарынан сұрайды.
Олар ешнәрсе сезіп, білмегендерін айтады. Сонда Мойнекең:
—Қарнына тартпағанның қары сынар,—деп кетті емес пе? Дәуде болса Алтайдан келген кісінің дауы анаған текке жабысқан жала шығар,—деп өз байламын айтқан екен.
Ол кезде жесір дауы, жер дауы үзіліп көрмеген ғой. Оның ақыры барымтаға дейін ушығып, елдің береке-бірілігіне, жұрттың тыныштығына кесірін тигізіп, сүттей ұйыған ағайынды алакөздікке дейін жеткізген. Осындай дүрбелеңі үлкен бір даушарға бітім айтуға ел Мойнақты шақырады. Жасы келіп қалған, әрі сырқаттанып жатқан би Сеңкібайды шақырып алып: «Бұл жолғы егесті шешуге сен барасың. Ал сөз реті, дауласушылардың іс-әрекеттеріне қарай мынаны айт, ананы істе!»—деп бұрынғыша тағы да тапсырмалар береді.
Сеңкібай ол кезде он бес жаста екен. Ол билік айтуға аттанарда есік алдына жете беріп, Мойнекеңе бұрылып, тымағын қолына алып, екі қолын қусырып тұрып:
—Жақсы, ата, сауға! Сізге бір сөз айтуға рұқсат па?—дейді.
Мойнекең табиғатында түсі суық, ызбарлы адам болған. Ол Сеңкібайға тесіле қарап:
—Айт тілегіңді!—депті.
Сонда Сеңкібай:
—Жақсы ата, сіз маған дау-шарды шешеріңде «олай де, бұлай істе» деп тапсырма беріп жатырсыз. Солай үйреткендеріңізді сөздің реті келсе айтайын ба, жоқ болмаса, «Жақсы атам пәлен деп еді, түген деп еді» деген оймен бопсалай берейін бе?—дейді.
Атасы оған жалт қарайды да, сұсты пішінмен:
—Боқ, шіркін, бара ғой; бара бер енді,—деп төмен қараған бетінше үнсіз қалады.
Сеңкібай «Жақсы атасына» ізет көрсетіп, тағзым етеді де, жөнеп береді...
Осыдан былай атқа Мойнақ би орнына Сеңкібай мінеді. Ол ел арасына іріткі салатын қандай да бір шиеленіскен, ушыққан істердің шешімін «Жақсы атасынан» кем таппайтын, әділ қазылығына екі жақ та риза болатын дуалы ауыз би атанады.
Одан кейін біраз жылдар өтеді. Ел-жұртына сыйлы болып, «Ожаң» атанған оның орта жастан асқан шағы екен. Бұл Абылай ханның қалың жасағымен бірге болып, жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын шайқасқа қатысқан оның үлкен баласы Сеңкібай өз жеріне жеңіспен оралып, отау көтеріп, меншік алған кез болса керек. Он үш жыл—бір мүшелде табиғат құбылысы өзгеріп тұратындай, Арқада тағы бір қатты қыс қайталанады. Енді әкесінің ақылымен сыр бойына жылқы қыстатуға Сеңкібай өзі бас болып аттанады.
Әлгі елге «Оразғұл деген байдың қалың жылқысы келе жатыр» деген хабар лезде тарайды. Бұл сөзді баяғыда қарыз серкештің құны үшін Ожаң шекпенін шешіп берген адам да естиді. Ол сол кезде дәулет құрап, балалы-шағалы болған бір ауылдың ақсақалы атанған екен. «Сеңкібайлар ауылға жақындап келіп қоныпты» деген хабарды құлағы шалған жаңағы кісі жылқышылар қосын әдейі іздеп келіп, амандық-саулық айтысқаннан кейін: