Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болуы (1-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу

Бірде Тоғанас ауылы Қаратау үстіндегі «Көсегенің көк жонын» көктей өтіп, жайлауға көшіп бара жатқанда бір жырада, тығылып тұрған барымташылар көшкен елге тосыннан шабуыл жасапты. Ештеңені қауіп қылмай бейқам келе жатқан көштегі адамдар барымташыларға тиісінше қарсылық қыла алмапты. Қарсылық қыла алмағаны былай тұрсын, кейбірі жас балалары мен әйелдерін, малдарын тастай қашыпты. Кейбірі барымташылардың найзасына ілініп, жер құшыпты. Елдің еркек кіндіктісі бас көтере алмаған соң шабуылдаушылар малдармен бірге жас қыздар мен әйелдерді де аттарына өңгеріп, олжа ретінде талауға түсіре бастапты. Сол кезде көшбасшы қария:

—Азғантай ғана барымташыларға қарсы тұра алмай, қасқыр көрген қояндай зыта жөнелген біздің еркектер—ер емес, шетіне ез болып кеткен екен. Бұл Бәйжігітте елге тұтқа болатын бір жігіттің қалмағаны ма?—деп еңіреп жіберген екен.

Соны естіген Тоғанас:

—Налымаңыз, ата! Қоян жүрек еркектер қашса, қаша берсін. Ал мен қашпаймын. Малдарымызды біреуге олжа, әйелдерімізді оларға күң еткенше, өлгеніміз жақсы. Жаным—елімнің садағасы. Батаңызды беріңіз. Мен түсейін ұрысқа»,—депті.

Сонда қария:

—Қашқан ересек, еркектің бетіне өмір бойы «қорқақ» деген таңба басылар, жас та болсаң, ұрысқа түсіп, үстем болсаң, бағың ашылар. Әумин!—дейді.

Содан Тоғанас найзасын қолына алып, барымташыларға тап береді. Шеттегі тұрған екі-үшеуін бірден жайпап түседі де: «Іштеріндегі батырымын дегендердің ата-баба жосығын ұстап, менімен жекпе-жекке шығыңдар!»—деп айқайлап, атын ойқастата, ары-бері шапқылай бастайды. Оңай олжаға кенеліп, мәз-мейрам болып тұрған барымташылар осы сөзді есіткенде айқай-сүрендерін сап тиып, қораланып тұра қалады. Араларында еңсегей бойлы, апайтөс, кең жауырынды бір батыры бар екен. Найзасын ойнатып, ары-бері ойқастаған Тоғанасқа ол:

—Әй, боқмұрын, әлі піспеген шикі өкпеңнің демі осы жерде бітсін демесең, анау қатын ағаларыңның артынан зыт. Әйтпесе, тамағыңды орып, басыңды домалатып тастаймын!»—деп ақырады.

Тоғанас болса:

—Жекпе-жекке шығарда қатын ғана айбат қылады. Ал еркек сөзге келмей, айқасқа түсер болар,—дейді.

Осы сөзден кейін әлгі батыр ортаға шауып шығады. Тоғанас та атына «шу» деп қамшы басып, анаған қарай шаба жөнеледі. Мұны көрген әлгі қария: « Ойпырым-ай, бұл баламыз әлі жастау еді, батамды бекер бердім бе?! Жазым боп жүрмесе игі еді»,—деп алақанымен санын шарт ұрады. Тоғанас болса, сол шапқаннан арындап барып, атын ойқастатып тұрған барымташылардың батырын найзасымен бір түйреп өтеді. Найза дәлденген жеріне тимей, ат ерінің қасына қадалады. Тоғанас ерден найзасын алмаған күйі ары шауып өткенде, найзамен бірге анау батырдың аты да айналып кетеді де, үстіндегі кісі бір жағына жантайып, құлай жаздайды. Осы кезде бәйжігіттер: «Ұр, ұр! Шоқпармен ұрсайшы!»—деп шу етіседі. Бірақ Тоғанас оны ұрмай, оның ер үстіне қайта түзеліп отырғанын күтіп, сәл тұрады. «Ай, мына бала, жауын жантайғанда ұрып құлатпай, қателік жасады-ау. Енді опық жеп қалмаса де»,—дейді манағы қария күрсініп.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз