Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақтың түбі (ІІ нұсқа) (2-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу

Бәйбіше көрген түсін, мұсылмандығын (пұсырмандығын) жанға айтпады, жасырды. Ол шақта Мұғол жұрты сондай бұзылған еді. Атасының мұсылман екенін білсе, баласы өлтірер еді. Баласының мұсылман болғандығын білсе, әкесі өлтірер еді. Және Мұғыл жұртының заңында бала бір жасқа толмай ат қоймайтұғын еді. Бір жасқа әбден толғанда, топ ортасына қойып, көпке сынатып, сөйтіп ат қойғызады екен. Бала бір жасқа толған соң, Қарахан елге сауын айттырып, зор той қылып, баланы мерекеге алдырып:

—Кәне, бұған лайықты ат тауып қойыңдар!—дегенде, бала жұрттан бұрын өзі сөйлеп:

—Менің атым—Уыз,—дейді.

Жиылған жұрт айран-асыр қалып:

—Бұл бала өз атын өзі қойды. Мұнан жақсы ат бола ма, мұның аты «Уыз» болсын! Бір жасар баланың сөйлегенін ырым көріп: «Бұл өрісі ұзаған, жаны жайылған, өрісі кеңіген, ұзын өмірлі, толық дәулетті патша болады екен!»—десті.

Сонда Уыздың тілі шыққанда: «Алла! Алла!» деп қақсап айтып жүретұғын болыпты.

Жұрт «Алла!» деген сөздің не екенін де білмейді «Тілі шықпаған бала аузына не түссе, соны айтады ғой!» десіп, аңыз қылысыпты.

Уызды Құдай тағала жаратылыста шын уыз қылып жаратқан екен. Ер жетіп, жігіт болған соң әкесі өзінің кенже інісі Көрханның қызын алып берді. Уыз оңашада қызға айтты:

—Айдай әлемді, сені мен мені жаратқан Біреу бар, соның аты—Алла, сен соны: «Бір біл!—дейді.

Қыз:

—Не оң жақта, не бұл жақта мұндай сөз естігенім жоқ, айтпаймын!—дейді. Уыз оның қойнына жатпайтын болды.

Ханның құлағына тиді: «Балаңыз келіншегін сүймейді» деген сөз.

—Олай болса, қыз табылар,—деп, Көзхан деген інісінің қызын айттырып, алып берді.

Уыз оған да айтып еді, о да:

—Елде-жұртта жоқ сөзді айтар жайым жоқ!—деп, тілін алмады.

Оны да жаратпай, қойнына жатпайтын болып кетті. Уыз өзі аң аулауға шығып, қайтып келе жатса, көл басында көп қатын-қыздар кір жуып, суға шомылысып жатыр екен. Уыз оңаша шеткері түсіп, бір қызды шақырып алып сөйлесті:

—Әкем маған екі қатын алып берді, екеуі де менің тілімді алмады. Сонан соң мен екеуін де жақтырмай, қойындарына жатпайтын болдым. Сен менің айтқаныма көнсең, айдауыма жүрсең, сені жолдастыққа ұнатып алар едім!—деген соң:

—Жарайды, сен не бол десең, мен сол болайын, қазылған жолыңда, шашылған топырағыңдамын!—дейді.

Сонан соң Уыз әкесіне сөз салды:

—Маған өзім сүйген қызды алып берсін!—деп.

Сонан соң әкесі ол қызды алып берді. Уыз мұны жанындай жақсы көріп сүйді. Арада бірнеше күнлер өтті. Уыз көп жігіт-желеңмен ұзақ жерге аң аулай кетті.

Қарахан келін-кепшік, қатын-қалаш, құл-құтандарының басын қосып, қонақ қылды. «Ішкен—мас, жеген—тоқ», мәре-сәре болып отырғанда, бәйбішесінен сұрады:

—Біздің Уызжан бастапқы екі келінді не пейілінен жақсы көрмеді, соңғы келінді қалайша артық көрді екен?—деп.

Бәйбішесі:

—Мен қайдан білейін, келіндер өз қылығын өздері білетін шығар,—дейді.

Хан келіндерінен сұрады, дөкей келіні:

—Балаңыз: «Мұсылман бол!» дейді.—Бір жақта Біреу бар, соны: «Бір деп біл!—дейді. Біз тілін алмадық, соңғы келініңіз «ашса аясында, жұмса жұмырында болды», сондықтан оны жақсы көрді де, бізді жек көрді,—дейді.

Қарахан бұл сөзді естіген соң, бастастарын шақырып:

—Мұндайды естіп, білгендерің бар ма?—деп сұрады.

—Жоқ, жоқ, мынау бір кісі есітпеген сұмдық екен!—деп, үрпиісіп, шошып қалды.

—Сірә, мұның көзін жоғалтпасақ, мәнісі болмас, жұртты бұзар!—десіп, сөзді осыған байлап:

—Мұны түзде жүргенде, қарашығын батырайық, жоқ қылайық!—деп, жұртына жар салдырды: «Аңға шығамын. Мен деген үйде отырып қалмасын!»—деп.

Бәйбіше мұны сезген соң Уызға кісі шаптырды: «Әкесі өлтіруге барады, басының қамын қылсын, қашсын!»—деп.

Уыз мұны естіген соң, о да елге кісі шаптырды: «Мені деген маған келсін, әкемді керек қылған әкеме барсын!»—деп.

Қараханның інілері бала-шағалы, өскен-өнген еді. Тамам немерелер көтеріле Уызға қосылды. Оларды Қараханнан бөлек жайылады деп, ешкімнің ойына келмеген еді.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз