Қазақтың түбі (ІІ нұсқа) (3-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Уыз бұларға: «Айғор!» деп ұран шақыртты. Мағынасы: «жабысқыш» деген сөз екен. Және үйірін таныған айғырдай оқыра түсті деп, сүйіп қойған ат болды. Партия десе, жаны құмар, қауқылдаған шалдар Қараханға жақтасты.
«Жастың жасқа тілеуі бар, жібектің түйіні бір» десіп, жастар Уызға қосылды. Жапан түзде айғайласып ұрысты, қарсыласып тұрысты. Баршаны жоқтан бар қылған жалғыз Құдай Уыз жаққа болысты. Қараханға оқ тиді, кім атқанын білмеді. Ол заманда оқ деген, жақ деген нәрсе зым-зия жоқ нәрсе. Қарахан өлді, оған ерген бықпырт болып бүл [ін] ді. Түге[л] уызы ауызынан шыққан жастар Уыз ханды алып келіп, таққа отырғызып, хан көтерді. Заман «Уыз хан заманы» деп жар шақыртты.
Уыз хан өзіне бағынған елдің бәрін мұсылмандыққа көндірді. Мұсылман болғанды сыйлады, болмағанды шапты, талады. Уыз ханның жүрген-тұрған тарихын жазуға аз ғана қалған өмір жарамайтұғын болды. Жүз он алты жыл патшалық қылды. Бір күн үйде жайланып отырған жоқ. Бетіне жан қарсы келмеді. Алты ұлды, жиырма төрт немерелері болды. Бәрі де ат арқасына мініп, «жау жаулауға» жарады.
Бәйбішеден үш ұл, аттары: Күн, Ай, Жұлдыз. Тоқал қатынынан үш ұл, аттары: Көк, Тау, Теңіз. Бұл алты баласын сынамаққа аң аулауға бұйрық қылды. Бәйбішеден туған: Күнді, Айды, Жұлдызды күншығыс жаққа аттандырды. Тоқалдан туған: Көкті, Тауды, Теңізді күнбатыс жаққа аттандырды.
Бұлар ұзап шығып, көп күн жүріп, күншығысқа барған: Күн, Ай, Жұлдыз жазы жапан далада бір алтын жақ тауып алып, көп аңмен атасына аман-есен келіп, үйіріне қосылды.
Күнбатысқа барған: Көк, Тау, Теңіз—бұл үшеуі үш оқ тауып алған екен, қанша көп аңмен бұлар да келіп, атасының алдына қойды. Уыз хан алтын жақты да, үш оқты да ертерек уақытта өзі көмдірген екен: «Балаларым тауып ала алар ма екен? Жоқ, ала алмай, жерде қалар ма екен?!»—деп. Балаларының тапқандығын ырым көрді. Бұған шаттанып, зор мереке, той қылды...
Тойға тігуге кигіз үй жасатқан екен: кереге мен уықтардың басын алтындатып, керегенің көктерін лағыл, жақұт (иақұт), зүмрәт, фируземен көктеткен екен. Алғаш кигіз үйдің жасалған күні—сол күн екен. Онан бұрын дүниеде ешкім жасамаған екен. Сол үй һәм сол той туралы айтылған сөз:
Бір үй тікті алтыннан шаһар- иар.
Кім ол үйден фалак үй қылды?
Тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой өлтірді,
Былғарыдан тоқсан тоғыз қос қылдырды.
Тоғызға—арақ, тоқсанға қымыз толтырды.
Барша нөкерлерін шақырып келтірді.
Алтын жақ тауып алған балалар біріне-бірі қимағандықтан, үш бөліп алған екен де, үш оқ тауып алғандар жасы үлкеніне байлаған екен: «Дүние зәру емес, біріңе-бірің қимай, үлесіп алғандықтарың алтынның жүзінің ыстықлығы, егер алтын жолда жатса, қызыққандықтан періштелігін былай қойып, алтынды алса керек. Сендердің атың «Бұзық» болсын және сендерден өрбіп-өнген жұрағатты «Бұзық» деп атасын. Әрқайсың әр жұртқа бас болып, жан сақтамасаңдар, үш үйің бір жерде тату-тәтті отыра алмайсыңдар. Ылғи қошқар болып туасыңдар. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма?»—депті. «Міне, үш оқ тауып алып, біріңе-бірің қиып, байладыңдар!» Сендерді және сендерден өрбіген жұрағатты «Үш оқ» аталсын!» деген екен. «Жақ оқты қалай тартып жіберсе, оқ солай кетеді. Жақ тауып алғанның тұқымы хан сайлансын да, оқ тауып алғанның тұқымы оған нөкер болсын!»—деп, өзі тірісінде Күн ханды хан сайлаған екен. ««Бұзықтың» іске жарарын хан сайлаңдар да, «Үш оқ» тұқымы оған нөкерлікке бас ұрыңдар!»—деп бата берген екен.
«Үш оқ» тұқымынан біздің қазақ нәсілі өрбіп-өнеді. Оның шындығына көктен түскен төрт кітаптан дәлел іздейміз бе? Қазақтың «Таубай, Теңізбай, Көлбай, Адырбай, Бұдырбай деген аттарының өзі-ақ растайды. Және қазақ Уыз нәсілі екендігіне кигіз үйі айтпай танытып, сұрамай білдіріп тұр. «Уыз үйлі елден табылмағаны ма?» деседі. Бұл Уыз ханның заманын білем десең, Кеймәріс өліп, һошыңның таққа орнықпаған заманы еді деседі.
Уыз ханның бір нөкері Қарақытайдың ханы Итбарақ хан соғысында өліп, буаз қалған қатыны іші қуыс шірік ағаштың ішінде босанып, ұл тауып, Уыз хан ол баланың атын «Қыпшақ» қойып, өскен соң өзін батырбасы қылып, көп қосынмен орыс, ұлақ, башқұр, мажар жағына жіберіп, бұл көп жұртты бағындырып, үш жүз жыл патшалық дәурен сүріп, сонан Еділ, Жайық, Ертіс, Сырдария аралығындағы дала «Дешті Қыпшақ» атанды. «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе?» делінген сөз осы қыпшақ заманында айтылған сөз екен.