Шыңғыз хан шежіресі (3-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
—Ағамыз Дойынбаян өлді, жеңгеміз Алаңқа тұл қалды,— деп, олар дағы келеді, отыз үш мың нөкерлербірлән өрден өтті және Бұданатай, Белгұдай айттылар:
—Жеңгеміз Алаңқа ағамыздың күйігінен қайғыра-қайғыра көңілі жаман болып тұрар,—деп, тобышақ аттарын мініп, ау аулай шықтылар. Ертағына барып бір киік ауладылар, бір киікті тірік тұтып, алып қайттылар. Аналар қайтып келіп тұрғанда ағаштан бір қауым кісілер шықты. Барып жолығып сұрадылар:
—Һай, қайдан келерсің, о не кісілерсің?
Аналар айттылар:
—Сіздер сұрасаңыз, Қытай шаһарынан босып келеміз, сіздер кімлерсіздер һам не кісілерсіздер?
Бұлар айтты:
—Бір қалмақ төрелері Бұданатай, Белгұдаймыз,—дейділер.
Ол қауым айттылар:
—Біз үш айдан бері босып келеміз, азығымыз түгеді, ашпыз, бізге рақым етіп, бірдеме берсеңіз, я үшбу киікті берсеңіз не болар ерді,—дейділер. Бұлар айттылар:
—һай, төреңізден не үшін бостыңыз, бегірек аш екенсіз, қош, алай болса да тірі киікті бермеспіз, аның үшін бір тұл қалған жеңгеміз бар, ағамыз өлгенге қайғырып, аның үйіне алып барамыз, көңілі ашылсын,—дейдідер. Аналар айттылар:
—Әй, жарандар! Жоқ, ирсә, біздің бір ұғыл баламызды алыңыз, бізге киікті берсеңіз, біз аш өлмелік,—дейділер. Оларға қойдың бір бұтын беріп, ұғыл баласын алды. Бұданатай, Белгұдай: «жеңгемізге бұ жақсы болар» деп сүйінділер. Ол алған ұғылдың аты Ялын деген ерді. Аның атасы Маңғытай би аштықтан, дәрмен жоқтықтан ұлы Ялынды бір бұтқа берді. Сол Бұданатай, Белгұдай ұғылды алып келділер: «Жеңгемізге жылқысын бағып, қымызын тұтарға бұ жақсы лайық»,—деп Ялынды жеңгесі Алаңқаға келтіріп, тапсырдылар. Алаңқа аның асыл түбін біліп, жақсы асырады.
Андин соң Бұданатай, Белгұдай айттылар:
—Әй, жеңгеміз! Бізге рұқсат бергіл, бізлер қайтамыз, аның үшін де біз мұнда кеткен соң Таңғұттан елші келіпті дүр, жаман хабары бар ермиш, емді біз қайтамыз,—дейділер.
Анда Алаңқа айтты:
—А, әй, һай, қайын інілерім Бұданатай, Белгұдай! Бірнеше күнге сабыр қылсаңыз болар ерді, аның үшін бенің бұ үш ұғыллырым Боданжар, Қиғынжар, Салжұт халықты білмес болдылар, күш қылдылар, сөзімді тыңдамаслар, бұларға ғақыл, үгіт берсеңіз болар-ды.
Бұданатай, Белгұдай айттылар:
—Әй, жеңгеміз, біздің ақыл, өсиет, үгітіміз ол дүр, бұ інілерім сеңа, беклеріңе тағы ел ұлықларына имен олар жақсы тұталар. Емді біліңлер! Оңар жұрттың нышан белгісі ол дүр:
Жаудан елін көп етер,
Қала түбін ор етер.
Дарбазасын кең етер,
Жау елге, жат нөкерге
Сырын айтпаслар.
Ұлықтарын төрге отырғызады,
Кішілерін қызметке қосалар.
Және біліңдер, үгітіміз, оңбас жұрттың нышан белгісі ол дүр:
Өз жұртын жаманлар,
Кісі жұртын мақтар.
Өз аруағын жамандар,
Кісі аруағын мақтар.
Өз ағасын жамандар,
Кісі ағасын мақтар.
Ұлығы тұрып, кішісі сөйлер,
Атасы тұрып, ұғылы сөйлер.
Мысқылшы болар, жирен ат мінген қызыл жүзді ұғланлардан кеңес сұрайлар, ол кісі—кісі болып жұрт күтпес.
Ел болмаған, ел болса,
Ол—ел болмас.
Мал күтпеген мал күтсе,
Қу ауылыны оттар.
Құс сүймеген, құс сүйсе,
Қарғаменен қаз алдырармын дер.
Төре күтпеген, төре күтсе,
Кісі етін берермін дер.
Күн көрмеген, күн көрсе,
Етігіні кимен дер.
Мал таппаған, мал тапса,
Кісіні көзге ілмен дер.
Аңды күтпеген төре күтіп, малсыз малды болып, андағ кісілер біздің бұ інілерімізді аздырып тұралар. Һәрине, білмегендер біліңдер, үйретпегенді үйретіңдер, бұған дәлел сөзді һам бар дүр. Айтпақшыдан кеңес сұрамағыл, теміршіден кеңес сұрамағыл, қасапшыдан кеңес сұрамағыл, көрген көргенін айтар, құтырған естігенін айтар, енді Тәңір ісіне тәубе қылсын, ұлықтардан, бектерден кеңес сұрасын, бенім енді өсиетім, үгітім, айтар сөзім бұнан артық жоқ дүр,—дейді.