Қайың сауған жұт жылы (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Абақ керейдің ең өскен руы—жәнтекей дедік. Мұны «Үш жәнтекей» деп атайды. Сол үштің бірі—Сүйінбай (көк көз, сары кісі болғандықтан оны жұрт орыс деп атаған) бес балалы болған. Олар—Самұрат, Сәменбет, Құты, Бөкес, Төлеке. Шежірешілер осы бес баладан өскен ұрпақты «Бес орыс» деп атаған.
Сүйінбай аса дәулетті болғандықтан, қалың ел күзеуліктен көшкенде «кір шомдап» көше алмай, жортуылшылар жалғыз ауыл Сүйінбайды басып қалады. Сүйінбай ордасының ішінде жаумен жалғыз сайысады. Садақтың жебесін жалғыз ысқыртып, жау жалам шайқаста өзіне серік бола алмаған ұлдарына былай деп баға береді:
—Самұратым жоқ болды,
Сәменбетім құт болды.
Құты, Бөкес жас болды,
Төлеке, сені қайтейін!...
Сүйінбай қан жұта қарысып, жортуылшыларға ордасын бастырмай тұрғанда, қол бастап келген Самұрат сырттан тиіп, жауды айдап салып, ордасын құтқарып алады.
Сүйінбайдың екінші ұлы Сәменбет салауатты, дәулетті, әрі батыр болғандықтан үш әйел алған. Үлкен әйелі Соқсұрдан: Есенбай, Амантай; ортаншы әйелі Тасбикеден: Ақша, Бөрте, Елбай, Жаман, Қаржау, Сары; кіші әйелі Боданнан: Байымбет (Есағасы), Қазыбек туады. Осы он бір ұлдың барлығы ел болып өскен. Мұны халық «Он бір Сәменбет» деп атайды. Осы үш әйелдің ішінде ортаншы бәйбіше Тасбике білімді, ел-жұртына жағымды болып, ел билеп, аты шыққандықтан, кейінгі ұрпақтары жеке-жеке аталмай, анасының атымен «Алты Тасбике» аталып кеткен.
Үнемі мал-жанның қамын жеп жүретін Байымбет бір жылы жазда өз төңірегіндегі жақын туыс, дос-жарандарына: «Биыл жауын жаумады, жер қуаң. Күнгейдің бұта-бүргені қурап, өгізқурай солып кетті. Қарға балапанын қауырсынын аршымай ұшырды. Жұт болатын түрі бар»,—деп күн бұрын ескертсе, өзі күні-түні ұйқы көрмейді. Кеште тау басында тұрып батар күнді бақыласа, таңсәріде тағы да сол орнында тұрып, күнді шығармай үйіне қайтпайды. Көктемде алуан түсті торғайлардың бұл өңірден ерте кетуінен-ақ: «шөп балдыр тартпас, гүл шешек жармас» деп сезіктенеді, тырналардың балапанын ерте баулып, күндіз-түні тыраулаған мұңлы дауысынан да күдік алып отырады.
Ауылын күзеулікке ерте қонғызған Байымбет ерекше бір сапарға дайындалады. Қосын бір түйеге арттырып, бес-алты мықты жолдас ертіп, інісі Қазыбектің батыр ұлы Ақан мен өз баласы Кенжәліні қасына алып, «аң аулауға барамын» деп жүріп кетеді. Жаз бойы табиғат ыңғылын байқаған қарт, күз бойы да дамыл таппай, ауық-ауық жол тартып, бұл өңірдің құстары ғана емес, аңдары да ауып бара жатқанын байқайды. Әлгі сапары сол қоңыр аңдардың ауған беталысын білу сапары екен. Иенге шығып кеткен қарт жолдастарына былай дейді:
—Сендер не білдіңдер, жыртылып-айырылатын қоңыр аң қайда кеткен, жазғытұрым қырылып қалды ма?
Жолдастары әртүрлі меже айтады, бірақ қарттың көңілі бұған дауаламайды.